ЖАҢАТАСТА ҚОНЫСТОЙ КӨБЕЙДІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, елімізде тұрғынүй құрылысын дамытуға, сол арқылы халықтың баспана  мәселесін шешуге баса назар аударылып келеді.

Бұл тұрғыда Сарысу ауданында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, Жаңатас қаласы кейінгі жылдары адам танымастай өзгерді. Кезінде қаңырап бос қалған тұрғынүйлер қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне ұсынылуда. Бұдан бөлек жаңадан бой көтерген нысандар да шаһардың шырайын кіргізіп, сәні мен сәулетін арттыруда. Алысқа бармай-ақ, өткен жылға шолу жасасақ,  аудан орталығында 4 көппәтерлі тұрғын үй, орталық алаң, су бұрқақтары, неке қию алаңы, балалар ойын алаңшалары пайдалануға беріліп, түрлі нысандар қайта жөндеуден өтуде. Осындай жарқын істердің жарасымды жалғасы ретінде  Жаңатас қаласындағы 1-шағынаудандағы №50 және  5-шағынаудандағы  №19 көпқабатты тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз алып, ізгі тілегін арнады.

— Қаламыздағы 1-шағынауданда орналасқан 82 пәтерлі №50  тұрғын үй қайта жаңғыртылып пайдалануға беріліп отыр. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі — баспана мәселесін барынша шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында екендігі баршамызға белгілі. Жаңатас қаласы жыл санап қайта жанданып, тұрғындар саны артып келеді. Осы орайда, тұрғын үй кезегіне де сұраныстың артып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда 1 700-ден аса қала тұрғыны пәтер кезегінде тұр. Соның ішінде, әлеуметтік жағынан аз қорғалған, осал топтағы отбасыларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан пәтер сатып алуға қаржы қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Өткен жылы 185 азамат баспаналы болса, биыл 3,1 миллиард теңгеге  263 пәтерді сатып алу жоспарланған. Бүгін 82 пәтердің кілтін кезекте тұрған тұрғындарға табыстайтын боламыз.  Меншік иесі, жеке кәсіпкер Естай Қонқабаев өз қаражатына жөндеген бұл тұрғын үй 861 миллион 192 мың теңгеге мемлекеттік қорға сатып алынды. Сонымен қатар  5-шағынауданда орналасқан 40 пәтерлі №19 А тұрғын үйі қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Пәтердің кілтін кезекте тұрған тұрғындарға табыстайтын боламыз. Меншік иесі, жеке кәсіпкер Зухра Қасымбекова өз қаражатына жөндеген бұл тұрғын үй 484 миллион  432 мың теңгеге мемлекеттік қорға сатып алынды,- деген Сәкен Үмбетұлы  тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, ел игілігіне ұсынуға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.

Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жұмаділдаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Орынбаев сөз алып, осындай игі істерге қолдау білдіріп отырған облыс, аудан басшыларына  және тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізген құрылысшыларға аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Мерейлі мезетте Жаңатас қаласының бір топ тұрғынына пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Сондай қуанышқа кенелген азаматтың бірі-Алтай Қоқымов:

-Міне, су жаңа баспананың кілтін қолымызға алып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Көпбалалы аналардың тілегін, өтінішін ескеріп, осындай жағдай жасап жатқан Мемлекет басшысына, облыс, аудан басшылығына алғысым шексіз. Қуанышымда шек жоқ.

Барша қазақстандықтарға баспана бақытын тілеймін,-деді қуанышын жасыра алмай. Айта кетейік, пәтерлер көпбалалы мен әлеуметтік санаттағы отбасыларға            берілді.

С.есқараев, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.