Кең көлемде тойланды

0

Жайылма ауылдық округіне қарасты, Әйтеке би атындағы орта мектебі 1933 жылы Қарақоға бастауыш мектебі болып шәкірттеріне есігін айқара ашты. 1934 жылы Жақсылық, Білек, Чапаев, Киров колхоздарында ортақ бастауыш мектеп ашылды. 1935 жылы 1 қыркүйекте бұл мектептер 7 жылдық мектеп болып ірілендірілді. Осы жылы оған В.И.Ленин аты берілді. Аталмыш мектепте 1946 жылы алғашқы түлектер бітіріп шықты. 1997 жылдан бастап мектепке Әйтеке би есімі берілді.

Тоқсанның торқалы асуына келген алтын ұя – мектебіміздің өткен жолынан Отанымыздың тарихының бір бөлшегін көруге болады. Осы мектептің көптеген түлектері, мұғалімдері кешегі қан майданда ерлік көрсетті, кешігіні оралған жоқ. Ауған оқиғасы да бұл мектептің біраз түлектерін шарпып өтті.
Бүгінгі таңда 90 жасқа толып отырған Әйтеке би атындағы орта мектептен небір білікті азаматтар, ғалымдар, өнер адамдары шыққандығын ерекше мақтаныш етіп айта аламыз.
Аталмыш орта мектептің торқалы 90 жылдығы өткен аптаның сенбісі күні кең көлемде аталып өтті.
Ең әуелі ауыл тұрғындары мен мерекеге келген қонақтар мектеп алдындағы Әйтеке би бюстіне гүл шоқтарын қойып, ата — баба рухына құран бағыштады.
Одан кейін жиылған көпшілік білім ордасының алдына «Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» акциясы аясында шырша ағаштарын отырғызды. Өскелең ұрпақты табиғатымызды аялап, қорғауға және еңбекқорлыққа баулу. Көшет отырғызу арқылы ұйымшылдық танытып, туған жерімізді көркейте аламыз.
Келген қадірменді қонақтар мектепке орналастырылған Құрмет тақтасымен танысты.
Салтанаты шара саябақтың ашылуымен жалғасын тапты. Аталмыш саябақ аудан әкімдігінің қолдауымен және мердігер «Талпын жүрек» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Темір Байганов жүзеге асырған аталмыш саябақта балалар ойын алаңы, футбол алаңы мен стритворкаут бар. Спортпен шұғылданамын деген кез-келген жасқа мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Демалыс орнының ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, жаңа саябақтың тұрғындардың игілігі үшін маңызы зор екенін айтты. Мұнан соң ардагер — ұстаз, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Кеңес Төлмағанбетов те ізгі тілегін жолдап, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген аудан басшылығына ризашылығын білдірді. Жаңа саябақтың лентасын аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Оңласын Мұқашев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов салтанатты жағдайда қиды. Мұнан соң қазақтың ұлттық спорты Қазақ күрес сайысы өтіп, балуандар белдесті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар түлектердің демеушілігімен диплом, медальдар және қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Ауылдық клуб үйінде салтанатты шара жалғасын тапты. Алдымен экранда мектеп тарихынан қысқаша бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, мектептің тарихына тоқталды. Шара барысында бірқатар мектеп түлектері мен ауылдың дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар «Әйтеке би орта мектебіне 90-жыл» арнайы мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық рухта әндерді шырқады.
Сондай-ақ ақ дастархан жайылып, аруақтар рухына құран бағышталды.
Түстен кейін атшабарда ат тұяғы делебені қоздырған «Аламан бәйге» ұйымдастырылып, тұлпарлардың шабысы шыңдалды. Бәсі биік жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысып, бақтарын сынады. Көрермендерді шабыттандырған жарыс қорытындысы бойынша бәйге жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Мерекелік бағдарламамен қоса қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Шараға ауыл азаматтары мен қонақтар да қатысты. Олар қошқар көтеруден бақ сынасты. Жеңімпаз спортшыға қаржылай сыйлық тапсырылды.
Торқалы тоқсан жылдық мерекенің түйіні гала концертпен қорытындыланды. Экранда мектептің 1930–2025 жылдар аралығындағы архивтік суреттер, ұстаздар, алғашқы түлектер, ауыл көріністері көрсетілді. Сондай — ақ, Халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың видеоқұттықтауы да көрініс тапты. Гала концертте мектептің тарихы, кешегі мен бүгіні баяндалып, кеңінен мәліметтер берілді. Ауыл өнерпаздары әуелете ән шырқап, ауылдың алты ауызын айтты.
Айта кетейік мектептен түлеп ұшқан 1976 жылғылар өз қаржыларынан 10 отбасына қайырымдылық көмек берді. Ауылға мектептің 90 жылдығына арналған аялдама орнатты. Мектепке «ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР!» деген жазу тақтасын орнатып берді. Сондай-ақ ұстаздар мен озат оқушыларға арналған құрмет тақтасын және мектепке музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Сонымен қатар ауылдың шаруа қожалық төрағалары мен жеке кәсіпкерлер спорттық жарыстарға демеушілік жасады.
Иә, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» – деп бекер айтпаған ғой. Осылайша Әйтеке би атындағы орта мектепті 1977-2016 жылдар аралығында бітірген мектеп түлектері ұйымшылдықпен қаржы жинап, білім ордасының 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.

Сәулет ЕСҚАРА,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.