Ардагерлер форумы

0

Өткен аптада аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Әділ қоғамның бастауы-заңға құрмет пен отбасындағы тәрбие» атты аудандық ардагерлер форумы өтті.

Басқосуға облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Қ. Ильясов, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы С. Мыңбаев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасының төрайымы Х. Оспанова, «Жас шаңырақ: бақыт пен жауапкершілік жолы» облыстық «Асабалар алаңы» ҚБ төрағасы Р. Нұрақбаев, облыстық асабалар қоғамының мүшесі Н. Жаңабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Аппазов, Сарысу ауданының имамы Ғ. Қонақбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Қ. Жандарбек, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы М. Мизенбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы С. Қожаназарова, аудандық полиция бөлімінің өкілі Е. Мұсаев, ардагерлер кеңесінің мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форум аудандық «Сарысу» халықтық театры өнерпаздарының «Сен үшін» көрінісімен ашылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов:
-Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ауданымызда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» жобасының қорытындыларын талқылау үшін бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз етуді, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуды мемлекеттің басты бағыты ретінде айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сарысу ауданында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылуда,-деді.
Іс-шара барысында «Ата-ана — ұрпақ тәрбиесінің бастауы», «Құқықбұзушылықтың алдын алу», «Тәртіп пен тағылымның түбі – дін мен заңда», «Билер өнегесі – әділдік пен тәртіптің мәңгілік мектебі», «Жастардың құқықтық санасын қалыптастыру – әр әкенің аманаты», «Заң мен ізгілік тоғысқанда – ананың рөлі ерекше» тақырыптарда спикерлер тұшымды әңгімелерін ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Форум соңында бірқатар ардагерлерге «ЗТБ Альянс» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сый-сияпат жасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.