Сарысулықтарды газетке жазылуға шақырды
Апта ішінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС өкілі сарысулықтармен кездесу өткізді. Жиынға бірқатар бөлім басшылары және қызметкерлері қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ж.Жаркенов жүргізіп отырды.
Жиында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-і директорының орынбасары Азамат Есалыұлы «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның құрамындағы облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Arai» жастар газеті жайлы айтты.
— Шындығында жылдан-жылға газет-журналдарға жазылу төмендеп барады. Бұл дегеніміз-халықтың жағдайының төмендеп бара жатқандығының белгісі емес, бұл-рухани аш бола тұра рухани дүниеге көңіл бөлмейтінінің белгісі. Газет-журналды оқып, пайдасын көрмеген кез келген адам газет-журналды керек емес дүние деп есептейді. Бұл дұрыс көзқарас емес. Көп адам ішкі рухани сұранысын интернет арқылы қамтамасыз етемін деп ойлайды. Бірақ интернеттің пайдасынан зияны көп. Оның салдарын қазірдің өзінде көріп жүрміз,-деп сарысулықтарды облыстық басылымға жазылуға шақырды. Сонымен бірге газетке жазылған мұғалімдер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жеңілдіктер барын айта кетті.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жарықбасов газетке жазылған ұстаздар газетті уақтылы алып оқи алмай отырғанын, ауыл-ауылды айтпағанның өзінде аудан орталығындағы кейбір көшелерге газет жеткізілмейтінін, бұл мәселе тұрғындардың газетке жазылуына үлкен кедергі болып отырғанын жеткізді, газет басшылығы осы мәселеге мән беру қажеттігін айтты.
Жиын соңында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-і директорының орынбасары Азамат Есалыұлы айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, тиісті жауаптар берді.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»