Көпбалалы аналар ардақталды

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстау бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл құрметті атақ өмірін бала тәрбиесіне арнап, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан аналарға беріледі.

Аналық мейірім-ең ұлы еңбек, ол қамқорлыққа, сүйіспеншілікке және шексіз адалдыққа толы. «Ана» сөзі әлемнің түкпір-түкпірінде бірдей жылы естіледі, себебі дәл осы тұлға баласына алғашқы махаббат сабақтарын үйретіп, сенімділік пен мейірімділік дарытады. Ананың махаббаты-бізді жақсы адам болуға жетелейтін сарқылмас күш.
Салтанатты басқосуда аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі:
-Ана-күштінің күштісі, мықтының мықтысы, ерекше құдіреттің иесі. Жер бетінде қанша адам болса, солардың әрқайсысы «Ана» деген құдіретті сөзге өзінше жаңа, тың мағына береді. Ана мен бала арасындағы махаббатты, сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қандай әдемі сөз айтсақ та, ананың баласына деген шексіз ықыласын, риясыз көңілін сипаттап бере алмайтындаймыз. Ана баласын сөзсіз түсініп, жүрегімен сезеді. Бауыр еті баласының жай-күйін қабағынан-ақ аңғарады. Кімнің де болсын өмірдегі ең бір жанашыры, шынайы қамқоршысы-анасы. Ендеше осынау ұлы есімді үлкен жауапкершілікпен ар­қа­лап, халық санын көбейтуде, бала тәрбиесінде үлкен үлес қосып жүр­ген өздеріңізге алғыс айтамыз. Кеу­де­­леріңізге таққан алтын, күміс алқа құтты болсын. Балаларыңыздың қызы­ғын көріп, бақытты, баянды ғұмыр кешуге жазсын,-деп тілек білдіріп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады. Аудан әкімі көпбалалы аналарға қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі айрықша еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, отбасылық бақыт, бақуатты тұрмыс тіледі. Аудан басшысы әр көпбалалы анаға мерекелік сыйлық пен гүл шоқтарын тапсырды. Көпбалалы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалін омырау­ларына тағып, қуаныш құшағына бө­ленді. Мемлекет басшысының Жар­лығына орай омырауларына алтын және күміс белгілері тағылған аналар да аянып қалмады, осынау қошеметке ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік жыл сайын ауданымызда бала туу көрсеткіші көтеріліп, көпбалалы жас аналар қатары көбейе түсуде.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.