Округ әкімінің сайлауы өтті
Елімізде сайлау жүйесін дамыту үнемі іске асуда. Себебі демократия қашанда өзгеріс пен дамуды қалайды. Ал ол үшін саяси институттар мен саяси процестер де үнемі өзгерісте болуы абзал. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау шарттарын өзгертуді ұсынды. Атап айтқанда ауыл әкімдері тікелей ауыл халқының таңдауы негізінде іске асуы тиіс. Бұл сайлау науқанының дамуына тікелей әсер етеді. Президент одан бөлек Парламент сайлауына қатысты да өзгерістерді енгізу керектігін атап өткен болатын. 2021 жылдың мамыр айының соңында Қазақстан Президенті сайлау заңнамасына түзетулерге қол қойды, оған сәйкес аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланады. Өткен аптаның жексенбісі күні Тоғызкент ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті.
Тоғызкент ауылдық округіндегі №384 сайлау учаскелерінде ауыл тұрғындары таңғы сағат 07.00-ден бастап, белсенді түрде дауыс берді.
Сайлау күні ауыл тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Сайлау учаскелеріне таңғы сағаттардан бастап келген сайлаушылар өз таңдауларын жасап, азаматтық борыштарын орындады. Дауыс беру барысы заң талаптарына сай, ашық әрі әділ түрде өткізілді. Сайлау учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалып, бақылаушылар мен комиссия мүшелері тарапынан сайлау процесінің әділдігіне баса назар аударылды. Бұл сайлау – ел ішіндегі демократиялық дәстүрдің, азаматтық жауапкершіліктің және ауыл тұрғындарының өз ауылының болашағына деген бей-жай қарамайтындығының айқын көрінісі болды.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Жақсыбек Оспанов:
-Өз таңдауымызды жасадық. Енді, Алла жазса болашаққа сеніммен қараймыз. Ауылымыз әрі қарай көркейіп, жақсы дамиды деп ойлаймыз.Жергілікті әкімдердің сайлауына шыққан заңды біз құптаймыз. Не болсада, енді әкіміміз одан әрмен ауылымызды көркейтіп, ауылдың көшесін, тұрмысымызды жақсартатын шығар деп ойлаймыз, соған сенімдіміз,-деді.
Сайлау барысында қарт және ең жас сайлаушыларға сыйлық берілді.
С. РЫСБЕКҰЛЫ,
«Sarysý»