Басты мақсат–қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Бүгінде еліміз әділетті қоғам қалыптастыру бағытында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келеді. Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқандай, заңға бағыну, ережелерді орындау парасаттылықтың белгісі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнықтыруды ұсынған болатын.
–Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр,-деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шаралардың қолға алынғанын алға тартты. Мұндағы негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан осы бағыттағы маңызды реформалар жалғасатынын, жүйелі жұмыстың тоқтамайтынын жеткізді.
–Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.
Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді, –деді Мемлекет басшысы.
Бұл тұрғыда Сарысу ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Айта кету керек, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан 2024 жылы 7525 әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Оның ішінде 3967 ескерту берілсе, 3023 айыппұл салынды. Биыл бұл көрсеткіш едәуір өсіп отыр. Ағымдағы жылдың 11 айында полиция қызметкерлері 7845 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде 4141-і ескерту болса, 3299 хаттама бойынша айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 83 миллион 503 мың 750 теңгені құрайды. Оның ішінде 2677 хаттама бойынша 61 миллион 901 мың 921 теңге өндірілді. Ал қалған 21 миллион 601 мың 829 теңге өндірілу сатысында.
Осы орайда сот орындаушысына жалпы айыппұл сомасы 16 миллион 738 мың 856 теңге болатын 418 әкімшілік хаттама жолданды. Оның ішінде 128 қаулы бойынша 4 миллион 66 мың 924 теңге өндірілді. Жұмыс орынына еңбек жалақысынан ұстау үшін жалпы айыппұл сомасы 2 миллион 544 мың 304 теңге болатын 82 әкімшілік хаттама жіберілді. Ал Сарысу аудандық сотына 444 әкімшілік хаттама жолданып қаралған. Сарысу ауданы бойынша 2025 жылдың 11 айында салынған айыппұлдарды өндіру 74,1 пайызды құрады. Жалпы Жамбыл облысының айыппұлдарды өндіру бойынша көрсеткіші 80,7 пайызды құрап отыр.
Айта кету керек, жыл басынан бері бөлім тарапынан аудан аумағында 11 мәрте «Борышкер-2025» атты жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырыллып, қайтарылған берешектер есебінен аймақ бюджеті толыға түсті.
Бұл бір ғана бағытта қолға алынған жұмыстардың нәтижесі. Баршаға белгілі, полиция органдарының функционалдық міндеттері саналуан. Оның ішінде әртүрлі деңгейдегі қылмыстардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдердің құқықбұзушылығына жол бермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, есірткі айналымын тоқтату сынды маңызды бағыттарда ілкімді істер атқарылуда. Бүгінде қоғамда буллинг пен кибербуллингтің белең алуы да бәрімізді алаңдатып отыр. Осы бағытта да аудан әкімдігімен, білім беру мекемелерімен, ата-аналармен бірлескен шаралар қолға алынды. «Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында» десек, өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі тұлға болып қалыптасуы маңызды. Сондықтан да ортақ мүдде жолындағы түсіндіру жұмыстары бір сәтке де тоқтамайды. Біздің мақсатымыз – жіберілген олқылықтар бойынша адамдарды жазалау емес, ертеңгі күні ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін жағдайлардың алдын алу. Бұл тұрғыда нақты нұсқаулықтарға сүйене отырып, өз міндетімізді мінсіз атқара беретін боламыз.
Президентіміз жоғарыда аталған Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет.
Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі» деп нықтап айтты. Жолдаудан туындаған міндеттер біздің жұмысымызды жаңа талаптарға сәйкес жандандыруға негіз болды. Сондықтан да біз «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыра отырып, қоғам қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет ете береміз.
Ринат Оразбайұлы,
Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы,
полиция подполковнигі