Еңбек еткеннің еңсесі биік
Су шаруашылығы-ел экономикасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан да мемлекет тарапынан бұл саланы дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Әсіресе, кейінгі жылдары жаңа реформалар қолға алынып, жұмыс қарқыны едәуір арта түсті. Арнайы министрлік құрылып, сала мамандарын даярлайтын Ұлттық университет ашылды. Су жүйелерін жаңғыртуға да басымдық берілуде. Бұл тұрғыдағы межелі міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айқындалған болатын.
«Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.
Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.
Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.
Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.
Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.
Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.
Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.
Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»,- деп атап өтті Президент Жолдауда. Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын, жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керектігін қадап айтқан еді.
Расында да іс тетігін кадр шешетіндігі бесенеден белгілі. Білікті мамандарсыз белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың ауыр зардабы су шаруашылығына да тиді. Су арналарының бірқатары жеке қолға өтіп, шаруалардың жағдайы қиындады. Тұрақты жұмыс болмаған соң мамандар да басқа салаға ауысып жатты. Тіпті, қазір жас гидротехниктерді кездестіру де қиын. Мұның барлығы да ежелден қалыптасқан сабақтастықтың үзілгендігін көрсетеді. Сондықтан да болар, Президент су шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіре отырып, кадрларды даярлауға жіті көңіл бөліп отыр.
Бұл тұрғыда осы салада ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан аға буынның өмір жолы көпке өнеге екендігі сөзсіз. Міне, сондай майталман маманның бірі де бірегейі Нұргелді Өксікбаев десек артық айтқанымыз емес. Нұргелді Махатұлы 1964 жылы 17 желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Ынталы су қоймасында су реттеуші қызметінен бастап, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалына қарасты «Сарысу» өндірістік бөлімшесінде гидротехник болып еңбек етеді. Кейіпкеріміз 2007 жылдан бері су шаруашылығы саласында тынымсыз тер төгіп келеді. Ол еңбекқорлығымен, әріптестеріне деген сыйластығымен танылып, шаруалармен жақсы тіл табыса білетін қасиетімен де көзге түскен жан. Міне, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап тұратын атпал азаматтың еселі еңбегі еленіп, күні кеше Ақорданың төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. Еңбек адамына деген шынайы құрметтің үлгісі осы болса керек. Су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты сәтте жерлесіміздің жүзі нұрланып, қуанышқа кенелуі бәріміздің де көңілімізді толқытты.
Мерейлі мезетте Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты.
– Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтті.
– Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.
– Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты іс-шарада Президент Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Абыройы асқақтаған азаматтардың қатарында Нұргелді Өксікбаев та құрметке бөленді. Біз жиын аяқталған бойда дереу Нұргелді Махатұлына қоңырау шалып, құттықтадық. Қуанышында шек жоқ.
-Бүгін осындай жоғары мемлекеттік марапатқа ие болып отырғаныма шын жүректен қуаныштымын әрі ерекше толқып тұрмын. Бұл марапат — тек менің еңбегіме ғана емес, жалпы су шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп жүрген әріптестерімнің, ұжымымыздың ортақ табысына берілген баға деп түсінемін.
Гидротехника-жай ғана кәсіп емес, бұл- елдің су қауіпсіздігін, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын, табиғатпен үйлесімді тіршілікті қамтамасыз ететін жауапты сала.
Осы салада еңбек етуге жол ашқан ұстаздарыма, сенім білдірген басшыларға, қолдау көрсеткен отбасым мен әріптестеріме алғысым шексіз.
Бұл марапат мен үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да су шаруашылығы саласының өркендеуі жолында аянбай еңбек ете беремін,-дейді Нұргелді Өксікбаев.
Нұргелді Махатұлы еңбек озаты ғана емес, үлгілі отбасының да алтын діңгегі. Бүгінде жан жары екеуі екі ұл тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отырған жайы бар. Қай кезде де қарапайым қалпынан танбай, қажыр-қайратын ауылдың өркендеуіне жұмсап келе жатқан азаматтың абыройы асқақтай берсін деп тілейміз.
Бақыт Жалғас,
Жаңатас қаласы