ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАЙЫҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына қатысып,
сөз сөйледі.
Өз сөзінде ел Президенті Мемлекеттік рәміздерімізге тоқталып, кейінгі уақытта Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлердің айтылып қалып жүргенін жеткізді. Елтаңбаға байланысты ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүргенін атап өтті. Орынды пайымдар ескерусіз қалмау керек. Жалпы, ел нышандарында еліміздің өзіне тән ерекшелігі айқын көрініс тауып, еліміздің болмысы нақты бейнеленгені дұрыс. Ұлттық құрылтай идеология, әлеуметтік саладағы мәселелерді, қоғамның құнды-лықтарын, оларды жаңғырту жайын талқылайтын алқалы жиын.
Өткен отырыстардағыдай, Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайдың басты назары жалпыұлттық құндылықтарды дамытуға және қоғамдық топтасуды нығайтуға бағытталды.
Қазақстанның көпэтносты халқының бірлігін нығайту, жалпыұлттық сана мен мәдениетті қалыптастыру, этносаралық қатынастар мен диалогты дамыту сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Біз бабалар жолымен жүріп, мәдени кодымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтауымыз қажет.
Ш.Мұсабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы
Келісіп пішкен тон келте болмас
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтай өтті.
Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген дана сөз бар. Өте маңызды кезеңде түгел Алаш жиналып, келелі мәселені кеңесіп отырған. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай институты «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауының тамаша үлгісі. Құрылтай сарапшылар мен Мемлекет басшысы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ азаматтардың бастамалары мен талаптарын азаматтық билік органдарына беруде шешуші рөл атқарып келеді.
Бұл мемлекеттік саясатты қалыптастыруда, болашақ үшін келелі мәселелерді жүзеге асыруға әсері зор.
С.Қожаназарова, кітапхана ісінің ардагері
АТЫРАУДАҒЫ АЛАШТЫҢ
БАСЫН ҚОСҚАН АЛҚАЛЫ ЖИЫН
Ел тарихында айрықша орын алатын аймақтың бірі – Атырау өңірі. Ежелден әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз бен көсемдеріміз ордасын тіккен.
Бір кездері мұнда тұтас ұлттың тағдыры, қазақтың қордалы мәселелері шешілді.
Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынған болатын. Талай ғасыр артта қалып, Тәуелсіз Қазақстанның игі жақсылары шежірелі мекенге қайта жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласын-да Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.
Бабаларымыз ұлт тағдырын осындай алқалы жиындарда шешкен. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Ұлттық құрылтай елді бірлік пен тәуелсіздік жолында ұйыстыратын, ел бірлігін нығайтатын орынға, жалпыұлттық жиынға айналып келеді. Елімізде лайым жақсылық көп болсын!
А.Тілемісов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі