Өзге ұлт мерекені қалай тойлайды?

0

Қазақстан-мемлекет құраушы қазақ ұлты және көптеген ұлт өкілдері тірлік кешіп жатқан құқықтық-демократиялық мемлекет. Салт-дәстүрі мен діни наным-сеніміне келсек, елімізде тұратын өзбек, түрік, түркімен, әзербайжан, татар т.б. түркітектес халықтардың әдет-ғұрпы бір-біріне жақын. Сондықтан олардың Наурыз мерекесін тойлауы да ұқсас деуге болады.

Ґзбек ўлты

Өзбек ұлты наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленуді мақсат етеді. Жұрт ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, би билейді. Әтеш төбелестіріп, ит таластырады, қошқар сүзістіріп, қызыққа батады. Кей өңірлерде бәйге, жорға салады. Алуан түрлі тағам жасайтын өзбек әйелдері бұл күні «қазан толды» дайындап, наурыздың сыйлы асы ­ сумалакты жасайды. Бидай ұнынан жасалатын сумалакты бақытты өмірдің, молшылық пен жылылықтың тағамы деп ырымдап ішеді.

Сумалак — жаңа өніп шыққан бидайдан жасалатын сұйық тағам. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, оны көбінесе бірнеше отбасы жиналып, үлкен қазанда пісіреді. Алдымен бір келідей бидайды суық сумен жақсылап жуып, сырлы ыдысқа салып, үстіне су құйып, 1-2 күндей жібітеді. Суға жібіп, қауызын жара бастаған бидайды таза, жұқа ағаш тақтаға 1 см қалыңдықта жайып, күн сәулесі тігінен түспейтін бөлмеге қояды. Жақсылап өнуі үшін үш-төрт күн бойы үстінен су себелеп тұрады. Ескерте кетейік, бидай өндіріліп жатқан бөлмеге әдетте тек дайындаушы ғана кіреді. Бұл наным-сеніммен байланысты болуы керек. Кез келген адамды ол жерге кіргізе бермейді, кіретін адам дәрет алып, тазарып, «бісмілләсін» айтып, бастысы-таза ниетпен кіруі шарт.

Ине бойы өнген бидайды тақтадан алып, бөліктерге бөліп, ет тартқышпен майдалайды, үстіне су құйып араластырады, оны дәкеге салып, сығып сөлін алады. Сүзгіден үш қайтара өткізіп, алынған бидай сөлдері бөлек ыдыстарда сақталады.1 кг өндірілген бидай үшін 4 кг ұн, 1 кг мақта майы қажет. Алдымен майды қазанда тұшытып, суытады. Майға ұн салып, артынша ең бірінші алынған сөлді құйып қайнатады. Жоғары температурада қатты қайнатылған соң, екінші сөлді, ол да қайнап шыққан соң үшінші сүзгінің сөлін құйып қайнатады. Қайнап тұрған қазанға жақсылап жуылған 20 шақты тас және 10-15 шақты жаңғақты салып жібереді. Тас азықтың қазанның түбіне жабыспауы үшін қажет. Ал жаңғақ ерекше дәм мен витаминдер қосады.

Тас салынған соң 10-12 сағаттай қайнатады. Қайнау барысында жан-жағынан ожаумен үзбей қозғап отыру қажет. Әйтпесе азық қазанның түбіне шөгіп, таспен бірге жабысып қалуы мүмкін. Міне, осы кезде бала-шаға жиналып ойын ойнайды, өнерлілер өнерлерін көрсетеді, жұрт жиналып ән айтып, мәз-мейрам болады. Тағам әбден қайнап, қоюлана бастағанда, астындағы алауды сөндіреді де, бетін дастарханмен жауып, үстінен қақпақпен бастырып қояды. Содан 5-6 сағаттай уақыт өткен соң Наурыздың таңғажайып тағамы-сумалак дайын болады. Сумалак пісірудің қызығы мол. Ортақ қазаннан дәм тату мақсатында бірлесе қимылдаған адамдардың ынтымағы арта түседі, қазанның басында жүріп келелі мәселелерін ақылдасып та алады. Бұл- Наурыздың ізгілік, береке, ынтымақ идеяларымен астасып жатқандығын танытады. Сондықтан болса керек, өзбек халқы Наурыз дегенде-сумалакты, сумалак дегенде-Наурызды түсінеді.

Дилбар Тилегенова, Өзбек этно-мәдени орталығының жетекшісі

Кїрді ўлты

Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне ерекше дайындаламыз. Мерекеден алдын әрбір шаңырақ үйлерінің айналасын тазалап, тал егеді. Қазақ халқы мерекені 14-22 наурыз аралығында тойласа, біздер 21-28 наурыз аралығында мерекелейміз. Сол күндері «Халва» пісіреміз. Халва-ұн, тұшытылған қолдың майы, сүт, су және қанттан дайындалып, мереке күнгі дастарханға қойылады. Сол күні ерте тұрып, ұлттық киімдерін киіп, көршісінен бастап, барлық ағайын-туыстарына кіріп шығады. Мерекеден бұрын ренжісіп қалған болса, наурызда дереу татуласып, бар өкпе-реніштерді ұмытады. Негізі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз бір-бірімізге ұқсас. Бізде де мереке күні «Наурыз көже» пісіріледі. Көже-жалбыз, жабайы шавель, арпа жармасы және айраннан жасалады.

Сонымен қатар, еттен қуырдақ та пісіреді. Күндіз киімдерін киіп, ән айтып, би билеп тойласа, кешке жастар бір жерге жиналып, от жағады. Ол үшін күндіз ағып тұрған судың бойынан тастарды жинап қояды. Сол күні от жағып, оның үстінен жеті рет секіріп, арман-тілектерін айтады. Бұл отбасына жетістік әкеледі деген сенімнен туған дәстүр. Оттың айналасына дөңгелете қойылған тастарды ертеңіне алып, тастың астынан жәндік шықса, армандар орындалады деп түсінген.

Сайран Айдарова, «Барбанг» этно-мәдени орталығының жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.