Мерейлі отбасы-мықты мемлекеттің тірегі

0

Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Олардың жарқын ісі жалғасын тауып, кейінгіге өнеге болуы керек. Осы негізде бастау алған байқау бүгінге дейін талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Бүгін де соның жарқын үлгісін көре білдік.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулы­сы­мен бекітілген қағидаларына сәйкес, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құнды­лық­тарды, кәмелетке толған балаларды еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу, кеңінен насихаттау және қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыру мақсатындағы «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. «Мерейлі отбасы-2025» ұлт­тық конкурсының ауданаралық байқауының жеңімпазын айқындайтын жиын болып өтті.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов сөз сөйледі.
– Отбасылық құндылық Отанымыз үшін әрқашанда қымбат. Әрбір отбасының бақыты-еліміздің бақыты. Сол үшін қаншама ата-ана еңбек етіп келеді. Баба­ларымыздың «Бала бер, бала берсең, сана бер..» деген қанатты сөзі әр отбасы үшін ұран болып қала бермек. Әрбір отбасында жарасымды тірлік, жұбайлардың бір-біріне деген ізгі махаббаты, баланың күлкісі болуы керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген дана қазақтың сөзін еске ала отырып, біз шаңырағын кеше ғана құрған жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсетуіміз керек,-деп байқаудың шарты бойынша жүзден жүйрік шыққан, «Мерейлі отбасы -2025» ұлттық конкурсы қорытындысы бойынша өткізілген комиссия отырысының шешіміне және 2025 жылғы 26 маусымдағы хаттамасына сәйкес, ауданаралық байқаудан өтіп, облыс­тық байқауға жолдама алған Маженовтер мен Ержановтар отбасын атап өтті.
Бұл отбасылар ауданда 6 шілде күні Астана күніне орай өткізілетін салтанатты шарада марапатталатын болады.

Ботагөз Макашева,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.