Тәрбие тұтастығы-ел болашағының берік негізі
Заң — бұл мемлекет пен қоғамның тәртібін, әділдік пен жауапкершілікті қамтамасыз ететін басты кұрал. Ал ізгілік адамның жүрегінен туындайтын, адамгершілік пен мейірімнің бастауы. Осы екі ұғым тоғысқанда ғана қоғамда үйлесім, тыныштық, әділдік пен адамдық қасиет орнайды. Ал осы қасиеттерді бала бойына сіңіретін, өмірдің алғашқы сабақтарын үйрететін ана. Ана-ізгіліктің, имандылықтың және заңға кұрметтің алғашқы ұстазы. Әрбір ананың сөзі мен ісі баланың болашағына бағыт сілтейтін компас іспетті.
Бала қоғамның болашағы десек, ананың тәрбиесі сол қоғамның келбетін айқындайды. Егер ана өз баласына заңға бағынуды, әділ болуды, өзгеге құрметпен қарауды үйрете білсе, онда ол мемлекетке адал азамат тәрбиелеп отыр деген сөз. Осыған орай аптаның жұмасы күні аудандық мәдениет үйінде «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында аудандық білім бөлімі мен Абылайхан атындағы мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «Тәрбие тұтастығы-ел болашағының берік негізі» атты ата-аналар форумы өтті.
Алдымен келушілер фойеде оқушылар мен ұстаздардың «Білім, еңбек, шығармашылық табысты тұлға жолы» көрмесін тамашалады.
Көрмеде заманауи технологиялар көмегімен жасалған шығармашылық бұйымдар, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы дайындалған жобалар таныстырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Форум мақсаты — ата-ана мен мектеп қарым-қатынасын күшейту, отбасы құндылықтары мен ұлттық рухани байлықтарды дәріптеу. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мәселені бірлесіп, шешу жолдарын қарастыру.
Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, аудандық прокуратурасының прокуроры Ердәулет Аманбаев, ата — аналар қатысты.
Шарада «Тәрбие тұтастығы- ел болашағының берік негізі» тақырыбында Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің директоры Г. Өмірбекова есеп беріп, мектепте жыл бойына атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.
— Тәрбие тұтастығы — отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен әрекеті. Осы тұрғыда Абылай хан атындағы мектеп-лицейі 2025-2026 оқу жылында 1350 білім алушымен, 97 түрлі санаттағы педагогтары мен ұжым мүшелері тарапынан үш негізгі тұғырлы идеяға басымдық беріліп жұмыстар жүргізудеміз.
Мектеп білім беріп қана қоймай, баланы әлеуметтік ортаға бейімдеп, азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Ел болашағының берік негізі болуы үшін, батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың дана сөзі “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды” — деп атап көрсеткеніндей, адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесін ұштастырып, жас ұрпақтың бойына білім мен ізгілікті қатар сіңіруіміз қажет.
Мектеп ұжымының миссиясында ата-аналармен ынтымақтастық орнату, қолайлы жағдай жасау, мектеп өміріне белсенді тарту көзделген. Қала, аудан мектептерімен серіктестік орнату, қауымдастық орнатқан мектептермен, өзге де ұйымдармен байланысты нығайту өз жалғасын табуда.
Білім ошағы — тәрбиені шыңдау. Осы орайда мектеп-лицейінің 2025-2026 оқу жылындағы жетістіктерді атап өтсек:пәндік олимпиадалар, шығармашылық байқаулар, түрлі білім додалары, қашықтықтан өткізілген зияткерлік сайыстарға көрсеткіші жетерлік. Атап айтсақ, аудандық жарыстан — 29 оқушы, облыстық жарыстан -3 оқушы, республикалық жарыстан -3 оқушы жүлделі орындар иеленді.
Мұғалімдердің жетістіктері: аудандық деңгейде -10 педагог, облыстық деңгейде-2 педагог, республикалық деңгейде-1 педагог оң нәтиже көрсетті.
2024-2025 оқу жылында Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде 10-сынып оқушысы Есжан Мадина 3-орын иеленді. Жетекшісі — Мейрамбекқызы Гаухар. «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумында 8-сынып оқушысы Аманжол Есдаулет жүлделі орынды иеленді. Жетекші педагог — Пралиева Әсем.
2025-2026 оқу жылында «Үздік ғылыми жоба авторы» атты республикалық байқауға оқушылармен бірге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, жеңімпаз атанған 3-сынып оқушысы Рахметулла Нурали жетекшісі Алимкулова Жансая, 4-сынып оқушысы Сағатбек Айзере жетекшісі Асанханова Назира, 9-сынып оқушысы Созақбай Санжар жетекшісі Ордабай Айша І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Оқушының қажетті дағдыларды меңгеруі мектеп пен ата-аналардың арасындағы үйлесімді өзара әрекетке тікелей байланысты. Баланың жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта тек мектепте ғана емес, отбасында да қамтамасыз етілуі қажет.
Осы тұтастық қалыптастыру жұмыстарымен қатар мектеп-лицейімізде құқық бұзушылықтың алдын алу, полиция бөлімінде есепте тұратын мектеп оқушылары мен тұрмысы қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларды медициналық-әлеуметтік есепке қоюдың алдын алу жұмыстары бойынша бірлескен жоспар жасалған. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нашақорлықтың алдын алу, «Досбол LIKE» бағдарламасы арқылы балаларды қудалаудың (буллингтің) алдын алу, жеке бас құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу ауқымды жоспарлар кезең кезеңімен орындалып отыр. Ағымдағы жылға, яғни, 2025-2026 оқу жылына арналған «Жол картасы» бойынша полиция бөлімдерімен бірлескен рейдтік, кезекшілік кестелері бекітіліп, атқарылған жұмыстар бойынша тиісті шаралар қолданылу процесін дамытуға бағытталған, жұмыстар жан-жақты атқарылуда.
«Адал азамат біртұтас тәрбие» бойынша жоспарға сәйкес алты жоба аясында іс шаралар, дөңгелек үстел, пікірсайыстар мен дебаттар, шебер сыныптар жүргізіледі. Даналық мектебінен «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Әке-тірек, бала-жүрек», «Аға қамқорлығы» тақырыптар аясында оқушылармен кездесулер, дөңгелек үстел және тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар мектепте «Жігер» ұлдар ұйымы мен «Қызғалдақ» қыздар ұйымы жұмыс жасайды. Қыз балаларға тазалығы мен ибалы тәрбие беру аясында ардагер аналардың ақыл-кеңестерін беру мақсатында кездесулер мен пікірсайыстар, медбике, дәрігерлермен кездесу мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Баланы түрлі зиянды әрекеттерден сақтандыру мақсатында апта бойы қауіпсіздік сабақтары жүргізіліп, онда ақпараттық және түсіндірме жұмыстары беріледі. Ата-аналарды Педагогикалық Қолдау Орталығында тренинг бағдарлама бойынша ата-аналармен, білім алушылармен кездесу және ата- ана мен білім алушының бірлескен кездесулері жиі жүргізіледі.
Бүгінгі күнге дейін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша 27 кездесу, 5 дөңгелек үстел, 3 коучинг, 4 шеберлік сыныптар, 3 спорттық шаралар, 4 дебат, 3 байқау, 2 эссе жазу байқауы, 3 түрлі челлендждер ұйымдастырылды. Барлық шараға 360 оқушы, 170 ата-ана қамтылды. Сонымен қоса оқушылар арасында аудандық көңілді тапқырлар алаңы ойынына мектеп командасы белсене қатысып, жүлделі марапатқа ие болды.
Білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған 25 іс-шара өткізіліп, 870 оқушы қамтылды. Құқық қорғау және прокуратура органдары қызметкерлерімен 4 кездесу ұйымдастырылып, оған 8-11 сыныптардың 560 оқушысы қатысты.
Сонымен қатар, қаңтар айындағы «Заң мен тәртіп» айлығы аясында 4 сынып сағаты мен сондай-ақ міндетті деңгейде қауіпсіздік сабақтары өткізілді. Полиция бөлімдерімен бірлесіп 7 рейд жүргізіліп, 12 профилактикалық бейнеролик әзірленді.
Келесі мәселе бойынша «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары» тақырыбында аудандық прокуратурасының қызметкері Ердәулет Аманбаев хабарлама жасап, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жыл бойы оқушылармен бірлесіп жүргізілген профилактикалық жұмыстарға тоқталып, құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Жарықбасов сөз сөйледі.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын.
Бұл мемлекеттің білім саласына орасан зор қаржы бөліп, назар аударуының нәтижесі.Халыққа арнаған Жолдауында балаларымыз білімі мен білігі жағынан шетелдердегі замандастарымен бәсекеде жеңілмейтін, сонымен қатар, бойында ұлттық ділі сақталған, отаншылдық рухы жоғары, кемел қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған. Тек осындай ұрпақ қана еліміздің мерейін бүгінгі жеткен биігінен аласартпай, жаһандану, әлемдік көшіне ілеспек. Ауданымызда білім саласына қатты көңіл бөлініп, оқушылардың сапалы білім алуларына жан-жақты көңіл бөлініп, жағдай жасалынуда. Бүгінгі оқушы — білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың ұлттық және рухани — адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Ауданымызда оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде. Жыл сайын білім саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, білім ошақтарының материалдық — техникалық базасы нығайып келеді. Иә, ата-аналар форумы – өте маңызды. Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі балаларымыз, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың қасиетті борышы және балаға қолдау көрсету – тек мақтау емес, ол баланың арманына, қызығушылығына, сезіміне құрметпен қарау. Қолдау көрген бала қиындықтарға төтеп беруді үйренеді, өз күшіне сенеді. Сонымен қатар, бала өз ата-анасын құрметтеп, оларды өмірлік үлгі тұтса, ол тәрбиелі, жауапты, ізетті азамат болып өседі. Ал ата-ана өз беделін сақтау үшін баламен ашық, сыйластыққа толы қарым-қатынас орнатуы қажет, -деп балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, республикалық, облыстық сайыстарда топ жарған оқушылардың ата — аналарын түрлі номинациялар бойынша марапаттап, арнайы сый-сияпаттар тапсырылды.
Форумда мектептің жас мамандары сахналастырған «Балалық шаққа саяхат» атты көрінісі ерекше әсерге бөледі. Мектеп ұжымының оркестрі өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болса, мектеп ата-аналарынан құралған әкелер мен қыздарының биі шараның көркін кіргізді.
Бұл ата-аналар форумы– құқықтық мәдениетті қалыптастыру және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі. Форум ұйымдастырушылар алдағы жұмыс күндері осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, балалардың құқықтарын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарылатынын айтты.
Бүгінгі тақырып өте ауқымды және терең тақырып.«Тәрбие тұтастығы — ел болашағының берік негізі» деген ұғым ұлттық идеологияның, мемлекеттік дамудың және жеке тұлға қалыптасуының өзегі болып табылады. Тақырыптың өзектілігін «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деп бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтпаған ұлы ойшыл Әл-Фарабидің сөзімен ұштастырмақпыз.
Елдің болашағы ең алдымен, парасатты, ұлтжанды және білімді ұрпақпен өлшенеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт — бағдар беру керек. Елімізде ойы ұшқыр, білімді, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты құндылықтар басымдық таныту қажет. Адамзат тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі халық, қоғам үшін — біртұтас дүние екендігін атап өтті.
Тағылымы мол ата-аналар форумы осы мәселені мемлекеттік деңгейде назарға алған. Бала бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған ауқымды шарада ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»