ДЕНСАУЛЫҚ, ТАБАНДЫЛЫҚ, ЖЕҢІС!

0

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше.

Спорт-белгілі ережелер немесе дәстүрлерге сай көбінесе жарыс түрінде өтетін әрекет. Қандай спорт түрі болмасын, халқымыз қайсарлық пен жігерлігімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрініп келуде.

Міне, биылғы жылы Франция астанасы Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 7 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады. Ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені жерлесіміз дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта бақ сынаған Елдос Сметов салды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды өзге ұлт өкілдеріне тыңдатқан спортшыларымызды ылғи да мақтан тұтамыз.

Біздің ауданымызда да байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген спортшыларымыз бар. Олардың есімі болашақ жастар үшін мақтаныш.

Мереке қарсаңында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбол Бердібаевпен әңгімелескен болатынбыз. Бөлім басшысы өз сөзінде:

-Биылғы жыл аудан көлемінде өткізілетін спорттық іс-шаралардың күнтізбелік іс–шара және жұмыс жоспары жасалынып, бекітілген. Бұқаралық спортты дамыту үшін 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында  ауданымызда Ұлттық спорт түрлерінен жыл басынан бері- 24, Салауатты өмір салты туралы-102, кешенді спорттық спартакиадалар белгіленген уақыттарда өткізіліп тұрды.

Қазіргі таңда аудан бойынша  257 спорт нысаны, атап айтқанда,  2 спорт кешені, 1 стадион, 33 спорт зал, 33 футбол алаңшалары, 174 спорт алаңшасы, 14 орнатылған залдар халыққа қалтқысыз қызмет етуде.

Оның ішінде 257 спорт нысандары тұрғындар үшін қолжетімді болып отыр. Оларда аудан тұрғындары тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Облыс және аудан әкімдері арасында жасалған келісімнің түйінді нысаналы индикаторларының 2024 жылға жоспар бойынша «Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын барлық жастағы тұрғындарды қамтуды ұлғайту»  41,0 % пайыздық көрсеткішке жету, бүгінгі күні аудан бойынша халық саны 44087 дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушы тұрғындар саны 17765 адам жалпы  40,3 %   құрайды,-деді.

Сонымен қатар, ауданда жастар спорттың-футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, дойбы, бокс, каратэ-до шотокан, каратэ — до wkf, дзю-до, грек-рим, самбо, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, қол күресі, джиу джитсу, көгалдағы хоккей, гір тасын көтеру түрлерімен айналысады. Онда бөлімшелер саны-176 болса, 80 оқытушы-жаттықтырушылар балаларды спортпен жаттықтырады.

Биылғы жылдың өзінде Сарысу ауданы құрама командасы спорттың бірнеше түрінен Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда жетістікке жетіп отыр. Атап айтар болсақ, 123 алтын, 131 күміс, 180 қола, барлығы 434 медальды қоржынға салды.

Ал, шілде айында өткізілген «Діни теріс ағымдардың жастарға кері әсері мен залалдары», шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Жамбыл облысының кубогі, Тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының командалық чемпионаты, жазғы демалысты тиімді пайдалану мақсатында мектеп оқушылары арасында асық ату, арқан тарту спорт түрінен аймақтық ашық жарыс, Жамбыл облысының 85 жыл толуына орай жастар арасында өткізілген кіші футболдан ауылдық ашық турнирлерде де қанжығалары бос қайтпады.

Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген әр адамның денсаулығы жақсы болады. Сол себепті спорт денсаулық кепілі екенін ұмытпайық! Спорт сенің серігің- жанға дауа, қолға күш. Сергітетін адамды- қимыл менен қозғалыс, – дегендей жазғы демалыс күндерінде спортпен айналысуды ұмытпаңыз!

Камели Сүлейменова,

 «Sarysý»

Басты мақсат:

олимпиада жеңімпазын шығару

Ауданымызда спорт саласы қарқынды дамып,  спортшыларымыз Әлем ареналарында көк байрағымызды жеңіс тұғырынан желбіретіп, ел абыройын асқақтатып жүр.  Бұның барлығы спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың маңдай терінің арқасы десек артық айтқандық емес.

Жаңатас қаласындағы балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің самбо күресінің жаттықтырушысы Бақыт Батырұлы ауданымыздағы спорт саласына өзіндік үлес қосып, жас спортшыларды баулуда. Шәкірттері  самбо күресінен Азия,  Республика,  облыс,  ауданаралық жарыстарда бақтарын сынап,  ауданымыздың және жаттықтырушының үмітін ақтауда.

Жаңатас қаласы балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Б. Батырұлы:

— «Спорт – денсаулық кепілі» қағидасын берік ұстанған мемлекетіміз халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекет алдындағы стратегиялық басым бағыт. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Иә жарыстарға жасөспірімдерді жаттықтырып, облыс, аудан намысын қорғауға аянбай тер төгеміз. Соның нәтижесінде шәкірттеріміз абыройымызды асқақтатуда. Менің түсінігімде жаттықтырушы-ең алдымен еңбекқор болуы керек. Әрбiр шәкiртiңдi өз балаңдай жақсы көріп, психологиясын тани білгенің жөн. Сондықтан да менің үмітімді ақтап, республиканы былай қойғанда халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген шәкірттеріме дән ризамын. Менің басты арманым шәкірттерім олимпиада да топ жарса деймін. Әрбір жарыстарда қолдау көрсетіп, марапаттап жатқан  аудан басшылығына және кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін,-деді.   Иә,  жаттықтырушы Б.Батырұлының шәкірттерінің әрбір жеткен жетістіктерін газет беттерінде үзбей жариялап келеміз.Алдағы жарыстарда да биік шыңдарды бағындыратындарына сенімдіміз.

С. рысбекұлы,

 «Sarysý»

Спорт

саласының үздігі

Біреуге спорт жай ғана ермек немесе белгілі бір жас аралығындағы кәсіп болып көрінер. Бірақ шын жан-тәнімен спортты сүйген жандардың жаны да сергек, бойы да сергек, ойы да жүйрік болады.

Бұл істің куәсі болған адамдар арамызда да көп. Расында спорттың нәтижесінде жетістікке жеткен жандардың бірі – ардагер спортшы, Сарысу ауданының осы бағытта дамуына бар қызметін арнаған — Тас-танбек Шаихистамов. Қазірде зейнетке абыроймен шыққан азаматтың еңбек жолы көптеген спортшы жастарға үлгі боларлықтай. Тас-танбек Асқарбекұлын мереке қарсаңында газетіміздің осы санына шығарғанымызды жөн санадық.

Шаихистамов Тастанбек Асқар-бекұлы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Чиназ ауданы, Веревский ауылында 1953 жылы 9 қарашада дүниеге келген.

1960-1961 оқу жылында Қызыл-көл елді мекеніндегі бастауыш мектепке барып 1967-1968 оқу жылында М.Әуезов атындағы сегіз жылдық мектепті, 1968-1970 жылдары Қаныш Сатпаев атындағы орта мектепті бітірді. 1971-1975 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетінің математика бөлімін тәмамдады. 2011-2013 жылдар аралығында Жамбыл гуманитарлық  техникалық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдады.

Сонымен қатар 1975 жылдың тамыз айынан 1981 жылдың қаңтар айына дейін М.Әуезов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, интернат тәрбиешісі, интернат меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1981 жылы қаңтар айында отбасылық жағдайымен Жаңатас қаласына қоныс аударды. 1981-1993 жылдар аралығында Жаңатас қаласы орталық базарда сатушы, бақылаушы, базар директоры болып жұмыс атқарды. 1993-2002 жылдар арасында жеке кәсіппен айналысты.

21.01.2002-01.04.2004 жылдары спорт мектебінде қарауыл болып қызмет атқарса,  2004-2017 жылдары спорт мектебінде директордың шаруашылық жөніндегі  орынбасары және қол күресінен жаттықтырушы болды.

Тастанбек Асқарбекұлының шәкірттері     2009-2017 жылдары қол күресінен бір спорт шебері, алты спорт шеберлігіне кандидат, гір тасын көтеруден он төрт спорт шеберлігіне кандидат атағын алды. Шәкірттері 2012 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында жастар арасында оң және сол қол күресінен күміс жүлдегер. 2015 жылы Тараз қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінің жеңімпазы.

2016 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында ересектер арасында оң және сол қол жеңімпазы. 2017 жылы Тараз қаласында өткен Азия кубогінде жастар арасында және мүмкіндігі шектеулі ересектер арасында қола жүлдегері атанды. 2012 жылдан Қазақстан Республикасының қол күресінен спорт шеберлігіне кандидат, жоғары санатты жаттықтырушы болып саналады. Дәстүрлі түрде қол күресінен әр жылда облыстық жарыс өткізіліп тұрады.

1978 жылдың сәуір айынан жұбайы Баян екеуі бес қыз өсіріп, 15 немеренің қызығын көріп отыр. Қыздарының бірі «Нұрсана Бетон» ЖШС-де инженер технолог, бірі «ҚазНИПИ» АҚ Энергопром жетекші инженері, ал, үшінші қызы «Конкрит» ЖШС өндірістік-техникалық бөлім бастығы болса, одан кейінгі қыздары бухгалтер-экономист және «Қаз Гор» жобалау академиясында конструкторлық бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызметтер атқаруда.

Т.Шаихистамов зейнеткерлікке шыққаннан кейін,  спортшыларды дайындау бағытында қайтадан 2020 жылдың наурыз айынан бастап №26 спорт мектебінде қол күресінен бүгінгі күнге жаттықтырушы-оқытушы қызметін атқарып келеді.

Шәкірттері       аудандық,   облыс-тық чемпионаттардың жүлделі орын иегерлері. Қол күресінен аудан құрама командасының аға-жаттықтырушысы болып жұмыс жасап келе жатыр.

Т.Шаихистамов кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ізденімпаз. Қызметкерлер арасында беделді. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.

Сәулет есқараев,

 «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.