Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мерекесімен құттықтауы
Құрметті сарысулықтар!
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді елдігіміз бен өрлігіміздің мерейлі мерекесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке-ұлт бостандығы мен ел еркіндігінің төл мерекесі!
Бұл мереке-еліміздің 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Ата Заңын қабылдап, әлемге өзін құқықтық, зайырлы, әлеуметтік және демократиялық мемлекет ретінде жариялаған ұлық мереке!
Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ел егемендігінің аса маңызды айшығы, тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің тірегі. Ол қоғамдағы жалпыхалықтық үрдістер мен ұлттық рухани құндылықтардың нығайтуының, әр адамның және мемлекет негізі саналатын отбасының әлеуметтік жағдайының жақсаруына негіз қалады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы өткен жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз еліміздің саяси және қоғамдық құрылысына жаңаша сипат беріп, «Жаңа Қазақстанды» құру мен ұлтты ұйымдастырудың нағыз символына айналғаны уақыт шындығы.
Ата Заңымыздың арқасында мемлекет пен азаматтық қоғам дамуының стратегиялық бағыттары анықталып, еліміздің айбынды Қарулы Күштері мен мемлекеттік құрылымдарының жаңа дәуірдегі қағидалары бекітілді. Экономикалық және әлеуметтік-саяси өмірінің өркендеуінің барлық алғы шарттары жасалды. Конституциялық Соттың құрылуы осындай институционалды реформаның біріне айналды. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейлінше арттырды. Ең бастысы, негізгі заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының берік қорғалуының кепілі ретінде өміршеңдігін көрсетті. Өйткені, еліміздің Бас құжаты мемлекетіміздің жарқын бүгіні мен жасампаз болашағының айнасы болып қалыптасып отыр.
Туған Отанымыздың биік белестерді бағындырған осы жылдары қол жеткізген барлық жетістіктері ел Конституциясының және оның негізінде қабылданған заңнамалардың іс-әрекетінің нақты нәтижесіне айналды. Егемен елімізде берік орныққан этносаралық және дінаралық келісім мен татулық, ынтымақ пен бірлік Конституциялық құрылымның айшықты айғағының жарқын көрінісі биігіне көтерілді. Ата Заңымыздың шеңберінде әлем елдерімен жібек жіптей жалғасқан сындарлы сыртқы саясатымыз қалыптасты. Өйткені, Конституциямыз біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, белсенді азаматтық қоғам құруға жан-жақты ықпал еткені ақиқат. Сондықтан да, біздің ортақ парызымыз, ол Негізгі заңға үлкен ұқыптылықпен қарауды өз Отанымыз бен тарихымызды құрметтегендей құрметтеу деп санаймын. Ал, қасиетті Сарысу жұртшылығы да өркениеттiлiк пен гуманистік принциптерiн ұстанған елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары Ата Заңымыздың болашағына берiк сенiммен қарайтындығына сенімім мол.
Ардақты ағайын!
Барша аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Ел игілігіне арналған еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектеспін!
Ата Заңымыздың мерейі мәңгі ұлық болсын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын!