КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Үстіміздегі жылдың 20 маусымында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі С.Мамытов жүргізіп отырды.
Комиссия отырысына комиссия мүшелері, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат, аудандық прокуратура өкілі, қала және ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе «Адам саудасы бойынша аудандық полиция бөлімі атқарған жұмыстардың есебі туралы» аудандық полиция бөлімінің КПБ бастығы, полиция майоры Тастан Нұрбол және Байқадам ауылдық округінің әкімі Өксікбаев Мейіржан баяндама жасаса, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Сотталған және түзеу мекемелерінен босап шыққан азаматтармен атқарылатын пробация жұмыстары туралы» аудандық пробация қызметінің бастығы Айтжан Асхат пен аудандық мансап орталығының директоры Борсықов Дүйсенәлінің баяндамалары тыңдалды. Жиынды қорытындылаған Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Байболат Ерлан атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, бірқатар мәселелер бойынша жауапты сала өкілдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сала мамандары марапатталды
Аптаның жұмасы күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан полициясы және судья мен сот қызметкерлері күніне орай кездесу өтті.
Жиынға аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, ардагерлер кеңесінің мүшелері, сала мамандары, мекеме және бөлім басшылары қатысты. Жиынды ашып, сөз сөйлеген аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сала мамандарын айтулы мерекемен құттықтап, ауданымыздың экономикалық — әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді «Ауданға еңбегі сіңген» медалімен, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Бапашұлы құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі сіңген мамандарға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Шара барысында аудан прокурорының орынбасары Данияр Кемелхан мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев барша сала мамандарына жылы лебізін арнап, ауданымыздың көркеюі жолында қажымас қайрат, талмас қанат тіледі.