Абайдан қалған асыл сөз
Саудакент ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы кемеңгер, ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында «Абайдан қалған асыл сөз» атты кеш болып өтті. Кештің мақсаты: Жас ұрпақты ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың өнегелі өмірімен, шығармаларымен таныстыру. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу. Білімге деген құштарлығын арттыру. Мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, жаман әдеттерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу.
Іс-шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова ашып, « Абай барлық қазақ халқының мақтанышы ғана емес, ар-ұяттың, ұлттық намысы. Абай шыққан биік, Абай байлаған тұңғиық қазақ халқының шыққан шыңы, ой түбіне сүңгіген тереңі. Сондықтан, Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған, тым құрыса бір өлеңін жатқа білмейтін жан болмауға тиіс. Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер жазушы Мұхтар Ауезов «Мен Абайды тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал, біз, Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек сол тереңнен дәмін ғана таттық ғой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан, білуден, ұмтылушылықтан, ізденуден жалықпайық» деп айтып өтті. Кеш Абайға арналған көрініспен басталды. Іс шара барысында Абайдың аудармалары «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен түлкі» мысалдарын кітапхананың тұрақты оқырмандары Амангелді Айзере, С. Аманқұл нақышына келтіре оқыды. Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да айтарлықтай мұра қалдырды. Өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырды. Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері А.Утеулиева, И.Сыздықова Абайдың жиырма төртінші және отыз бірінші қара сөздерін оқыды. Абай туралы көріністер қойылды. «Жазғытұрым», «Күз», «Қыс» өлеңдерін кітапхана қызметкерлері Ф.Байділдаев, С.Жөгібаева, кітапхана оқырмандары Мәжит Медина, Орынбай Алуа, Дайрабай Аяулым, Талғатұлы Ералы нақышына келтіріп оқыды. Кітапхана қызметкерлері Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты әндерін тамылжыта орындады. Кітапхана оқырманы Жағыдай Аяулым Нұрғиса Тілендиевтің «Аңсау» күйін нақышына келтіре орындаса, Саудакент мәдениет үйінің қызметкерлері З. Досполова, М.Тұрысбек «Гүлдариға», «Туған жер» атты әндерді шырқады. Кеш соңында «Абай мұрасы-халық қазынасы» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері С.Жөгібаева библиографиялық шолу жасады.