Сарысулықтар чемпионды қарсы алды
ауданымыздағы спорт мектептеріндегі спортшылар ел намысын қорғап, әлем ареналарында жүзден жүйрік шығып, көк байрағымызды жеңіс тұғырынан желбіретуде. Төрткүл дүниеге қазақ елін танытып жүрген спорт саңлақтарының еңбегі орасан зор.
Жуырда Үндістан мемлекетінің астанасы Нью Дели қаласында жасөспірім қыздар арасында өткен армрестлингтен Азия чемпиондары — Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды ауылынан шыққан қос аруымыз Гүлнәр Алиева және Қарлығаш Елдосқызы мен күміс жүлдегер Тоғызкент ауылының жас спортшысы Ләззат Айтжанды аудан тұрғындары, жастар Жаңатас қаласының кіре берісінен бастап қарсы алып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ жеңімпаз спортшыларды аудан әкімі Сәкен Мамытов қабылдап, ел намысын қорғап жүрген ер жүрек қыздарымыздың еліміздің мерейін асырған жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тасқын Шайхыстамов құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
Қабылдауда аудан басшысы жеңімпаздарды аудан әкімінің Алғыс хатымен, қаржылай сыйлықтармен марапаттап, жаттықтырушысы Бақ-ыт-серік Қалымбаевқа «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақса, Ержан Қалмахановқа аудан әкімінің Құрмет грамотасы берілді. Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС-і тарапынан қаржылай сыйлықтар берілді. Өз кезегінде спортшылар құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, сарысулық жерлестерге алғысын жеткізді.