ИГІЛІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНЕ ҮМІТКЕРЛЕР
Әл-Сержани Нұрлан Апрельұлының
сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен, Нұрлан Апрельұлы Әл-Сержани, 1979 жылы 06 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келдім.
1997 жылы Тараз қаласы «Әулие-Ата» универиситетінің құқықтану факультетіне түсіп, 2001 жылы аталған университетті «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 2001 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарына шақырылып, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылында 01954 әскери бөлімінде борышымды атқарып, 2002 жылдың қазан айында Қарулы күштер қатарынан босатылдым. 2004 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысы Ішкі Істер Департаментіне қабылданып, түрлі қызметтер атқарып, 2018 жылдың 31 желтоқсанында Ішкі Істер Министрлігі қатарынан запасқа жіберілдім. Арнайы атағым запастағы полиция майоры. 2019 жылдың маусым айы 2021 жылдың сәуір айлары аралығында Сарысу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы лауазымын, 2021 жылдың тамыз айынан 2023 жылдың шілде айлары аралығында Атырау облысы, Жылыой ауданы «Тенгиз» кен орнында «Теназ» компаниясында қауіпсіздік инспекторы болып жұмыс атқарғанмын. 2024 жылдың 20 мамыры 24 желтоқсан аралығында Сарысу ауданы Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бас маманы, 2025 жылдың 6 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Сарысу ауданы Игілік ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы қызметін атқарудамын.
Қадірлі жерлестер!
Мен қасиетті Сарысу жерінде туып — өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын — қыстау кезеңдерді де жақсы білемін.
Игілік ауылдық округі әкіміне өз кандидатурамды ұсына отырып, ауыл тұрғындары алдындағы үлкен жауапкершілікті терең түсінемін. Өндіріс және Игілік ауылдарындағы өзекті мәселелерді біле отырып, менің әкім ретіндегі міндетім — заңнама аясында және өз құзіретім шегінде ауылды және азаматтарды кәсіби басқару, олардың мүдделерін білдіру және қорғау, аппаратты сауатты басқару.
Әкім тәжірибелі басқарушы — шаруашылық жүргізуші болуы тиіс деп сенемін. Ауылдық округ әкімі ретінде ауыл тұрғындарымен, шаруақожалықтарымен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеу және ауыл өміріне белсенді қатысу үшін өз бағдарламамды ұсынып отырмын.
- Уақыт талабына сай жергілікті өзін — өзі басқаруды дамыту бағытында жұмыс жасап, жергілікті қауымдастық, ардагерлер кеңесі, отбасы және әйелдер ісі кеңесі, жастар ісі сияқты қоғамдық ұйымдардың жұмысын дамыта отырып, мемлекеттік басқарудан халықтық басқаруға қол жеткізу. Жергілікті жерде қоғамдық бақылауды енгізу арқылы ауылдағы ахуалға ауыл тұрғындарының ықпалын арттыруға қол жеткізу.
- Ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын қадағалау. Аз қамтылған отбасылардың, қарттар мен мүгедектердің тұрмыс жағдайларын тұрақты түрде назарда ұстау. Мұқтаж жандарға көмек ұйымдастыру.
- Ауылдың негізгі тірегі мектеп болғандықтан, мектептің тұрақты жұмыс жасап, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге ықпал жасау.
- Ауылдың экономикасының дамуының негізгі драйвері бұл ауылшаруашылық саласы, мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізу. Шаруа қожалықтары жұмысының уақыт талабына сай ұйымдастырылуын қадағалай отырып, мал басын асылдандыру, мал бордақылау алаңдарын ашып, шаруашылықтың тиімділігін арттыру, мемлекеттік несиелер мен субсидияларға қол жеткізу. Ауылдық округте арнайы ауыл шаруашылық жануарларын емдеу орындары мен тоғытпалар жасау жұмыстарын жүргізу. Жұқпалы мал ауруларының алдын алуда қолданыстағы мал қорымдарын қалыпқа келтіру, жаңадан салғызу жұмыстарын жүргізу.
- Төменгі пайызды несиелер арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
- Ауыл жастарымен айналысу, жастарды спортпен айналысуға тарту жөніндегі жұмысты жандандыру, ангар типтегі жабық футбол алаңшаларын салу. Қолданыстағы шағын футбол, спорт алаңшаларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыру.
- Ауыл мәдениетінің дамуына, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу. «Жасыл белдеу» жасыл желектерді қорғау аумақтарына тал көшеттерін отырғызу, тозығы жеткен қоршауларын ауыстыру, суару жүйелерін орнату жұмыстарын жүргізу. Елді мекендердің көше жарықтарын үнемі бақылауда ұстау, тозығы жеткен көше шамдарын бағаналарды ауыстырып отыру.
Менің азаматтық борышым, мақсатым – Өндіріс және Игілік ауылдарын көркейту, оның өркендеуі үшін, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін еңбек ету.