Жүзден жүйрік шықты

0

«Ақ көгершін» балалар қоры» ҚҚ жазғы демалыс күндерінде 2025 жылдың 15 маусымынан-19 маусымына дейін Шучинск-Бурабай курорттық аумағында орналасқан «Лесная сказка» балалар сауықтыру лагерінде X «Алтын дән!» Республикалық жас таланттар фестиваль-байқауы өтті.

Байқау ««Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 80 жыл» аясында және «Ақ көгершін» балалар қорының ХХ жылдық мерей тойына орай» аясында өткізілді.

Байқауға түрлі байқаулар мен фестивальдардың жеңімпазы атанған ең үздік балалар ұжымдары, ансамбльдер, оркестрлер, жеке орындаушылар қатысты.

Өнерді ғана емес шәкірттерін де шексіз сүйіп, қанатын қатайтып, белін буып жүрген өнер мектебінің ұстаздарының шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық түрлі байқауларда жүзден жүйрік шығып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде.

Аталмыш байқауға еліміздің түкпір-түкпірлерінен өнерлі жандар қатысты. Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің “Ықылас Дүкенұлы” атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, құт қонған ауданымыздың намысын қорғап, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Байқауды ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар, кубок, медальдармен марапатталды. Сондай-ақ өнерлі жастарды түрлі өнер додаларына баулып жүрген мұғалімдерге Алғыс хаттар табысталды.

Бала бойындағы дарынды ұштап, шыңдалуына себепкер болған “Ықылас Дүкенұлы” атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр жетекшісі Нұрлан Байдильдаев және Г.Абдраимова үздік ұстаз дипломымен марапатталды. Ауданымыздан барған оқушылар мен ұстаздар “Лесная сказка” демалыс лагерінде демалып, Бурабайдың керемет жерлерін аралады.

Сәулет Есқараев,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.