Адал еңбек-абыройлы міндет

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал

азамат» деген болатын.

Халықтың баға жетпес байлығының бірі орман екені даусыз. Осы жасыл желек пен ондағы жануарлар дүниесін қорғап-сақтап, молайтуға орманшылардың еңбегі зор.

Ауданымызда орман саласында абыройлы қызмет етіп жүрген Әділ Қосжанов туралы болмақ.

Қосжанов Әділ Үсейұлы  1967 жылы 25 желтоқсанда  Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1975-1985 жылдары қазіргі Әйтеке би атындағы орта мектебінде оқып, білім алып шығады.  1986-1988 жылдары әскер қатарына алынып,  Отан алдындағы адал міндетін өтеп келеді. 1988 жылдан бастап Калинин совхозында  жүргізуші болып жұмыс істеді.         1998 жылдан бастап  осы күнге дейінгі аралықта  «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінде орманшы, аға орманшы болып жұмыс атқарады. Қазіргі уақытта  орманшы болып  жұмыс істейді. 2016 жылы Шымкент аграрлық колледжінің «Орман шаруашылығы, бақша саябақтық  және ландшаф құрылысы» мамандығы бойынша білім алып шығады. 2019 жылдан бастап «Мақсат-2007» шаруа қожалығын ашады.

Әділ Қосжановтың ұзақ жылдар бойындағы еңбегі бағаланды.

2000 жылы «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің Алғыс хатымен,  2001 жылы  Жамбыл облыстық орман және биоресурстар жөніндегі аумақтық басқармасының Құрмет грамотасымен, 2003 -2021 жылдар аралығында бірнеше рет мекеменің, кәсіподақтың, аудандық грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2022 жылы Жамбыл облыстық  кәсіподақтың  3-дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, 2023 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына қосқан «Ерен еңбегі  үшін» төсбелгісімен, 2024 жылы  аудандық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әділ Қосжанов Ардақ Әлкеновамен шаңырақ құрып, 3 ұл,    1 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жоғары білім алуларына күш-жігерін салды. 5 немеренің сүйікті атасы мен әжесіне айналды.

Табиғатты қорғап, жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғау – орманшының басты міндеті. Табиғат жанашырының сөзінше бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі олар уақытпен санаспай жұмыс істейді. Жасыл желегімізді молайтып, келер ұрпақтың кәдесіне жарату.

Әділ Қосжановты әңгімеге тартқа-нымызда:

— Негізі, адам мен табиғат әу бас-тан бір-біріне етене жақын, үндес болған. Сондықтан табиғатты сүйіп, қадірлей алмасақ, оны өз қолымызбен құртып жіберуіміз мүмкін. Орман үшін ең үлкен қауіп – өрт. Біздің бас-ты міндетіміз – жасыл желекті тілсіз жаудан қорғау. Өрт шыққан жағдайда оның жан-жаққа жайылуына жол бермеу. Сондай-ақ жан-жануар мен өсімдіктерді қауіп-қатерден қорғау, орман аумағын қоқыстан тазалау, ағаш егу, көшет отырғызу. Бәзбіреулер орманшылар не істеп жатыр дейсіз деп ойлайтын болар. Шынтуайтында, олар қысы-жазы тыным таппайды, – дейді орманшы ағынан жарылып.

Иә, тіпті, орман, дала, өзен-су, аң-құс адамзаттың меншігі деп есептеледі. Табиғатты мейлінше ет жүрегімізбен сүйе алмасақ, оны өз қолымызбен құртып та жіберер едік. Бар мейірімімізді табиғат анаға бере алсақ, қатыгездік,зұлымдық атаулыдан әлдеқашан арылар едік. Орманға қорған болу оңай емес. Табиғат-ананы алақанда аялап, оны күтіп-баптауды мойынға алып, өз міндетін мүлтіксіз орындап жүрген жанның еңбегіне лайықты құрмет көрсетілгеніне біз де қуанып қалдық.

Сәулет есқараев, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.