ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ
Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі –Ауған соғысы. Биыл 15 ақпан к үні Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды.
Бұл күн Ауған қасіретін еске алатын, жас өмірін қиған боздақтардың рухына тағзым ететін күн. Кешегі батыр бабаларымыздың заңды жалғасы бүгінгі жауынгер ағаларымыздың ерлігі -елге мұра, ұрпаққа ұран болуы шарт. Осы орайда, қаламызда ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгерлерге қойылған монумент-ескерткішке гүл қою рәсімі өткізілді.
Салтанатты шараға ауған соғысы ардагерлері мен мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары, ауған соғысынан оралмаған жерлестеріміздің туған-туыстары қатысты.
Жиында ауған соғысының ардагері Боранқұл Шукеев сөз сөйледі.
-Бүгін Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол сұм соғыстың аяқталғанына биыл 36 жыл толып отыр. Олардың көбі бүгінде ортамызда жоқ, қаруластарымыздың кейбірі одан кейін де түрлі себептермен өмірден өтті. Ауғанстан жеріндегі майдан — біз үшін де ел тарихында елеулі орын алатын оқиғалардың бірі. Оған қатысқан боздақтарымыздың жасаған ерлігі әрқашан жадымызда,- деді.
Басқосуда жиналғандар тағзым алаңында Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Ауған ақиқаты
аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне арналған «Құпия соғыстың қаһармандары» атты кездесу кеші өтті.
Мақсаты: Ауған оқиғасының тарихи мағыналық ақиқатын ашу. Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды Отансүйгіштікке, ерлікке баулу, Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету.
Кеш патриоттық әнмен басталды. Іс-шарада Бақтыбек Смағұлдың «Тағдыр жазығы» атты кітабына кітапхана қызметкері А.Жанжолова тоқталып өтсе, Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін кітапхана қызметкері Б.Қойлыбаева, Бақтыбек Смағұловтың «Азат елдің ұлымын» атты өлең шумақтарын кітапхана қызметкері І.Саспақовалар оқып, кеште жастар мен өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің ерекше үлгісін көрсеткен Ауған соғысы жайлы қысқаша бейнебаян көрсетіліп, ардагерлер Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктерімен бөлісті.
Тағылымы мол шараға қатысқан «АMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты Самат Тоқбанов ардагерлер құрметіне арнау өлеңі «Тарихында құпия соғыс атанған» шумақтарын айтып, сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлеріне сый-сияпаттарды табыстады. Кеш соңында «Ауған ақиқаты» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Ақмарал Жанбекова шолу жасады.
Жат жердегі ерлік
Саудакент ауылдық мәдениет үйі мен Саудакент ауылдық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымыздың құрметіне, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына арналған, ауған, ауған-тәжік соғысының ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті. Кездесу кешінде қаза тапқан, батыр ағаларымыз бен есіл боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Шарада Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Құлыбеков Жамбыл сөз сөйледі: «Осынау отты жылдары бейбіт өмір үшін күрескен қазақстандықтардың сапында саудакенттік азаматтардың да ерлік үлгісін танытып, жан аямай отқа түскені, әділдік таңының атуына үлкен үлес қосқаны белгілі. Отанға деген адал қызмет еткен жерлестерімізді біз әрдайым мақтаныш етеміз. Сіздерге және сіздер арқылы барша Ауған соғысының ардагерлеріне мықты денсаулық, отбасы амандығын тілейміз. Тәуелсіз елімізде бейбітшілік салтанат құра бергей!» — деді ол.
Іс-шарада ауған, тәжік-ауған соғысының ардагерлері Дәулетов Жайлау, Ақмолдаев Асхан, Сыздықов Амантай, Игіліков Мәмбет, Бау-лыбеков Балтабектер жас ұрпаққа өздерінің естеліктерімен бөлісіп, жастарды бейбіт өмірдің бағасын білуге шақырды.
Іс-шарада мектеп оқушылары Орынтай Мендерес пен Райымқұл Айтолқын «Ауған соғысы», «Өмірді қайта жалғаңдар» атты патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Кітап-хана қызметкері Дәулеткелдина Айнұр «Өшпес ерлікке мың тағзым» атты кітап көрмесімен таныстырды. Кеш соңында мәдениет үйінің өнерпаздары Жұматаев Салқынбек, Хасанова Ұлжан, Тұрысбек Мерейім, Досболова Зарина патриоттық тақырыпта ән шырқады, Байқадам ауылдық округі аппаратының естелік сый-сияпаты табысталды.
Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардагерлеріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Сәулет есқараев, «Sarysý»