Тұрғындардың белсенділігі-тазалық кепілі

0

«Тазалық-табалдырықтан басталады»-демекші, тазалық әр ауладан, әр отбасынан басталады. Егер әркім өз ауласын таза ұстап, жүрер жолын түрлі қоқыс-қалдықтардан тазартып жүрсе, оның нәтижесі қоршаған ортаға да оң әсер ететіні анық. Керісінше, кішкентай қоқысқа немқұрайлы қарап, алып тастауға ерінетін болсақ, бір айналып келгенде әлгі жер құйын аралап кеткендай ыбырсып жатады. Демек, сіздің өзіңіздің тұрғылықты мекеніңіздің тазалығына бөлген кішкентай көңіліңіздің өзі үлкен рөл атқарады. Рас, кейде оны тазалауға міндетті мекемелер бар деп бар жауапкершілікті толығымен соларға ысырып тастаймыз. Міне, осы түсінік көбінесе қаланың таза болуына кері әсерін тигізіп жатады.
Жұмыс орнының айналасына жауапкершілікпен қарайтын басшылар, өз ауласын үнемі таза ұстайтын тұрғындар да баршылық. Алайда тұрғындардың бір пайызының өзі күніне кез келген жерге бір қоқыстан тастағанның өзінен қанша қоқыс жиналатынын бағамдай беріңіз.
Түптеп келгенде, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау-бұл әрбір азаматтың бас­ты міндеті. Осы міндетті жақсы білетін 5 «а»-шағынауданындағы Т.Бокин көшесінің ардагерлері тұрғын Еркін Нарбековтің бастамасымен көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізді. Бей-берекет шашылып жатқан тастарды, қалып кеткен құрылыс материалдарын бір жерге жинап, арықтардың іштерін, қоқыстарды тырмалап, белгіленген орындарға тастады.
«Елімізді таза ұстау, көгалдандыру, абаттандыру-мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл-бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл-жалпыұлттық мәселе»-деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жергілікті тұрғындар тазалықты сақтау үшін ең алдымен балаларды тәрбиелеу керектігін айтады. «Тазалық – иманнан» деген сөзді естіп өскен ұрпақ ешқашан қоқысты бей-берекет тастамайды. Сондықтан мектеп пен балабақша қабырғасынан бастап тазалық мәдениетін қалыптастыру қажет», – дейді 5 «а» шағынауданның ардагерлері. Сондай-ақ, тұрғындардың айтуынша, экологиялық сенбіліктерді тек көктем мен күзде емес, ай сайын өткізу тиімді болмақ. Әрбір отбасы өз ауласын, әрбір кәсіпкер өз нысанының маңын таза ұстауды әдетке айналдырса, ауданымыздың келбеті жақсара түседі. Тазалықты сақтау-әкімдікке ғана жүктелген міндет емес. Ол әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналғанда ғана тұрақты нәтиже береді.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.