САРЫСУ АУДАНДЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ
2024 жылғы 30 желтоқсанда Сарысу аудандық сайлау комиссиясының отырысы болып өтті. Комиссия отырысына аудандық сайлау комиссиясының мүшелері мен Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар шақырылды.
Комиссия отырысының күн тәртібінде мына төмендегі мәселелер қаралды:
- Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округ әкімдігіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары;
- Сайлау алдындағы үгіт жүргізу бойынша тіркелген кандидаттарға заң талаптарын түсіндіру;
- Сайлауды мемлекеттік қаржыландыру бойынша тіркелген кандидаттарға заң талаптарын түсіндіру.
Комиссия отырысын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Шортанбаев ашып, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасады.
2025 жылғы 19 қаңтарға тағайындалған Түркістан ауылдық округі әкімінің сайлауына әкімдікке кандидат болып 2 азамат өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 1 кандидат «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Сарысу аудандық филиалынан ұсынылғанын және Түркістан ауылдық округі әкімінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспардың 14-тармағына сәйкес 2024 жылғы 27 желтоқсанда 3 кандидаттың тіркелгенін айтып өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Сайлау алдындағы үгіт» тақырыбын аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Л.Ерсейтова «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (ары қарай – Конституциялық заң) сайлау алдындағы үгітке байланысты 27-32 баптарында көзделген талаптар туралы, Конституциялық заңның 113-5 бабы 11-тармағының негізінде аумақтық сайлау комиссиясы қандай жағдайлар орын алған кезде кандидатты тіркеу туралы шешімінің күшін жоятындығы туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, Конституциялық заңның 50-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгені жөнінде айтып өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе Конституциялық заңның 33-бабының 1-1 және 2-1 тармақтарында белгіленген шығыстар бойынша «Сайлауды мемлекеттік қаржыландыру» тақырыбына комиссия мүшесі А.Дәуренбекқызы тіркелген кандидаттарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Комиссия мүшелері Конституциялық заңның талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кандидаттардың тарапынан қойылған сұрақтарына толыққанды жауап берді. Комиссия төрағасы Д.Шортанбаев кандидаттарға сайлаушылармен кездесулерді белгіленген үй-жайларда кездесу кестесі бойынша өткізу керектігін және барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін белгіленген орындарда орналастырылуы қажеттілігі туралы айтып, тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктерін табыстап, комиссия отырысын қорытындылады.
Сарысу аудандық сайлау комиссиясы