Ала доп шеберлері жүлдемен оралды
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында буллингтің (оның ішінде кибербуллингтің), суицидтің алдын алуға және репродуктивті денсаулықты қалыптастыруға бағытталған техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында облыс әкімінің кубогі үшін облыстық кіші футбол турнирі өткізілді.
Турнирдің мақсаты «Заң және тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен түсіндіру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық сайыстар арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар буллинг (кибербуллинг) пен суицидтің алдын ала отырып репродуктивті денсаулықты қалыптастыру, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студент жастарына қолдау білдіру болып табылады.
Аталған турнирді салтанатты түрде ашу үшін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараның концерттік бағдарламасы аясында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері А.Атаниязова, Ж.Өстемірова әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Облыстық кіші футбол турниріне қатысқалы отырған қалалық және аудандық білім беру мекемелерінен келген командалар таныстырылып, ортаға шақырылды. Олар Тараз қаласынан Жамбыл политехникалық жоғары колледжі және Тараз инновациялық көпсалалы колледжі, Сарысу ауданынан Жаңатас көпсалалы колледжі, Байзақ ауданынан №3 Байзақ колледжі, Жамбыл ауданынан №17 Жамбыл колледжі, Қордай ауданынан Береке гуманитарлық-техникалық колледжі, Меркі ауданынан №9 Меркі колледжі, Т.Рысқұлов ауданынан Құлан агротехникалық жоғары колледжі, Талас ауданынан Қаратау құрылыс техникалық колледжі, Шу ауданынан № 10 Шу колледжі, Жуалы ауданынан №16 Жуалы колледждері қатысты.
Тартыс өткен жарыста Сарысу ауданынан барған Жаңатас көпсалалы колледжінің жастары жүлделі ІІІ орын алып, кубок пен диплом табысталып, сонымен қатар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сарысу жастарының жарысқа қатысуына үлес қосып, автокөлікпен демеушілік көрсеткен «Казфосфат» ЖШС-нің филиалы «Қаратау» ТКӨК басшылығына көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Ж.Қыстаубаева,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ
директорының уақытша міндетін атқарушы