Менің ауылдағы замандас-құрдастарым немесе туған жерге деген сағыныш сазы
Базбір сәттерде сонау алыста қалған балалық шақ – бал дәурен еске түседі, көз алдыңа оның есте қалған «үзінділері», бірге өскен құрбы-құрдастардың бейнелері мен қылықтары келіп көлбеңдейді. Туған жердің біз білмейтін тартылу күші бар екенін еріксіз мойындайсың. Біздің туып-өскен атамекеніміз қазақ тарихынан ойып орын алған қасиетті Қаратаудың қыратындағы Көсегенің Көкжоны аймағы. Бұл құтты мекен жайлы талай дастандар, әңгімелер жазылып, сандаған жырларға қосылған. Мысалы, айтыскер ақын Ұзақбай Арапбайұлы:
Жанға жайлы жайдары көктемінде,
Қаратаудың көкмайса бөктерінде.
Шөлімізді қымызбен басып алып,
Көкпар тартып, өстік біз көппен бірге.
Сағынғанда Көкжонның Көсегесін,
Жусаны мен жуасын, бетегесін.
Жыр жолдары төгілген жүрегімнен,
Шабытымды тек алға жетелесін — деп жыр шашуын төгеді.
Табиғаттың саф алтындай сұлулығына тамсанып, жер шарының қанша жерін араласа да туған жерге жетпейтінін мойын¬даған, кеудесін мақтаныш сезімі баурап, таза ауаны еркін жұтып тыныс¬тап тұрған қазақтың бір азаматы: «Қасиетіңнен ¬айналайын, қаза-ғымның, ата-бабамның жері» депті тамсанып. Сол айтылғандай, біздің көрікті Көсегенің Көкжоны жайлы көсілте, тамсана айта беруге болады. Бүгінгі әңгіме сол өңірде дүниеге келіп, ат жалына қонып, ұзақ жылдар туған жерінде беріле еңбек еткен құрбы-құрдастарым жайлы болмақ.
Мен кейде даланың ерке құлындай шапқылап, уәйімсіз, қайғысыз өмір сүрген балалық шағымды сағынышпен еске аламын. Бала кезден бірге өскен жігіттерден Сансызбай, Өсербай, Дулат, Қуатбай, Күзбасар, Қабланбек, Жайлау, Маман, Жамбай, Көлшікбай, Жамбыл, Жарылқасын, Тоғай, Ибрагим, Жангир, Маил, Болат, Баис, Сабри, Қойшыбай, ал қыздардан Пістекүл, Алмагүл, Кәпиза, Орынкүл, Базаркүл, Азиза сынды достарым мен замандастарымды жиі есіме аламын. Көлбеңдеп солардың келбеті, кейбір қызықты балаң қылықтары көз алдыма келіп тұрып алатын кездер де болады.
Сол жылдары совхоз орталығы Түркістанда ғана орта мектеп болды да, Ақтоғай, Жаңаарық, Буденный (қазіргі Арыстанды), Үшбас бөлімшелерінде тұратын оқу жастағындағылар 8-10 сыныпта совхоз орталығындағы интернатта жатып оқитын. Сол интернатта жатып мен де білім алдым, қызықты балалық дәуренді өткіздім. Ол кез¬дегі мұғалімдердің абырой-беделі зор еді. «Мұғалім келе жатыр» десе, қандай қақаған суықта да бастарындағы бас киімдерін жұлып алатын. Қашан өтіп кеткенше, қайта кимейтін. Ұстаздарымыз бізді біліммен барынша сусындатты, тәрбие берді, өмірге қанаттандырды. Олардың еңбегі ерен. Интернатта жатқан балалар әр түрлі отбасында тәрбиеленген, өздеріне тән әрқилы мінездері, қылықтары бар болатын. Біреуі сол кезде- ақ сабаққа жалқау, мінезі тентек, ісі сотқар, тірлікке енжар болса, екіншілері керісінше сабаққа алғыр, тірлігі пысық, ерен ой-парасаты ерекшеленіп тұратын. Қатар оқитындардың ішінде сабақты жүйелі жақсы оқыған Дулат Өтешов, Болат Сәрсеков, Орынкүл Арапова, Базаркүл Оспанова бірден жоғары оқу орындарына түсіп, өзінің қалаған мамандықтарын алып, еңбек етті, елге танылды.
”Бір ауылдан түлеп ұшқан жастар едік,
Бәріміз де өмір жолын бастап едік”,
— деп өлең жолдарында айтылғандай бірге өсіп, біте қайнасқан замандас-достар бұл күндері өмірден өз орындарын тауып, үйлі-баранды болып, ұл-қыз өсіріп, өздерінің қабілеттеріне сай бұйырған қызметтерін атқарып жүр.
1969 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген түлектер
Сансызбай Рысдәулетұлы Қойлыбаев мектепті бітіргеннен кейін Қаратаудағы құрылыс техникумын бітіріп, көп жыл туған ауылымызда – ”Түркістан” совхозында құрылысшы-шебер, прораб, бригадир болып қызмет атқарды, ауылымыздың Ұлбосын есімді қызына үйленіп, бала-шағалы болып, біраз жылдар ауылда, одан Алматы қаласы маңында балаларымен 15 жылға жуық тұрды. Бұл күндері, яғни 2021 жылдың күзінен Жаңатас қаласында тұрып жатыр. Зейнеткер.
Дулат Өтешұлы жастайынан спортқа бір қадам жақын болып, арман қуып Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың физкультура факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, туған елге оралды. Бос келмеді өзімен бірге сол өңірдің бойжеткені Нәйланы дипломына қоса ала келді. Көп жыл Жаңатас қаласындағы мектептер мен коллежде дене шынықтыру пәнінен дәріс беріп, жастардың денсаулығын жақсартуға маңдай терін, өз үлесін қосқан тәжірибелі ұстаздардың бірі болды. Бірер жыл сол жердегі заводта кәсіподақ бастығы болды. Қазір – еңбек демалысында. Жаңатастық болып хабарласып, сәлемдесіп тұрады. Бірақ, туған жері Үшбасты жанындай жақсы көреді. Кейде ауылға баратын болсам телефон шалып, туған ауылға бірге баратынымыз бар.
Өсербай Жұмағұлұлы ерте кезден малшылардың баласы болып қатар өстік. Жеңгелеріміз «Сары бала» деп ат таққан сол сары бала мектепті бітіріп, біраз жыл ауылда еңбек етіп, армияда болып, Алматы финанс-статистика техникумын аяқтап, көп жылдардан бері Жанатас қалсында әр салада қызмет істеді, қазір зейнеткер. Өмірлік жары қостанайлық Майрамен сол әсем Алматыда — студенттік қызығы мол жылдары танысып, көңілдері жарасып, бірлесіп шаңырақ көтерді. Саналы өмірлерін Жаңатас қаласында өткізіп, елге қызмет етті. Ұл-қыздары азамат болып, әкесі мен шешесіне немере сүйгізіп, өмірдің ағымына сәйкес тіршілік етіп жүрген жайлары бар.
Қабланбек Айтбайұлы ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепті 1970 жылы үздік бітіріп, жүрек қалауымен Қазақ мемлекеттік С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) университеттің математика факультетіне түсіп, оны да жақсы бітіріп, Алматыда қызметте қалды. Жұмыс істей жүріп, кандидаттық диссертация қорғап, көп жылдар Алматы транспорт және коммуникация академиясында, экономикалық-технологиялық институтта оқытушы болып істеді. Соңғы кезде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дәріс берді. Кейін Алматыға кері оралды. Yйленген. Жары қазалылық КазГУ-дің түлегі Рыскүл екеуі екі ұл, бір қызды өмірге әкелді.
Маман Жұматұлы да 1970 жылы мектепті зерек бітіріп, кезінде Шымкент химия-технология институтын тәмамдады. Біраз жыл Жаңатас қаласында қызмет істеп, еліміз тоқырауға ұшыраған өткен ғасырдың 90-шы жылдары Шымкент қаласына қызметін ауыстырып, біраз сол шаһарда қызмет етіп зейнеткерлікке шықты.
Айтпақшы, ауылда Серікбайұлы Күзбасар деген бірге өскен досым бар. Бар болғаны сегіз кластық білімі бар. Өмір тауқыметін көп көріп, шаршамай-талмай кеудесін алға сүйреп келеді. Тәуба, елден қалмай үйленді, бала-шаға өсірді, құда-жекжат болды. Тракторист болып елде біраз жыл еңбек етті, денсаулығына байланысты оны тастап, қарауылшы, қол жұмысшы болып та істеді. Бірнеше рет ішек-қарнына операция да жасатты (оның соңғысын – ішектің жабысқақ ауруына мен өз қолыммен операция жасап бердім). Тұрмыс-тіршілігі шалқып тұрмаса да көңілі ашық, пейілі кең, қолы ашық, қолынан келіп тұрса ештеңеден аянбайды. Кездескен сайын ойын-қалжыңы дайын тұрады. Осындай жандарды көргенде «Дүние тұтқасын ұстап тұрған осы Күзбасардай азаматтар ғой. Олар болмаса не болар еді…» деген терең ойға кетесің. Күзекеңнің көп қыздың ортасынан таңдап алған Күлімшә деген өнерлі жұбайы бар. Өлең айтқанда көпті тәнті етіп, таңғалдырады. Ол аудандық өнер жарыстарына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған.
Ауылда бірге өскен Қуатбай Сәулімбайұлы деген жақын туысым-құрдасым бар. Әлгі, жоғарыда «Диірменші ата» атанған Сәулімбай қарияның кенже ұлы. Қатар өстік, мектепке бірге бардық. Жастайынан еркелеу өсіп, барлық әуестігі жылқы малына ауып тұратын. «Көкпар» десе болды алдындағы асын жерге қоятын. Атын баптап, суытып, сабағын жіберсе де кезекті көкпарды жібермейтін еді сабазың. Сол көкпар тартып жүріп талай рет аттан құлап, аяқ-қол сүйектерін сындырды да, тіпті кейін бір аяғы екінші аяғынан қысқа болып, мәңгілік шойтаңдап қалғаны бар. Осы күнге дейін көкпар, бәйге десе делбесі қозып, арқасы қызып, желкесі шымырлап тұрады. Ол көп жылдар ауылдағы құрылыс бөлімінде шағындау дырылдақ тракторды айдап, содан өмірлік нәпақасын тауып жүрді. Оны бір жақсы қасиеті – жүрген жерінде тазалыққа ерен мән беріп, тап-тұйнақтай етіп жүруі. Үйі мен ауласын қойғанда, тіпті, мінген тракторын қызға баратын жеңіл машинадай жайнатып, бояп, сырлап, қоңыраулатып, шашақтап, айналатып қойғанын көріп еріксіз риза боласыз. Көп жылдан бері ол Үшбастың сыртындағы «Қамыр әулие» бейіт маңын ерекше ынтамен ретке келтіріп, су мөлдір бұлағын тазартып, төңірегіне тал егіп, жолдарын жөндеп, бәрін реттеп жүретініне сүйсінесің. Оның бұл тірлігіне жұрттың рахметтен басқа айтары жоқ. Егер әрбір азамат осы Қуатбайдай туған жеріне, оның табиғатына сүйіспеншілікпен мән беріп, ұқыптылықпен қараса қалай ол өлке жайнап тұрар еді деген ойға келесің еріксіз. Сонымен қатар оның ауыл-көршілері арасында жүргізетін емшілігі бар. «Көз тиген, назарға ұшыраған» деп жас сәбилерге түкіріп, шөптерден дәрі жасап ем-дом жасап жүретін емшілік қасиетін көпшілік айтып жүреді. Тіпті, соңғы кезде ауырған малдарды емдейтін болды деп естиміз. Шипасы тисе болды да… Аман-есен жүріп, ғұмырлы болғай!
Үшбастағы Қамыр әулие бейіті
Тағы бір есте қалған замандасым Көлшікбай Бойтанов болатын. Ол да шекесін қыздырып, мектепті жарытып оқымады. Әупірімдеп жүріп Луговойдағы (қазіргі Құлан ауылы) зооветтехникумды бітірді, үйленді, балалы-шағалы болды. Бірақ, өмірі берекесіздеу болып, тайғақтап Жаңатасқа, одан кейін Алматы жаққа қоныс аударды. Ұзын құлақтан естиміз, тәуіпкершілікпен айналысып, халық емшісі болып жүр дейді. Анда-санда елге келіп бой көрсетіп кетеді. Не істеп жүр, немен айналысады оны өзі білетін. Қара жер қойнынан ешкім де қашып құтылмаған. 2020 жылы Павлодар жақта қызының үйінде өмірден өтті деген қаралы хабар келді. Иманы серік болсын.
Бойтанұлы Берді ағамыз кезінде әжептеуір қызметтерде болды, біраз жыл Үшбаста ферма меңгерушісі болып қызмет атқарып жүріп, ел алдында қадірлі азаматтың бірі болды, әттең кәдімгі соқыршектің асқынуынан ертерек қайтыс болып кетті. Өзі өмірден кеткеннен кейін бала-шағалары да кең дүниеге тарап кетті. Өсіп, әрқайсысы жеке-жеке отбасы. Біразы Таразда, Қаратауда, Алматы маңында тұрады. Барлығының басын біріктіріп, жақсылыққа дәнекер болып Ханзада жеңгеміз ауыл мен қала орталығында шапқылап жүреді. Оған Құдай қуат берсін делік.
Үшбастық замандастар-құрдастар
Өмірбек бен Өндірбек (марқұм) Жақышұлдары, Тасболат пен Ділдә Маңдайшашұлдары, Ілесбек Айтжанұлы, Оразәлі, Оразғали мен Жамбай Нақыбайұлдары, Сайлау (2010 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды) және Жайлау Сұлташұлдары, Мәмен мен Сәмен Жұматұлдары туған өлкеде техниканың тізгінін мығымдап ұстап, трактор мен автомашинаның құлағында ойнайтын механизатор болып еңбек етті, ауылдың дамуына елеулі үлес қосты. Шыршықбай мен Көмешбай Алпысбайұлдары (екеуі де өмірден озды), Көлбай Нақыбайұлы (кейін ОҚО-ның Шұбар аулына қоныстанды), Сайлау мен Әбілхан Серкебайұлдары, Ахан Исаұлы (марқұм), Ізбасар Алмабайұлы да ел төсінде аянбай еңбек етті. Барлығы үйлі-баранды болды, өмірлерін бұл күндері ұрпақтары жалғастырып келеді. ”Баршылыққа тәуба, көрсеткенге шүкіршілік!” деп ғұмыр кешуде. Ауыл қариялары – ауылдың бетке ұстар қазынасы болды. Әшірқұл, Байжан, Кіребек, Маңдайшаш, Рысдәулет, Шынтай, Ордабек, Жақыш, Айтбай, Жүсіпбай. Жұмағұл, Жұмат, Иса, Алпысбай, Қыдырәлі, Алмабай сияқты азаматтардың адал еңбектерінің арқасында ауыл көркейіп, қанатын кеңге жайды, ұрпақ сабақтастығы жалғасты. Өкініштісі, қариялар біріне бірі орын беріп, өмірден кезек-кезек озып жатыр. Олардың ортасында өлімге қимайтын қазыналы қариялар да бар еді-ау. Біреуінің орнын біреуі алмастырып, өмір жалғасуда. Жас ұрпақ өмір эстафетасын алға тоқтаусыз жылжыта бермек, жылдар тек алға тарта бермек. Бұл – өзгертілмейтін өмір заңы.
Әр ауылдың бетке ұстар беделді, сөзіне құлақ асатын сыйлы қариясы болады. Сондай азаматтың бірі менің жақын туысым Ілесбек Айтжанұлы болды. Отбасында жалғыз ұл болып өсіп, еңбекке ерте араласты. Байқадамдағы СПТУ-ды бітіріп келіп шаруашылықта ұзақ жылдар автомашина жүргізушісі болып еңбек етті. Туған аулына қамқоршы болып, жерлестерімізге қол ұшын беріп, жастарды бірлікке, татулыққа, еңбекке жұмылдыра білді. Өзіне табиғат берген мінезі мен ынтасы арқасында өз ортасында сыйлы болатын. Сол қабілетін басшылар байқап, ауыл қырманының бастығы, қойма меңгерушісі қызметтерін сеніп тапсырып еді. Зейнетке шықаннан кейін қазыналы ауыл қариясына айналды. Ауылдың шешілмей жатқан кейбір мәселелерін аудан басшыларына белсенді жайда жеткізіп, жерлестеріне абыроймен қызмет етті. Балаларына жеңгеміз Сұлухан екеуі жақсы тәрбие, жоғары білім беріп, ел қатарына қосты. Елдің қамын өз ісінен көбірек, басым ойлайтын Ілекең 77 жасқа келіп өмірден озды. Артында жақсы сөз, өскелең саналы ұрпағы қалды. Ағаларымыз Нұртай, Келесбай, Нұрәлі, Орынтай, Қуаныш, Берді, Құрман, Өзенбай, Базарбай, Мейрамбай, Көлбай және де басқалары жайлы көсіле сөз қозғауға молынан болады. Олардың әрқайысысы жеке-жеке әңгіме-дастан, ал еске түскен кейбір сәттерін суреттесек ол ұзақ, таусылмайтын жыр, айтылмаған сыр.
Ал, қыздар болса, мектеп бітірісімен әрқайсысы арман қуып, дүниенің төрт бұрышына қанат қағып, өз бақыттарын іздеп кетті. Біреуі Алматыда, екіншісі Астанада, үшіншісі Шымкентте, Қаратауда, төртіншісі Жаңатаста, өмірден өз жолдарын тауып, данышпан Абай тілімен айтсақ әрқайсысы ”өмірдің кірпіші болып, өз орындарын тауып, қаланып” кетті. Оның барлығы өмір заңы. Мәңгілік қозғалыс, сағымға айналған сағынышты жылдар…
«Бір бірін бауыр дескен,
Бәріміз ауылда өскен.
Достар едік, дос едік,
Керуендей көшеді
Балалық шағым,
Жеткізбес сағым.
Ауылда қалған, өмір бір арман,
Дүниенің жалғаны- ай.
Ауылда қасы толған
Өмірге ғашық болған
Достар едік бәріміз.
Ауылымның әні еді
Балалық шағым,
Жеткізбес сағым.
Ауылда қалған, өмір бір арман,
Дуниенің жалғаны-ай.
Ауылда ойнап толғандым бала кезде
Ауылда басып жолдардың дала кезген
Жаралған бәлкім жүрегім дала құмнан.
Сағынсам көзге жас келер жанарымнан,
Балалық шағым, жеткізбес сағым
Ауылда қалған, өмір бір арман
Дүниенің жалғаны-ай»,
— деп әнші Нұрлан Абдуллин орындайтын «Ауылым» әні анда-санда есіме түседі. Көрнекті қаламгер-ақын Қадыр Мырза Әлі «Туған жерден қаншалықты алыстасаң, жаныңмен соншалықты жақындай түсесің» — деген қанатты сөзі, шынында да рас болар. Жылжып жылдар өткен сайын зымырап, тоқтаусыз өткен уақыттарыңды ой-сана елегінен өткізіп, кей сәттерді, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарды күрсіне есіңе алып, жүрегің жылып, көңілің бір марқайып қалады екен. Қазақ бабаларымыздың «Көңіл қартаймайды» деген сөзі орынды айтылған болар, сірә. Көңілде барлығы күні кешегідей-ау…
Иә, туған жерге туын тігіп, бала-шаға өсіріп, немере сүйіп, адал еңбек қадірін біліп, атамекенін көркейту үшін аянбай маңдай терлерін төгіп, ауыл түтінінің тік шығуына үлес қосып жүрген ауыл-жұрт, құрбы-құрдастар аман болсын!
Мына, жылдар мен жас деген шіркін өз айдауына еріксіз көндіріп жатса да шуақты, бақытты, қуанышты күндер мол болып, өз төрімізден төмендетпей қартаюды жазып, көңіліміз қартаймасын, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облысының және Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.