АРДАГЕРЛЕР рухына тағзым етті

0

Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке-бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі бола бермек.

Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі.

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Осы орайда, қаламыздағы «Данқ» монументінде митинг өткізіліп, ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті. Митинг Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, барлық аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады. Мұнан соң аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Марат Сыздықбаев та жылы лебізін жолдап, еліміздің амандығын тіледі.

Митингке жиылғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ардагерлер рухына тағзым етті.

Тыл ардагерлеріне құрмет

Ұлы Отан соғысы жылдарында соғысқа аттанған азаматтардың ауыр жүгін арқалап, ауылда шырағын сөндірмей, Жеңісті жақындату жолында еңбек еткен Тыл ардагерлерінің тың істері елдің есінде. Отан үшін от кешкен майдангерлерге мұқалмас қайрат, жігер сыйлаған рухы биік қайсар жандарға деген құрмет ешқашан жоғалмайды.

Бүгінде ауданда 50 тыл еңбеккерлері өмір сүріп жатыр. Осы орайда, 9 мамыр — Жеңіс күнінде аудан әкімі С.Мамытов, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен тыл еңбеккерлері, ауданымыздың Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері Қоңырбеков Ордабек, Ақылбеков Ермекбай, Досжанова Алтын және  Тұмаркүл Жұмабекқызының шаңырақтарында болып, айтулы мерекемен құттықтап, тыл еңбеккері, ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосқан Тұмаркүл Жұмабекқызына «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалін табыс етті. Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жұмаділдаев та бірге болып, тыл еңбеккерлеріне жылы лебізін арнады. Балалық шақты қиын-қыстау кезеңмен өткізген тыл ардагерлері аудан әкіміне алғысын білдіріп, еліміздің тыныштығын, жеріміздің амандығын тіледі. Осындай құттықтаулар қала мен барлық ауылдық округтерде де жалғасты.

 

 «Sarysý»

Мереке қарсаңында

Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, білім беру ісінің үздігі, ұстаз-әдебиетші Әби Прекешовті еске алуға арналған үстел теннисінен 25-55 жастан жоғары спортшылар арасындағы ауданаралық ашық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтады. Майдангер әрі ұстаз ағаны еске алу мақсатында өткізіліп отырған турнирдің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәнінің сондай-ақ, бұл турнирдің ауданымызда спортты насихаттауда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда ықпалының зор екендігіне тоқталып,  жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін, майдангер ағаның ұлы Нұрхан Прекешов сөз сөйлеп, елге елеулі еңбек еткен әке өмірін насихаттау, ұлықтау перзенттік парызы екендігін айтып, Прекешовтер әулетінің атынан жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, «Казфосфат ГПК» ЖШС-нің ұжымы атынан Жандос Жакаев сөз алып, жылы лебізін білдірді.

Турнирге Түркістан облысынан, Тараз қаласынан және Талас, Сарысу аудандарынан 8 команда қатысып, бақ сынады. Тартысты өткен жарыстың  жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ жекелеген ойыншылар Прекешовтар әулетінің тағайындаған жүлделерімен, арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды.

***

Игілік ауылдық округіне қарасты, Өндіріс ауылында 9 мамыр- Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен ауыл тұрғындары  клуб үйінің алдындағы  «Даңқ» монументіне  арнайы гүл шоқтарын қойып,  батыр бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар,  Өндіріс ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен концерт өтті. Ауыл өнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашты.

***

Байқадам ауылдық округінде  «Ешкім де,  ештеңе де  ұмытылмайды» деген қағиданы  ұстана отырып,  жас ұрпақты  тарихымызды тереңнен тануға баулу  мақсатында  «Ерлікке тағзым!» атты  іс-шара өткізілді. Адамзатқа қайғы-қасірет әкелген қанқұйлы соғыста Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсетіп, Жеңіс туын желбіреткен батырларға ұрпақтары құрмет көрсетіп, майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен  еске алды. Салтанатпен сап түзеген мекеме, мектеп ұжымдары  «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, әкелер рухына тағзым етті. Байқадам ауылдық округі әкімі Өксікбаев Мейіржан және Саудакент ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы  Төлмағанбетов Арқабай құттықтау сөз сөйледі.   Ержүректілігі мен табандылығының арқасында ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс ретінде  Саудакент ауылдық мәдениет үйінің әншілері  «Катюша»,  «Кестелі орамал», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «День Победы» және басқа да әскери әндерді  орындады.

***

Қамқалы ауылдық округінде  Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шара барысында  ауылдық округ әкімі Мақсат Төлеутай мен  ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Маханов құттықтау сөз сөйлеп, Ұлы Жеңіс күні құтты болсын,  еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Отан үшін отқа түскен ардагерлер қауымына және соғыс жылдары тылда жұмыс жасаған аналарымыз бен балаларға мың тағзым. Еліміздің мерейі үстем болып, көк туымыз көгімізде желбірей берсін деген тілектерін жеткізді.

Шара барысында мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі оқушыларымен бірге   ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

***

7 Мамыр-Отан қорғаушылар  күніне орай Дегерес қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ер жігіт ел қорғаны» атты әдеби аялдама өткізді. Мақсаты: жас ұрпақты  Отанды сүюге, ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректілік, Отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерін дәріптеу.

Іс -шараға Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы, подполковник Серіков Юсуф, аға сержант Азибек Нұралиевтер қатысып, әскери болудың қиындығы мен қызықтарына тоқталып, қазіргі уақытта Отан алдындағы  борышын өтеп келген сарбаздардың жоғары оқу орындарына грантқа түсе алатынын, әскери қызметке орналасса үкімет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылғанын, болашақ жастарымыздың Рухты, Отанға деген патриоттық сезімдерін арттырып Отанын қорғауға  шақырды. Кітапхана қызметкері Р.Оспанова «Ұлы Жеңіске мәңгі —  тағзым» атты ерлік алаңын Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 9 «Б» сынып оқушыларымен өткізді. Мерей Әби, Әділет Әділбек,Толғанай Тәжібай, Рамазан Ібікендер С.Рысбаеваның «Қаһарман қызы қазақтың», «Майданға! Майданға!», Ыбырайым Сүлейменұлының «Қоштасу». Б.Адамбаевтың «Жорық жолында» өлеңдерін жатқа айтты. Кітапханашы  Р.Оспанова «Ерлік даңқы мәңгілік » атты кітап көрмесіне шолу жасады.

«Sarysý-Aqparat»

Leave A Reply

Your email address will not be published.