Қала тазалығы әр тұрғыннан бастау алады

0

Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Ауданымызда тазалық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аудан орталығы Жаңатас қаласында күнделікті шашылатын қоқыс мәселесі бар. Оны тазартумен айналысатын ұйым үздіксіз қызмет етуде. Алайда, бір қаланың тазалығын сақтау үшін бір ғана ұйым ішіндегі қызметкерлердің жұмысы жеткіліксіз.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар кеншілер қаласы күннен-күнге құлпырып келеді. Республика, облыс, аудан тарапынан қолдаулар көріп, шешуін күткен мәселелер атқарылып келеді. 10 жыл ішінде аудан орталығы түрлене түсті. Апта сайын мекеме, кәсіпорын қызметкерлері балалар ойын алаңшасы, орталық саябақтар ішінде тұрғын үй аулаларын, орталық көшелерде сенбілік жұмыстарын ұйым­дастырып келеді. Елімізде экология­лық мәдениетті нығайту мақсатында ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақ­стан» республикалық акциясы аясында бүгінде қалада көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Алайда мемлекет тарапынан са­лын­ған қаладағы көрікті жерлеріміз таза­лық мәдениетті сақтамаған, елге жаны ашымаған азаматтардың кесірі­нен бүлініп қоқысқа айналуда. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен кейбір тұрғындардың кесірінен қо­қыс қалдықтарынан көз ашпаймыз. Бұны айтатын себебіміз де бар. Атап ай­тар болсақ орталық саябақтар іші, қаладағы шағынаудандардағы қоқыс тастайтын орындардың маңайы, Халық банкінің алды шашылған қоқыс. Ауда­ны­мыздың айнасы «Сарысу» газетінің алдындағы су ағарларды кейбір тұр­ғындар үйден шыққан қал­дық­тармен толтырып тастайды. Ең сор­ақысы ас атасы нанымызды аяқ асты етуде. Әкім­шілік тарапынан егілген гүлдер мен тал­дарды қараусыз жүрген жылқы, сиыр, ит, мысықтар құртуда. Талапқа сай салынған балалар, футбол ойын, алаңшаларын, көше бойындағы жарық шамдар мен орындықтарды сындырып, бүлдіріп, тіпті пістенің қабығын, темекінің тұқылдарын бей-берекет шашып кететін өзімізбіз. Сол қоқыстарды орындықтардың әрбірінің қасына арнайы қойылған қоқыс жәшіктеріне тас­тауға не кедергі?
Бұның барлығын сырттан келіп бүл­дірмейді. Әр тұрғын туған жерге, тұрып жатқан өлкесіне жаны ашыса бұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.
Қаламыздың көркі мен тазалығы баршамызға байланысты. Тұрғындар қарапайым тазалық мәдениетін сақтап, өз қаламызға жанашырлықпен қарау керек. Қала тазалығы қай кезде болмасын басты мәселелердің бірі болып келеді. Тазалық жөніндегі қызметкерлер де қыс бойы шытынаған аязды күні көше тазалығы үшін аянбай қызмет етеді. Мұн­дай еңбекті өздеріңіз де көзбен көріп жүрсіздер. Сондай-ақ соңғы жыл­дары тазалық мәселесіне жоғары бас­шылықтан аса мән беріліп келеді. Яғни қаланы таза ұстаумен қатар, көгал­дан­дыру, көркейту мәселесіне ерекше ден қойылған болатын.
Бүгінгі технология шарықтап дамы­ған заманда әр адамның көзі ашық, кө­кірегі ояу. Қай істің дұрыс, қай істің бұрыс екенін саралай алатындай деңгейі бар. Бірақ сол тұрғындарға тазалықтың өз табалдырығынан басталатынын жет­кізу соншалықты қиын болып отыр ма? Жоқ, әрине. Сана тазармай, қала тазармайтыны секілді, әр адам тазалықты өзінен бастар болса, қаламызда таза­лық жөнінен мәселе қозғалмас еді.
Кей тұрғындардың аулаға бей-бере­кет шығарған қоқыстары қала көше­лерін ластап жататыны анық. Осы орайда ауданымыздың желді ауа райын ескере отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды ашық түрде тастамауы қажет. Ескере кетсек, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, оның ішінде белгіленбеген орындарға ком­муналдық қалдықтарды тастау бойынша бейнебақылау камералары арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады.
Көрікті қаламыздың экологиясы-басты мәселе. Ауа ластанбай, тазалық шарасы сақталған жерде ғана қоршаған ортаға зиян келмесі анық. Сол үшін сіз бен біз болып қала тазалығын басты назарда ұстайық! Өскелең ұрпақ бойына тазалық мәселесінің адам өміріндегі маңызы туралы айта жүріп, өз мекеніне зияны тиетін іс жасамауына кепіл бо­лайық.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.