САЛТЫ БӨЛЕК ЖАТ ЖЕРДЕ
Тарихтың толқынында «Мақсатсыз соғыс» деген атпен қалған Ауған соғысы ең аяусыз, ең қатыгез шайқастың бірі болғаны баршаға аян. Табиғаты қатал, салты бөлек жат жерге аттанған жауынгерлер майдан даласында жүріп от кешті.
Кешегі жауынгер бүгінгі ардагер сол отты күндердің ызғарлы сәттерін еске алып, мұң кешеді. Ұрыс даласында небір қиян-кескін шайқастарды өткерген соғысқа ауданымыздан аттанғандар көп.
Солардың бірі Ауған соғысының ардагері, қазыналы қария Чужбеков Алым өзінің естелігімен былай деп бөлісті. -Түркіменстан- Ауғанстан шекарасы, Кушка қаласында әскери полигонда 3-ші полк құрамында әскери дайындықта болып, 1979 жылы 29 желтоқсан күні сағат 18.20-да 3 полк ауған шекарасына кірдік. Бұл полк, №73860 әскери бөлім Пәкістан шекарасындағы Кандагар қаласында тау етегіне бекінеді. Полкте танк батальоны, артиллерия, байланыс ротасы, жаяу әскер т.б болды.
Негізгі міндет: Кандагар қаласының жанындағы әскери әуежайды қорғау, СССР-Кабул автокөлік жолдарын қадағалау, Пәкістан арқылы шет елдерден тау аймақтарындағы жасырын жолмен келетін қару-жарақ тасымалдайтын керуендерді тексеру. Полкте «ПМП» дәрігер қызметін атқардым. 1979 жылы әуежайда келе жатқан күзет-нарядқа дұшмандар шабуыл жасаған, одан кейін қару-жарақ тасымалдайтын керуендерді жою мақсатында жасалған ұрыс қимылдары кезінде жараланған жауынгерлерге алғашқы көмектер көрсетіп, одан кейін госпиталға жеткізіп отырды. Сол жерде №73860 әскери бөлімде 1979-1980 жылдары ауған жеріндегі әскери ұрыстарға қатысып, одан кейін 1984 жылы қаңтар-ақпан айларында №51096 әскери бөлімде Иран- Түркіменстан шекарасында «Қызыл-Арбат» әскери полигонында, 1988 жылы қаңтар-ақпан айларында Иран-Түркіменстан шекарасында «Серакс» әскери полигонында болып, әскери борышымды өтедім.
1979 жылғы 31 желтоқсан күні дұшмандар жасаған шабуыл көз алдымнан кетпейді.
«Жаңа жылды қарсы алуға 3-4 сағат уақыт қалған. Кешкі асты күтіп отырғанымызда тау жақтан автоматтың атылған дауысы естілді. Қызыл ракета атылып, дабыл қағылды. Батальон командирі «Әрқайсың өз орындарыңа бекініңдер» деп, бұйрық берді. Кандагар қаласының жанындағы әскери әуе жайдан келе жатқан взводқа дұшмандар шабуыл жасап, қиян-кескі ұрыс болды. Біздің әскерлер дұшмандарға тойтарыс беріп, біразының көзін жойғанмен, бізде де жараланғандар көп болды. Мен дәрігер ретінде сол ұрыс болған жерде, атылған оқтың астында, жараланған жауынгерлерге алғашқы көмек көрсетумен болдым. Дұшмандармен ұрыс таң атқанша жалғасып жатты. Жараланғандарға сол орнында көмек көрсетіп, азанда госпитальға жеткіздім. 1980 жылдың жаңа жылын осылай соғыса жүріп қарсы алдық»,- дейді ардагер.
Алым Намазұлы ауған соғысының жауынгері және ардагері ретінде «За боевые заслуги», «Ветеран боевых действий», «Ветеран Афганской войны», «Войну-интернационалисту от благодарного Афганского народа ДРА», «70 лет Вооруженных сил СССР», «50 лет Победы в ВОВ», «10 лет вывода Советских войск из ДРА», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «20 лет вывода Советских войск из ДРА», «25 лет вывода Советских войск из ДРА», «30 лет вывода Советских войск из ДРА», «Ауған соғысы» І-ші дәрежелі ордені және СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының грамотасымен марапатталған.
1992 жылы Чужбековтер жанұясы Қазақстанға, Жамбыл облысы, Жаңатас қаласына қоныс аударады. Осы жылдан бүгінгі күнге дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Жаңатастағы бөлімшесінде «дәрігер-фельдшер» болып қызмет етіп келеді. Чужбеков Алым Намазұлы жұбайы Аққұрал Ермағанбетқызымен 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда балаларынан немере сүйіп отырған ардақты ата.
Еңбек еткен жылдарында салалық Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. «Сарысу ауданының Құрметті ардагері», «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медальдарының иегері. Алым Намазұлы аудан соғысы ардагерлер ұймының мүшесі ретінде аудан өміріне, қоғамдық-мәдени шараларға, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді.
АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ САРБАЗЫ
Кеңес әскерлері 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауғанстан шекарасына өтіп, соғыс қимылдарын бастады. Ауған соғысы бұрынғы Кеңес Одағындағы ұзақ уақытқа созылған әрі көптеген адамның өмірін жалмаған соғыс болды. Осы соғыста Кеңес Одағы 14 мыңнан астам отандастарын жоғалтты.
Біздің Жамбыл жерінен 2 мыңдай жауынгер аттанып, соның жетпісі қаза тауып, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Қаншама жастар мүгедек болып елге оралды. Денсаулығынан айырылып, соғыс салған зардаптан қайтыс болды.
Талайдың тағдырын тәлкекке салған соғыс он жылға созылды. Биыл ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толып отыр.
Осынау қатерлі сәтте әскери борышын ауған жерінде өтеп, соғысқа қатысып қайтқан қазақ жігіттері көп болды.
Солардың бірі өз қатарластарымен әскер қатарына алынып, одан әрі ауған соғысына қатысқан Шүкеев Боранқұл Айтбекұлы.
Боранқұл Шүкеев 1963 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында дүниеге келді. 1978 жылы Ақтоғай ауылындағы «Серго» атындағы сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, СПТУ-19 кәсіптік училищесінде оқып, «Жүргізуші» мамандығын алып шығады. 1981 жылы әскер қатарына алынып, әскери борышын ауған жерінде өтеді.
Балаң жігіт шағында әскери міндетін жат жердегі соғыста өткерген, әскерден кейін де соғыс салған зардаптардың оңай болмайтынын білетін ардагер аға олар туралы еске алғанды ұната бермейді. Тек ауған жерінде, жергілікті ауған жұртшылығына қолдан келгенше көмек қолын созған сәулелі күндерді айтқанды жақсы көреді.
Дегенмен, ардагер аға жат жердегі соғыс жайлы біршама айтты.
«Ауған жерінде көптеген соғыс операцияларына қатысып, күн сайын өліммен бетпе-бет келіп жүрдік. Дұшмандар аяқ астынан шыға кетеді. Әскери борышымды өтеген жылдары біздің әскери бөлімше Ауғанстанның Құндыз, Гардез қалаларының маңында, Баракий елді мекенінде болды. 1982 жылы 40-шы армияның құрамында үлкен операцияларға шығып, Кабул, Файзабад қалаларын, одан әрі Пәкістан шекарасына дейін дұшмандардан тазалау операцияларына қатыстым. Әскерде механик-водитель болдым. Бізге қойылатын талап, коллонаны діттеген жеріне жеткізу.
Ауған тауының жылан ізіндей иір жолымен сансыз миналар мен жол тосқан жаудың қай тұстан кездесе кететініне сезікті көңілмен қарап, өлім мен өмірдің ортасында қауіп-қатерді бастан өткердік. Осындайда бір сапардың өзінде қаншама күш-қайрат жұмсалып, жүйкеге түсер салмақ қаншама!
Әр күн, әр сағат қауіпті. Ауған жолдарында өз көліктермен бірге жалынға айналып, қаза тапқандарды еске алудың өзі қиын. Бейбіт заманда қаншама ата-ана баласының қазасы жайлы қаралы хабар алды. Ондай қырғынды сендер көрмеңдер», -деді ауған соғысының сарбазы бастан кешкендерін есіне алып.
1983 жылы әскерден аман-есен келген соң өрт сөндіру мекемесінде қызмет атқарды. Одан кейін Жаңатас қаласындағы жолаушыларды автобуспен тасымалдау мекемесінде (ПАТП) автобус жүргізушісі болып еңбек етті. Қазіргі таңда, ардагер аға Ақтоғай ауылында тұрып жатыр. Жұбайы Жаңабаева Гүлмира Әбілдақызымен бірге 3 ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. 8 немеренің сүйікті атасы мен апасы.
Тәрбиелі отбасыдан шыққан балалары өмірде өз жолдарын тапқан. Отбасылы. Үлкен ұлы Руслан Тараз қаласында зейнетақы тағайындау орталығында қызмет атқарса, ортаншы ұлы Рүстем мемлекеттік қызметкер, Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып қызмет атқарады. Қызы Арайлым Тараз қаласындағы орта мектепте мұғалім, ал кіші ұлы Шерхан қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып қызмет етеді.
Шүкеев Боранқұл Айтбекұлы ауған соғысының жауынгері және ардагері ретінде «За боевые заслуги», «Ветеран боевых действий», «Ветеран Афганской войны», «Войну-интернационалисту от благодарного Афганского народа ДРА», «70 лет Вооруженных сил СССР», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «20 лет вывода Советских войск из ДРА», «25 лет вывода Советских войск из ДРА», «30 лет вывода Советских войск из ДРА» медальдарымен, сондай-ақ, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Боранқұл аға қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес. Ауған соғысының ардагері ретінде мектептерде жастармен кездесіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне атсалысады. Аудандағы ауған соғысы ардагерлері ұйымының жұмысына белсене араласты.
1998 – 2003 жылдары аудандық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы болып қоғамдық негізінде жұмыс атқарды. Ұйымның қалыптасуына, соғысты бастан кешкен азаматтардың жай-күйінің дұрыс болуына, денсаулығы нашар, тұрақты жұмысы жоқ ардагерлерге қамқорлық жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды.
15 ақпан он жылға созылған соғыстың аяқталып, Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күні. Бұл күн санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қалды. Бұл күні – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды еске ала отырып, еліміздің әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп, болашағының баянды болуын, әрбір үйдің түтінінің түзу шығуын тілейтін күн.
Ауған соғысының сарбазы Боранқұл Шүкеев ағамыз да тәуелсіз елде өмір сүріп келе жатқан халқына, туған-жердегі ағайын-туысқа бейбіт өмір, ауызбірлік пен ынтымақ тілеп отыр.
Ортақ тәртіпке бағынып, интер-националдық борышқа адал болған жауынгер ағалардың өшпес ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, өнеге болмақ.
Асан Тілемісов,
Жаңатас қаласы