Бір тал кессең, он тал ек…

0

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған қазақ үшін тал егу-артына ұрпақ қалдыру секілді ұлы істердің бірі. Тал егу арқылы балалардың табиғат-Анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Иә, әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс.
Тал егу дәстүрі ұрпақтар сабақтастығының жалғасы болып саналады. Табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталатын игі шараның астарында үлкен өнеге жатыр.
Ауданымызда тал егу жұмыстары төрт мезгілдің көктем, күз мезгілдерінде жақсы жолға қойылған. Қалаға Тараз қаласынан келер жолда жайқалып тұрған талдарға көзіңіз түсіп, сүйсінесіз.
Ал, өткен аптадағы тал егу жұмыстары Жаңатас қаласының МЭЗ елді мекенінде жүргізілді. Игілікті акцияға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Аудан басшысы көгалдандыру жұмыстарының маңызын атап өтіп, елді мекеннің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мұндай шаралардың тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтты. Сонымен қатар бүгінде аудан көлемінде жасыл желектерді көбейту бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Акция барысында 2500 тал көшеті отырғызылды. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл алқапты көбейтуге қосар үлесі мол болмақ. Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері ауданның көркеюіне осылайша үлес қосу-баршаға ортақ іс екенін атап өтті.

Дәмеш МҰХАНОВА,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.