Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде
Жыл сайын көктем-күз айларында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді мекендерде кенеге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Осы орайда ауданымызда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданымызда 12 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағына енгізілген. Биыл 1409 қора-жай мен 30 мың шаршы метр буферлік аймаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар үш кезеңнен тұрады, оның бірінші және екінші кезеңі толық аяқталған. Үшінші кезеңі 18 тамыздан басталды. Залалсыздандыру жұмыстары үшін қажетті дәрі-дәрмектер толықтай сатып алынған.
Сонымен қатар, Конго Қырым геморрагиялық қызбасының эндемиялық аймағына енбеген 13 елді мекенде де кенеге және зиянды организмдерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 3 кезеңде қатар жүргізілуде.
Залалсыздандыру жұмыстарын сапалы жүргізуді қамтамасыз ету үшін барлық елді мекендер аумағында механикалық тазалау жұмыстары атқарылды.
Ветеринария мамандарының айтуынша, инфекцияны жұқтыру көп жағдайда кене шағумен, мал күтімімен, ауыл шаруашылық жануарларын союмен, науқасқа күтім жасаумен байланысты болады. Сондықтан далалық аймақтарда жүргенде барынша сақтанған абзал. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала кенеге қарсы егіп, қораларда кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу керек және мал күтімімен айналысуда бөлек арнайы киім кию қажет.
«Sarysý» ақпарат