Жас сайлаушылар форумы

0

Апта ішінде Жаңатас көпсалалы колледжінде Сарысу аудандық сайлау комиссиясының жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубының форумы өтті.
Форумға арнайы шақырылған қонақтар, колледж студенттері және ауданның белсенді жастары қатысты.
Жастардың сайлауға деген қызығушылығын арттыру, саяси сауаттылығын көтеру және қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал ету – форумның басты мақсаты болды.
Іс-шара барысында клуб жұмысының міндеттері таныстырылып, саяси жүйе, азаматтық ұстаным және сайлау мәдениеті туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сарысу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Шортанбаев баяндама жасап, жастардың сайлауға қатысуын ынталандыру және олардың саяси сауаттылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ж.Жаркенов қатысып, жастардың сайлау мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Е.Жапаров жас сайлаушылардың қоғамдағы рөлі мен олардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытындағы мақсат-міндеттерін атап өтті.
Сайлауға қатысудың маңыздылығын, әрбір дауыс – ел тағдырына қосылған үлес екенін айшықтайтын «Сайлау — халық таңдауы» театрландырылған көрініс көрсетілді.
Одан кейін жастардан құралған көңілді тапқырлар клубының қойылымы көрсетілді.
Форум аясында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен Жастар ресурстық орталығы арасында жас сайлаушылар клубын дамыту бойынша меморандум жасақтау мәселесі көтерілді.
Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ж. Қыстаубаева сайлаушылар құрамының жасақталуы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, клуб құрамына аудан жастары, білім бөлімі және ЖРО қызметкерлері кіреді.
Форум барысында «AMANAT» партиясы Сарысу аудандық филиалының консультанты С. Тоқбанов, аудандық мәслихатының депутаты Б. Балғабай, жас мемлекеттік қызметкер А. Ұзақбай хабарлама жасады.
Форум соңында жас сайлаушылар клубының жұмысын белсенді атқарған азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.
Шара барысында жастар сайлау процесі туралы пайдалы мәліметтер алып, пікір алмасты, өз көзқарастарын ортаға салды. Форум жастарға ел болашағына жауапкершілікпен қарау және саналы таңдау жасаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Сәулет РЫСБЕКҰЛЫ,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.