Сенбілікке серпін берейік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып отырған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы тазалыққа, ізгілік пен ұйымшылдыққа бағытталған.
Бұл ретте Президентіміз: — Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматтарымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық. Мұны ел ішінде жаппай қолдау тапқан жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісі, халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы деп түсінген жөн. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру-өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет- деп атап өткен болатын.
Осы орайда, акция аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданымызда жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Аудан көлемінде қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру жұмыстары бойынша күзгі екі айлық өткізу туралы 2025 жылғы 25 тамыздағы №210 қаулысына сәйкес, 6 қыркүйектен бастап 1 қараша айына дейінгі өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарына Жаңатас қаласында барлығы 385 адам, 43 мемлекеттік мекемелер және кәсіпорындар қатысты. Шығарылған күл-қоқыс-2,54 тонна, тазаланған аумақ-6,3 км, тазаланған арық-0,350 шақырымды құрады.
Ал, елді мекендер бойынша 8 ауылдық округте 63 мекемеден 720 адам қатысып, шығарылған күл-қоқыс-58 тонна, тазаланған аумақ-84,4 км, 68,1 шақырым арықты тазалады. Игілік ауылдық округі мекеме алдына 200 түп тал, Жаңаталап ауылдық округі «Жаңаталап-Саудакент» тас жолы бойында орналасқан «Жасыл белдеуге» 300 түп тал көшеттерін отырғызды.
Тазалық шарасына аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері де белсенділік танытып, атсалысты. -Екі қолға бір күрек алып, елмен бірге тазалық шарасына қатысудамыз. Осынау игі бастаманың басы-қасында жүріп, келешек ұрпаққа өнеге қалдыру-ұрпақ аманаты екенін ұмытпаймыз. Айналамызды таза ұстау- ортақ міндет,-дейді ардагерлер. Сонымен қатар, игілікті шараға аудандағы этнос өкілдері, жастар да атсалысып, барлық сарысулықтарды тазалыққа шақырды.
«Sarysý»-ақпарат