Сарысудың саңлағы-Алаштың абызы еді…

0

Қазақ өнерінің саңлағы, ұлт руханиятының ұлы тұлғасы-Асанәлі Әшімұлы Әшімов үстіміздегі жылы 21 желтоқсан күні өмірден озды.

КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, көрнекті актер, режиссер, театр педагогы, профессор Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылмада дүниеге келген.
1956 — 1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген. 1961 жылдан Қазақфильм киностудиясына актерлік штатқа қабылданды. 1964 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында көптеген рөлдерді сомдады. Ол М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымдарды асқан шеберлікпен орындады.
КСРО және Қазақстанның кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980), Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі. Саналы ғұмырын театр мен киноға арнап, ұлттың рухани дүниетанымын, мінезі мен болмысын өнер тілімен өрнектеген бірегей суреткер болды.
Асанәлі Әшімов-қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Шадияр, «Трансібір экспресіндегі» Қасымханов сынды көптеген рөлдері елдің есінде ерекше әсер қалдырды.
Қазақ киносының корифейі актерліктен бөлек жазушылықпен де айналысқан. Оның «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» еңбектері оқырмандардың оң бағасын алды.
Аңыз тұлғаның жарқын бейнесі әркез есте қала бермек.
Ұлы тұлғаның отбасы мен жақындарына, барша қазақ өнері қауымына қайғыларына ортақтасып, қайғырып көңіл айтады.

Аудан әкімдігі, аудандық мәслихат және аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.