Сала қызметкерлері марапатталды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытов кәсіби мереке қарсаңында су шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Басқосуда аудан басшысы құттықтау сөз сөйледі:
— Су-тіршіліктің қайнар көзі, бұлағы. Табиғи суды реттеп, оны тиісті орындарға жеткізетін арнайы мамандардың жұмысы көзге көрінбегенімен су жүйесін іске асыруда еңбектері ерен. Ауданымызда «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны қала тұрғындарының суға уақытылы қол жеткізуі үшін тынбай еңбек етуде. Мекемеде қазандық қайта қалпына келтіріліп, Германияның «BOSCH» компаниясы арқылы арнайы құрылғылар орнатылды. Аталмыш құрылғыда 4 су қазандығы, 1 бу қазандығы жұмыс жасап тұр. Жаңа қондырғының артықшылығы ұзақ уақытқа дейін жарамдылығында және заманауи технологиялық құрылғылармен жасақталған. Сонымен қатар, «Сарысу сулары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ауылдық жерде тұратын халықты және мекемелерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуде еселі еңбек етіп келеді,-деп, су саласын дамытудағы бастамалары мен табанды еңбектері үшін қызметкерлерге өз ризашылығын білдіріп, Құрмет грамоталар, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтарды табыстады.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз алып:
«Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жыл-«Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Елімізде жұмысшы мамандықтары кеңінен дәріптеліп, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталуда. Біз де өзінің табысын маңдай терімен табатын, өздеріңіздей еңбек адамдарын әрдайым жоғары бағалаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек»,-деп бірқатар сала қызметкерлерін Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Жиын барысында аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмаәлі Орымбаев жылы лебіздерін білдіріп, сала мамандарының жұмыстарына табыс, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Айтулы мереке қарсаңында тіршілік нәрін үйлестіруде қалтқысыз қызмет етіп жүрген сала ардагерлері мен білікті мамандар су шаруашылығы саласының маңыздылығын ескеріп, айтулы мерекеде қабылдап, ілтипат көрсетіп жатқан аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
С.Есқараев,
«Sarysý»