ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ

0

Қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениет – мемлекет тұрақтылығы мен өркендеуінің басты көрсеткіші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында «Заң үстемдігі – әділетті Қазақстанды құрудың өзегі» екенін айрықша атап келеді. Ал 2025 жылғы 5 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықта «Заң және тәртіп» ұстанымы еліміздің ішкі саясатындағы басты қағида ретінде ресми бекітілді.

Бұл маңызды құжат мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіріп, ішкі саясаттың сапалы жүзеге асуына берік негіз қалап отыр. Онда белгіленген «Заң мен тәртіп — тұрақтылық пен сенімділіктің кепілі» деген қағида нақты іс-қимылдар деңгейінде жалғасын табуда.
Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі аталған Жарлықта көзделген міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Заң мен тәртіп» жобасын аудан көлемінде жүйелі түрде іске асырып келеді.
2025 жылы аудан аумағында «Заң мен тәртіп» апталықтары кешенді форматта ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Апталықтар барысында 5 000-нан астам азамат қамтылған қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, аудан прокуроры, әкімдік және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен тікелей жүздесіп, өзекті мәселелер бойынша нақты жол картасы әзірленді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 27 маманнан құралған 3 мобильдік топ тұрақты жұмыс жүргізді. 2 000 дана жадынама таратылып, 4 флешмоб, 5 рейд және 5 кең көлемді түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.
Ақпараттық-насихат жұмыстары да жүйелі жүргізілді: аудан әкімдігінің ресми парақшаларында 76 материал, «Сарысу» газетінде 20 мақала жария­ланды. Жыл басынан бері 72 рейд өткізіліп, 478 әкімшілік хаттама рәсімделді. 206 жасөспірімнің түнгі мезгілде заңды өкілсіз жүргені анықталып, алдын алу шаралары қабылданды. Соның нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 50 пайызға төмендеді.
Діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл ішінде 90-нан астам түсіндіру кездесулері өтті. Жасөспірімдердің психологиялық және репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша 182 ақпараттық шара ұйымдастырылып, 2 410 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі ақпараттық кеңістіктің жылдам өзгеретінін ескере отырып, ішкі саясат бөлімі әлеуметтік желілердегі ахуалды тәулік бойы бақылауда ұстайды. 2025 жылы 122 ақпараттық материал сараптамадан өтіп, жалған немесе теріс ақпараттың алдын алу мақсатында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, тұрғындарға ресми әрі дәл ақпарат ұсынылды.
Сарысу ауданында 30-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, бірлік пен ынтымақтың бірегей үлгісін көрсетуде. Этносаралық келісімді нығайту бағытында мәдениет мекемелерінде, кітапханаларда және ауылдық округтерде 27 іс-шара ұйымдастырылды.
Алдағы кезеңде де «Заң мен тәртіп» жобасы аудан тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықтық мәдениетті арттырудағы маңызды құрал бола береді. Ішкі саясат бөлімі құқықтық білімді жетілдіру, жастар арасында тәртіп нормаларын сақтау маңызын түсіндіру, ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және діни сауаттылықты көтеру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.
Тұрақтылық – ел дамуының темірқазығы. Заңға деген құрмет пен азаматтық жауапкершілік жоғары болған жерде ғана әділетті, бейбіт және берік қоғам қалыптасады.
Заңға құрмет – Отанға құрмет. Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қоғам қауіпсіздігін нығайту жолындағы қызметін алдағы уақытта да табандылықпен және жоғары жауапкершілікпен жалғастыра береді.

Ұ. Салимова,
Сарысу ауданы әкімдігінің
ішкі саясат бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.