мемлекеттің тұрақты дамуының негізі
Форумда аудан әкімі Сәкен Мамытов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Форум барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов ауданымызда «Заң мен Тәртіп» аясында және аудан аумағында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
-Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан – ортақ арманымыз. Заң мен тәртіп — біздің мызғымас тұғырымыз» деп атап өтті.
Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Сарысу ауданында 2025 жылы «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілді. Президент тапсырмасына сәйкес аудан аумағында «Заң мен тәртіп» апталықтары ұйымдастырылып, Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерде өткен қоғамдық қабылдауларға 5 000-нан астам тұрғын қатысты. Аудан прокуроры, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты шешу жолдарын қамтитын жол картасы бекітілді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында прокуратура, полиция және білім саласы қызметкерлерінен құралған 3 мобильдік топ тұрақты жұмыс атқарды. Аудан көлемінде 72 рейд жүргізіліп, 478 әкімшілік хаттама толтырылды. Түнгі уақытта қараусыз жүрген 206 жасөспірім анықталып, ата-аналары заң шеңберінде жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 50%-ға, ал жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтар 33,3%-ға төмендеді. Ең бастысы, ағымдағы жылы ауданда жасөспірімдер арасында суицид фактілері тіркелген жоқ. Жобаны ақпараттық қолдау мақсатында 2 000 дана жадынама таратылып, 4 жастар флешмобы, 5 рейдтік және 5 түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Аудан әкімдігінің ресми парақшаларында 38 ақпараттық материал жарияланып, аудандық «Сарысу» газетінде 40-қа жуық мақала жарық көрді.
Білім беру ұйымдарында «Жастар және заң», «Заңды білу – заман талабы» тақырыптарында кездесулер, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. «Заң мен тәртіп» жобасы аясында мектептерде 53 іс-шара өткізіліп, 3 500 оқушы мен 1 730 ата-ана қамтылды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша 286 іс-шара жүзеге асырылып, 8 355 оқушы мен 2 350 ата-ана қатыстырылды.
Аудандағы 27 мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, «Даналық мектебі» аясында тағылымдық сабақтар өткізілуде. «Баланың бас ұстазы — ата-ана» тақырыбындағы аудандық форумдар мен профилактикалық қойылымдар арқылы ата-аналар мен оқушылардың жауапкершілігі арттырылды.
Діни экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алу бағытында 60-тан астам ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді. Сонымен қатар, бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық орындарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Аудандық орталық аурухана тарапынан жасөспірімдердің психологиялық және репродуктивті денсаулығын нығайтуға бағытталған 182 ақпараттық шара ұйымдастырылып, 2 410 адам қамтылды.
Жалпы, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданда қоғамдық тәртіп нығайып, құқық бұзушылық деңгейі төмендеді, тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен заңға деген құрметі артты. Заң үстемдігі – ел дамуының кепілі, ал тәртіп – тұрақтылықтың негізі. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады,-деді.
Форум аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев тұрғындармен кездесуінде құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Оразбайұлы аудандық полиция бөлімінің жедел-қызметтік қызметінің нәтижелері, халықпен өзара іс-қимыл және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты тоқталып өтті.
Бұдан соң генерал-майор Қайсар Әбілекұлы жол қауіпсіздігін күшейту, қылмыстың алдын алу, учаскелік инспекторлардың жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады. Ол тәртіп пен заңдылықты сақтау полицияның басты міндеті екенін айтып, құқық қорғау органдарының аталған бағытта алдағы атқарар міндеттерін атап өтті.
Кездесу еркін форматқа көшіп, тұрғындар өз өтініштері мен тілектерін жеткізді. Көтерілген өзекті мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Жиын соңында «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, “Ішімдіксіз ауыл» жобасын жүзеге асыруға үлес қосқан бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»