Білімдінің күні жарық…
Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған облыстық «Ой шебері» зияткерлік ойыны өз мәресіне жетіп, білімді де дарынды оқушылардың басын қосты. Аталған байқауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы мен Үшбас негізгі мектебінің оқушылары ерекше көзге түсіп, өз білімдері мен тапқырлықтарын дәлелдеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді білім бөлімінің басшысы Ж. Қалықбергенұлы арнайы қабылдап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Кездесу барысында мұндай зияткерлік ойындардың оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттырудағы маңызы зор екені атап өтілді.
Салтанатты қабылдау барысында озат оқушылар мен олардың жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталып, оқушыларға кітаптар табысталды. Бұл — жас зияткерлерге көрсетілген ерекше құрмет әрі олардың алдағы жетістіктеріне берілген үлкен сенім.
Сонымен қатар, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мерекесі қарсаңында білім саласында еңбек етіп жүрген ер азаматтардың еңбегі де елеусіз қалмады. Атап айтқанда, педагогтер мен кіші қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, бөлім басшысы Ж.Қалықбергенұлы оларды Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мұндай игі шаралар білім саласының дамуына серпін беріп қана қоймай, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттыруға және еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелейді.
Ауданымызда білім саласына қатты көңіл бөлініп, оқушылардың сапалы білім алуларына жан-жақты көңіл бөлініп, жағдай жасалынуда. Бүгінгі оқушы — білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың ұлттық және рухани — адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Ауданымызда оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде. Жыл сайын білім саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, білім ошақтарының материалдық — техникалық базасы нығайып келеді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»