«ӘУЛИЕАТА – КІТАП ОҚИТЫН ӨҢІР» ЖОБАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШАРАСЫ ӨТТІ

0

Өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, келешек ұрпақты дәстүрлі түрде кітап оқуға шақыру мақсатында қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының ресми ашылуында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев «Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды», – деп атап өткен болатын. Жыл бойы жүзеге асқан бұл бастама — аудан тұрғындарының кітапқа, білім мен өнерге деген сүйіспеншілігін арттырды.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Әулиеата — кітап оқитын өңір» жобасының қорытынды шарасы өтті. Мәдениет үйінің кіреберісінде аудандық орталық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері кітап көрмесін ұйымдастырды.
Салтанатты кешке қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының бастамасымен іске асқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында қорытынды шарада бас қосып отырмыз. Бүгінгі жаһандық дәуір — оқығанын көкейіне тоқи білген көзі ашық жандардың заманы десем артық айтқандық емес. Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп бекер айтпағаны белгілі. Бұл ретте Президентіміз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар — білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн. Мысалы, мен Алматы қаласындағы кітапханаларды жаңғыртуға арналған осындай ұтымды жобалар бар екенін білемін», — деген болатын.
Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері оқырмандар санын арттыруда белсенді жұмыс жасауда. Ауданда 26 кітапхана мен 21 цифрландырылған орталық бар. Кітапханалар жүйесінде 117 қызметкер жұмыс істейді. Сондай ақ, көзі көрмейтін зағип жандардың кітап қорын өз игіліктеріне пайдалану үшін «Зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға» арналған, сонымен қатар кітапхана жұмыстарын автоматтандыру, оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын өңдеу және толықтыру, ақпараттық – библиография, кітапхана ісін дамыту бөлімдері жұмыс атқарады. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі есептік кезеңде 1300 — ге жуық іс-шара өткізіп,14 мыңнан аса адам қамтылды. Кітапхана жүйесі мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы кітапхана пайдаланушыларына «Жылжымалы кітапхана» арқылы кітапхана қорларына қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Мысалы «Мен әлемді жүрегіммен танимын», «Қайырымды жүрек-жомарт қол», «Бәрі де сіздер үшін», «Шапағатымыз сіздер үшін» тақырыптарында дауыстап оқуларды жылжымалы кітапханалар өткізеді. Бұл кітап оқимын деген кез келген жан үшін үлкен мүмкіндік.
Ауданымызда 20 мыңға жуық оқырман тұрақты түрде кітап оқиды. «Әулиеата -кітап оқитын өңір» жобасы аясында жыл басынан бері түрлі форматта 12 іс-шара өткізіліп, 5 кітаптың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабековтың 75 жас мерейтойына арналған, оқырманға жол тартқан «Көңіл шуағы, ой толқыны», «Мен сені сүйем, өмір!», «История медицины Жамбылской области» атты жаңа кітаптарының тұсауы кесілді. Әнші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Амангелді Сембиннің 80 жылдық мерейтойына арналған журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбайдың «Қарғаш» атты және оқу- ағарту ісінің ардагері Дина Нақыпованың «Үнің кетпес құлақтан» атты кітаптары оқырмандарға жол тартты. Бұл аталмыш жобаның ауданымызда сәтті жүзеге асуын білдіреді,-деп жобаға атсалысқандарға ризашылығын білдірді.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда және Жаңаталап орта мектебінің оқушысы, «Тау тұлға, дара тұлға — Бауыржан» облыстық шығармашылық байқауының 1-орын иегері Дайыр Ақмерей де ізгі тілектерін жолдап, жобаның құндылығы туралы тарқата кетті.
Сондай-ақ «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында белсенділік танытып, үлес қосқан үздік оқырмандар мен кітап жанашырларына құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Ең үздік оқитын қала» байқауында 1 -орынды Жаңаарық ауылдық округі, 2 — орынды Қамқалы ауылдық округі және 3 -орынды Жаңатас қаласы иеленіп марапатталды.
Сонымен қатар, «Ең үздік оқитын мектеп» байқауында 1 — орынды М.Әуезов атындағы мектеп — гимназиясы, 2- орынды М.Әуезов атындағы орта мектебі мен Ақтоғай орта мектебі, 3 — орынды Жаңаталап орта мектебі мен Д.Қонаев атындағы орта мектебі иеленді.
Бұдан бөлек «Ең үздік оқитын оқырман», «Ең үздік ауылдық кітапхана», «Ең үздік оқитын ұжым» номинациялары бойынша бірқатар оқырмандар мен ұжым лайық деп танылып марапатталды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, кітапхана қызметкерлері әдеби композиция қойылымын ұсынса, аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты. «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының биі салтанатты шараның көркін кіргізді.

С. РЫСБЕКҰЛЫ, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.