Монументке гүл шоқтарын қойды

0

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 34 жыл толды. Осыған орай аптаның жұмасы күні қаламыздағы семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шарада аудандық мәслихат төр­ағасы Ш.Мұсабеков сөз сөйлеп, жарты ғасырға жуық жүргізілген ядролық сынақ зардаптарына тоқталып, жан түршігерлік алапатқа тоқтау қойған қаулы егемен ел ретінде Қазақстанның алғашқы қабылдаған тарихи шешім­дерінің бірі болғанын жеткізді.
Одан кейін ауданның Құрметті ардагері Жеңісбек Әмірбеков полигон­дағы ядролық сынақ аумағы адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зардап әкелгенін тілге тиек етіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, жақсы күндерде жолы­ғайық деген тілектерін білдірді. Шара­ға қатысушылар ядролық сынақ құр­бандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар осы күні аудан әкім­дігінің мәжіліс залында Семей полиго­нының ардагерлерін қабылдау рәсімі өтті.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов сөз сөйлеп, ядролық сынақ алаңы жабылысымен адамдардың, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және емдеу жолында ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау мәселесі қолға алынып, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіле бастағандығын айтып, сіздердің атқарған ерліктеріңізді терең түсіне отырып, құрметтеу және бағалау жас ұрпақ алдындағы өтелмес парыз екеніне тоқталып, бірқатар арда­герлерді «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Сонымен қатар, «Таң нұры» Семей полигоны қоғамдық ұйымының төр­ағасы Ізтай Орынтай сөз сөйлеп, семей полигонының зардаптарына тоқталып, еліміздің амандығын тілеп, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына алғысын білдірді.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.