Білім нәрін себелеген Гузаль

0

Халқымыз бірлік пен елдікті қадірлеген. Қастерлі ұғым саналған бейбітшілік деген сөз ұлттардың достығы мен ынтымағына айналды. Бір шаңырақ астында бір мақсат, бір мүддені берік ұстанған еліміздің өркендеуі ұлттық келісімнің арқасы деп білеміз.

Ауданымызда бүгінде түрлі ұлт өкілдері бақытты ғұмыр кешіп жүр. Түрі басқа болғанмен тілегі бір, тілі басқа болғанмен жүрегі Отаным Қазақстан деп соғатын өзге ұлт өкілдері өміршең қадамдарға жол бастап, ауданымыздың дамуына серпін беріп жатыр. Біз бүгін сондай үлгі болар күрді ұлтының өкілі, ұлағатты ұстаз Гузаль туралы ой қозғамақпыз. Амирова Гузаль Болатбашқызы — 1982 жылдың 20 қыркүйегінде Түркістан облысы, Ленгер қаласында дүниеге келген. 1984 жылы Жаңатас қаласына көшіп келіп, осында білім алады. Еңбек жолын Ш.Уәлиханов атындағы мектеп- гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды.

Жасыл қала Жаңатасқа келіп, жұбын тапқан Гузаль тұрмыс құрып, үш баланың анасы атанды. Жолдасы Юсуф Исмаилов тіс дәрігері. Бұл отбасының бір ерекшелігі қазақ тілін қатты қадірлейді. Үйде бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. Ұлттық мерекелерде салт-дәстүрді ұстана отырып тойлайды. Бүгінде бірлігі ұйысқан берекелі шаңырақ. 22 жыл ұстаздық еткен Гузальдің тілегі елдің амандығы. Өз сөзінде: — Қазақстан көпұлтты мемлекет. Мұнда өзге ұлт өкілдері бір атаның балаларындай бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Бейбітшілік көгінде қанат қаққан еліміздің ғұмыры ұзақ болғай, — деп ағынан жарылды. Отанға деген ыстық ықыласты арнаған ұстаздың жолы әрдайым ашық болғай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.