Оңтайлы техника алды
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын қолға алып келеді.
Ауданымызда ауыл шаруашылығы дамып, ырысын жер-анадан тапқан диханшылар мен ата кәсіпті қолға алып, төрт түлік өсіріп отырған шаруалар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тиімді пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына серпін берді.
Игілік ауылдық округіне қарасты «Әділжан» шаруа қожалығының төрағасы Ниетбеков Дүйсенбек «Ауыл аманаты» жобасының lV бағыты бойынша 2.5% лизингке DongFengDF904 тракторын 14.5 млн. теңгеге
сатып алды.
Шаруақожалық төрағасы өз сөзінде:
-Тозған техника салдарынан шаруашылығымыз көктемгі және күзгі науқан кезінде қиындыққа тап болып жатады. Қиындықтарды болдырмау мақсатында жаңа техника алдым. Егін және мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында осы техниканы алдым. Ауыл-қазақтың тал бесігі. Ауыл-қазақтың отаны. Ауыл-тағылымды тәлім-тәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу қалмау керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп, гүлдендірейік,-деді.
Иә, ел ырысы-еңбекте. Толағай табыс маңдай термен келеді. Біздің ата-бабаларымыз ежелден аттың жалы, түйенің қомында, малын бағып, жерден игіліктеніп өскен халықтың баласымыз ғой. Бабалардан қалған ұлан-ғайыр дала біз үшін жұмақ мекен. Оған тер төгіп, оны гүлдендіру әр қазақ баласының басты парызы.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»