Е.ҚАРАШӨКЕЕВ қытайлық әлеуетті инвесторлармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясындағы бизнес-форум аясында әлеуетті инвесторлармен жеті

кездесу өткізді.

Нәтижесінде шетелдік компаниялар өңіріміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерге үлкен қызығушылық танытты.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы техникасын шығару, астықты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу,  мал азығын өндіру, қайта өңдеумен айналысатын және электр энергетикалық нысандар құрылысы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы компаниялармен бірге ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылады.

Сондай-ақ, кездесулер барысында су үнемдеу жүйелерін енгізу және сусорғы құрылғыларын шығару мәселелері жан-жақты сараланды.

Айта кетейік, қытайлық «GUOFENG» компаниясы жақын арада Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісін қолға алмақ. Ал, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуда тәжірибесі мол «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go., Ltd» компаниясының өкілдері бұған дейін өңірімізге келген десек, қазіргі таңда олар инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.

Сонымен қатар, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде «СиньФа» заманауи ауыл шаруашылығы және индустриялық паркіне барды. Ербол Қарашөкеев Шаньдун провинциясында интенсивті суару жүйелерін жобалаумен айналысатын компания өкілдерімен өткен кездесуде Жамбыл облысында су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты жоспарлы шараларға тоқталды.

Сондай-ақ, іс сапар аясында «SHIFENG GROUP» (ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші), СиньФа» (құрылыс материалдарын өндіруші), «GAMBOL» (мал азығын өндіруші), «ZhongtongBus» (автобус шығарушы) секілді бірнеше ірі компаниялардың өкілдерімен кездесулер өтті. «GAMBOL» және «SHIFENG GROUP» компаниялары ынтымақтастық орнатуға ниеттестік білдірді.

Облыс әкімі аймақтың инвестициялық әлеуеті және мүмкіндігімен танысу мақсатында қытайлық компанияларды өңірге шақырып, облыс экономикасына серпін беретін жобаларды жан-жақты қолдауға дайын екендіктерін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

тұрғындар назарына

Сіздерді «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық бойынша оқуға шақырамыз.

Жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметі «AMANAT» партиясымен бірлесіп іске асыруда. Өткен жылы еліміздің сегіз өңірінде 65 000 адам оқудан өтті. Біз жоба қатысушыларының жоғары бағасын алдық!

Өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 8-29 қаңтар аралығында өтеді. Халықты оқыту 2024 жылдың 5 ақпанында басталады. Өтінімді тіркелген жері бойынша ауылдық әкімдікке немесе «AMANAT» партиясының кеңселеріне хабарласу арқылы беруге болады.

Оқыту бес күнге созылады. Осы уақыт ішінде сіз отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарыңызды басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, өзіңізге тиімді шарттармен несие таңдауды үйренуді, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жос-парлауды үйренуді және т. б. үйренесіз.

Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізетін болады, ал қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында сіз білікті заң көмегін ала аласыз.

Барлық құжаттарды емайлға жіберіңіздер: kzulydala@gmail.com, bekmurzaeva_akmaral@mail.ru

Оқыту толығымен тегін.

«AMANAT» партиясы Сарысу

аудандық филиалы

мїмкіндікті тиімді пайдалану ќажет

Қаңтардың сары аязы сақылдап, жер-ана ақ мамыққа оранып, тылсым жатыр.

Аудан шаруа қожалықтарының қыстауларын аралап, жыл сайынғы дәстүрмен төрт түлік мал өсіріп, қажыр-қайрат танытқандардың шаруасын көзбен көру үшін   аудан әкімі С.Мамытов іссапарға шықты. Астықты, малды аудан халқы шаруа-ларын шалқытып, егіншілік пен төрт түлік өсіруде іргелі істерді атқарып келеді. Мұнда асыл тұқымды мал өсірумен қатар, өндірісті дамыту мәселесі де оң шешімін тапқан. Қойнауы фосфор, тұз, тағы басқа қазба байлықтарына толы аймақта тиімді жобалар жүзеге асу үстінде.

Қыстың қытымыр аязы ешкімге оңай соқпасы мәлім. Әсіресе қиыр қонып, шет жайлаған малшы қауымның қыстан қысылмай шығуы барынша маңызды.

Апта ішінде аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, аудандық ветеринария станциясының директоры Ақылбек Оспанов, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығының басшысы Нұрлан Молдабеков Байқадам, Жаңаталап, Игілік ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтардың қыстауларын аралады. Мақсаты малшы қауымның хал-жағдайын, қажеттіліктерін білу, төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеу.

Шаруа қожалықты аралау барысында аудан әкімі С.Мамытов ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарына мемлекеттен берілетін субсидиялар және мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіріп, отандық өнімдердің бірінші қажеттіліктердің қатарында екенін жеткізіп, жұмыстарына табыс тіледі.  Шаруалардың қарауындағы малдарын жүдетпей, қыстан шығынсыз шығару үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланып, қолдағы жем-шөбін үнемді қолдану керектігін айтты. Сонымен қатар алдағы айрықша кезең мал төлдету науқанына да дайындық жасау қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қора-жайдың қолайлылығын, жем-шөптің жеткіліктігін, азық-түлік, дәрі-дәрмектің барлығын көріп, малшы мәселесін тыңдады.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша аудан бойынша ауылдан тысқары орналасқан мал қыстауларының жалпы саны 171 құрайды. Оның ішінде, бүгінде 160 мал қыстауы пайдаланылуда. Жалпы шешуші участоктерде басында 100 мыңға  жуық мал қыстатуда. Оның ішінде,  7970 бас МІҚ, 4493 бас жылқы, 85 160 бас уақ мал және 1676 түйе бар. Қыстаулардың 130-ы құдықпен қамтылған, 18 қыстау табиғи артезиан суын пайдаланады және 12 қыстау бұлақ басында орналасқан. Жайылымдық алқаптарға инфрақұрылым тарту жобасы аясында 2023 жылы ауданда 36 су ұңғымасы қазылған.  Мал қыстауларының 126-ы телефон желісі және ұялы байланыспен қамтылған. 34 мал қыстауының басында  интернет желілерінің байланысы жоқ. Байланысы жоқ  мал қыстауларының жағдайын ауылдық округ әкімдері тұрақты бақылауда ұстайды.

Бұдан бөлек, 30 мал қыстауы орталықтандырылған электр жүйесіне қосылған.

Ал қалған 130 мал қыстауларында күн панелі, бензинді генератор және аккумуляторлар қолданылады.Қыстаулардың басында 650 тоннаға жуық  жем (арпа, бидай, жүгері) және 10700 тоннаға жуық шөп қоры бар.  2023-2024 жылдарға арналған мал қыстату науқанын өткізу үшін 123,0 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілді. Ағымдағы жылы шөп шабу жұмыстарын жүргізуге белгіленген алқап көлемі 43180 га құрайды. Оның ішінде, 5800 га жоңышқа және 37380 га табиғи шабындық алқап.

Үстіміздегі жылғы мал қыстатуға аудан бойынша 127,0 мың тонна шөп жиналып, жоспар 103,3% орындалған болатын. Бұдан бөлек, былтырғы жылдан қалған 12,0 мың тонна шөп қоры бар және қосымша 27,0 мың тонна бидай, арпа, мақсары сабандары жиналды. Бүгінде 110,0 мың тоннаға жуық мал азығы қоры қалып отыр.

Мал қыстату науқанын шығынсыз өткізу мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан аудандық штаб құрылып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жоспар бекітілген.

Шаруаларды аралау барысында аудан әкімі С.Мамытов  Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Ұласқан Егеубаев төрағалық ететін «Көркем» шаруа қожалығының жай-күйімен танысты.  Асқар Ұласқанұлының айтуынша бұл шаруа қожалықта уақ мал 725 бас, мүйізді ірі қара  62  бас,  жылқы 27 бас малдар бар. Қазіргі таңда төрт түлікке мал азығы жеткілікті екенін тілге тиек етті.  Алдағы уақытта мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдауларды  алдағы уақытта тиімді пайдаланатынын жеткізді.

Аудан әкімі өз сөзінде:

-Шаруалардың азық-түлігі,  малының жем-шөбі, отын-суы жеткілікті болуы қажет. Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе дейміз.  Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен мал дәрігерлері шаруалармен жиі байланыста болулары тиіс,-деп шаруалар субсидияға қатысып, техникаларын жаңарту керектігін айтты.

Сонымен қатар, аудан әкімі бастаған топ мүшелері  Жайылма, Досбол, Тоғызкент ауылдық округтерінің бірқатар шаруа қожалық қыстауларының жай-күйімен танысты. Ол туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Сәулет Есқараев,  «Sarysý»

Мәдениет-халықтың рухани мұрасы

Әрбір халық өзіндік мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын

шығаратын да – мәдениет пен

өнер, — деп атап көрсеткендей,

елдің рухани күші – оның

мәдениетімен өлшенеді. Ауданда мәдениет саласы бойынша 2 мәдениет, 17 ауылдық клуб үйлері, 26 кітапхана және 1 мұражай мәдени ағартушылық бағытта жұмыс істейді.

Өткен 2024 жылы аудандағы мәдениет саласында бірқатар жұмыстар атқарылып, жылды жетістіктермен аяқтады.

Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне 2023 жылы 3 нысаналы индикатор көрсеткіштері бекітілген. Оның 2-еуі  Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Сарысу ауданы әкімі арасындағы келісімнің негізінді жасалынған. Ал, 1-еуі аудан әкімі мен ауылдық округ (қала) әкімдері арасында жасалынған келісім:

  1. «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін 61,2%-ға арттыру. (61,2%-ға орындалды.)
  2. Облыс бойынша 2025 жылға дейін 125 мәдениет нысандарын жөндеу керек болса, ауданға 2 мәдениет нысанын жөндеу қойылған.
  3. Сарысу ауданы көлеміндегі жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдени алдын-ала тізімге алынған (мемлекеттік актісі алынбаған) археологиялық ескерткіштерге мемлекеттік тіркеу актісін алу бойынша түйінді нысаналы көрсеткіштің нәтижесі бойынша 9 нысанды жыл соңына дейін рәсімдеу көрсетілген.

Жыл қорытындысы бойынша барлық нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілді.

2023 жылдың 12 айында барлығы 2733 мәдени көпшілік іс-шара халыққа ұсынылып, оған 103 710 көрермен тартылды.

Аудандық  мәдениет үйінде аудан халқының көңілінен шығып, халықаралық, облыстық байқаулардан жүлделі орындар алып, елді ән-күйімен, өнерімен баурап жүрген 5 халықтық ұжым жұмыс атқарады. Атап айтқанда, «Сарысу», «Саудакент» театрлары, «Айжан қыз» би ұжымы, «Сарыарқа» ұлттық аспаптар оркестрі, «Талант» көркемсурет студиясы.

Сонымен қатар, 65 үйірме әр түрлі бағытта жұмыс жасайды, оған 902 қатысушы барады.

Есепті жылы өнер сүйер қауымның зор ықыласымен түрлі бағыттағы мәдени іс-шаралар, өнер байқаулары халық назарына ұсынылып, түрлі дәрежедегі жетістіктерге ие болуда.

Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстан-Жаңа Әзіл» атты І Республикалық әзіл-ысқақ фестивалінің сатира театрлар арасында  өткен байқауда «Сарысу» халық театры «Ең үздік жанр» номинациясымен марапатталды.

Тараз қаласында өткен «Халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі халықта» атты облыстық фестиваліне «Айжанқыз» халықтық би ұжымы қатысып, «Үздік би ұжымы» номинациясы бойынша жүлделі  І орынмен марапатталды.

Мәдениет қызметкерінің көпшіліктің ықыласына бөленіп, қошеметке ие болу ең үлкен алғыс. Әр сайыстан ауданның абырой туын асқақтатып келсе, қуанышымыз еселеп жатады. Сондай көңіл көкжиегін көкке көтерген жетістіктерді айтар болсақ, «Kesh jaryq» ауданаралық саз байқауы бағдарламасында Мұсаева Мөлдір III-орын, «Келші Құланға» атты V облыстық әншілер конкурсына Омаров Мейіржан қатысып, ІІ орын, Тараз қаласында өткен композитор Әуезхан Салабеков атындағы «Рақмет саған, туған ел!» атты облыстық ән байқауында Мөлдір Мұсаева бас жүлде,  Мейіржан Омаров Тараз қаласында өткен «Рақмет саған, туған ел!» атты облыстық ән байқауында ІІІ орынды иеленді.

Жамбыл облысы әкімдігінің  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен  өткен «Саусақ ұшындағы инклюзия» облыстық байқаудың «Үздік бедерлі сурет» номинациясы бойынша 3 орынмен кітапхана қызметкері Досаева Аяулым марапатталды.

«Пернебай Дүйсенбин оқулары» атты аудандық байқауда жазушының шығармаларын үздік оқығаны үшін Жаңаталап ауылдық кітапханасының  тұрақты оқырманы Манашбай Балауса «Бас жүлде» иегері атанды.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, облыс бойынша мәдениет мекемелері арасында ұйымдастырылған іс-шарада «Ләңгі тебу» (ер) ойыны бойынша 1 орын  жеңімпазы кітапхана қызметкері Ақділдаев  Бекзат Диханбайұлы марапатталды.

«Үздік ауылдық кітапхана-2023» облыстық байқауында, Үшбас ауылдық кітапханасы 3-ші орынды иеленді.

Сонымен қатар, Қазақстан  Республикасында қоғамдық-саяси мәндегі оқиғаларға орай, заңды бекітілген  дәстүрлі, мемлекеттік және ұлттық мерекелер, мәдени көпшілік  іс-шаралар жоспарға сәйкес өткізілді.

Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аясында ақын, жергілікті сазгер Төлеу Үшқоңыров 85 жасқа толуына арналған «Аққуым мөлдір» атты әдеби сазды кеші, «Сарысуым-жанымның шуағысың, таусылмасын мәңгілік қуанышың» атты республикалық ақындар айтысы, атақты қобызшы, композитор күйші Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына арналған «Жезкиік» атты республикалық қобызшылар байқауы, сонымен қатар «Қобыз — атасы Ықылас» тақырыбында форум ұйымдастырылып, өткізілді.

Қоғам қайраткері Төкен Мақашовтың 100 жылдығы кең көлемде аталып өтсе, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толуына арналған «Жүрегі шуақты, ізгі мұратты қаламгер» атты кездесу кеші жоғарғы деңгейде өтті.

Сарысу ауданының 95 жылдығына арналған «Сарысу саялы өлкем» атты мәдениет және өнер фестивалі барлық ауылдық округтерде жоғарғы деңгейде аталып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.

2023 жылды аяқтаған  іс-шараның бірі аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына арналған «Қош келдің, жаңа жыл —  бақытты менің еліме!» атты кеші болды. Жалпы іс-шараға     300-ден аса бүлдіршіндер қамтылды.

Сонымен  қатар, 31 желтоқсан күні орта-лық алаңда  «Төрлет, жаңа жыл — бақытты менің еліме!» атты мерекелік көңілді бағдарламасымен тәмамдалды.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана деп» Әбіш Кекілбаев атамыз айтқандай, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде түрлі форматтарда және тақырыптарда оқырмандарға арнап іс-шаралар, акциялар, тақырыптық, портреттік, әдеби-сазды кештер, дөңгелек үстелдер мен подиумдер, пікір-сайыс алаңдарын ұйымдастырып өткізуде.

Бүгінгі күні кітап қорының жалпы саны  – 451 059 дана, мемлекеттік тілде – 252 726 дана, жаңа  түскен әдебиеттер саны — 4284 дана, мемлекеттік тілде — 3725 дана, кітап берілімі – 436 104 дана,  мемлекеттік тілде- 340 059,  оқырман  саны- 24238  адам,  келім саны -193 904 адам.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Сарысу ауданында іске асыру бойынша Сарысу ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 26 мамырда №124 қаулысы бекітілген.

Осы жоспарға сәйкес, ауданымызда барлық іс-шаралар тиісті деңгейде жүргізіліп  келеді.           Ауданда тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бағытында 2022 жылы-78 іс-шара, 2023 жылы- 93 іс-шара өткізілді.

2023 жылдың 12 айында аудандық байқаудың іріктеу кезеңінен өтіп облысқа жолдама алған үміткерлер ауданның үмітін ақтап, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, «Шерхан оқулары» облыстық байқауында   Сарысу ауданы бас жүлде иеленді,  өзге этнос арасындағы «Үздік тыңдаушы» байқауында бас жүлде иеленді, «Мемлекеттік тіл мерейім» байқауында 2- орынды, «Үздік ас мәзірі» облыстық байқауында Жібек жолы мейрамханасы 3-орынды иеленді.

Тілдерді оқыту орталығының Сарысу аудандық бөлімшесінде 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан айы аралығында үш тіл (қазақ, орыс ағылшын) бойынша 26 топта 321 тыңдаушы оқыды. Оның ішінде 71 мемлекеттік қызметші, 30 бюджеттік сала қызметкері, 150 студент, 70 қала және ауыл тұрғындары. Ұлттық құрамы: 321 өзге ұлт өкілі.

Ономастика саласы бойынша:

Сарысу ауданында 1 қала, 9 ауылдық округ және оның құрамдас бөліктері (24 елді мекен, 238 көше ) бар.             238 көше атауларының 38-і (15,9%) дәстүрлі атаулар, 9-ы (3,9%) жер-су атаулары, 191-і  (80,2%) кісі есімімен аталады.

Кісі есімімен аталатын көшелердің 69-ы (29%) «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді. Ономастикалық атауларға толық талдау жүргізілген. 2022-2023 жылдары білім мекемесінен 2 нысан, 2 елді мекен және 21 көше қайта аталды.

Қазіргі таңда мәдениет үйіне атау беру жұмыстары аяқталуға жақын. Республикалық ономастика комиссиясынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес жұмыстар атқарылып, аудандық мәдениет үйіне Майкөт Сандыбайұлының есімін беруге оң қорытынды алынды. ҚР мәдениет және спорт минстрлігінің 2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хатына сәйкес атау беру жұмыстарының уақытша тоқтатылуына байланысты, құжаттарын рәсімдеу уақытша тоқтатылған.

Сонымен қатар, аудан тұрғындары тарапынан түскен ұсыныстарының негізінде аудан әкімдігі жанындағы жұмысшы топ «Тарихи тұлғалар» тізіміне Жамбылова Тамдыкүл, Тасыбаев Сейтжан, Заманбек Батырбеков, Қабанбаев Оспан, Айдымбеков Дәріқұл, Әбдіхалық Әбдіжаппар, Қожаханов Сейфулла, Өмірзақов Амантай, Рахымұлы Жұматай, Сатенова Ұмсынай, Баймұратов Төлендіні енгізу үшін облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының қарауына 2023 жылдың шілде-қазан айларында  құжаттары жолданды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген «Ұлттық ономастика — Ел айнасы» облыстық байқауында Сарысу ауданы 1-орынды иеленген болатын. 2023 жылы да ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен нормативтік құқықтық актілер бойынша өткізілген «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» байқауында өз жұмыстарын облыста тиісті деңгейде қорғап,  М.Қадырбекова, Н.Советов 2 рет 1-ші орынды иеленді.

2023 жылға Мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпараттарды қамту дәрежесін 84%-ға жеткізу жөнінде облыстық тілдерді дамыту басқармасымен нысаналы индикатор бекітілді. Қазіргі таңда 84,6%-ға орындалды.

Көрсеткішке қол жеткізу мақсатында жыл басынан кәсіпкерлік нысан иелеріне 1 ақпан — 1 наурыз аралығында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық»  атты айлық, «Көрікті жарнама-аудан көркі», «Сауатты жарнама-тіл тазалығының көрінісі» атты 7 түсіндіру жұмыстары мен 3 акция өткізілді.

Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында музыкалық аспаптар мен аппаратуралар, сахналық киімдер, өзге де керекті материалдық құрал – жабдықтармен қамтамасыз етіліп отырады.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Өндіріс ауылдық клубы күрделі жөндеуден өткізілсе, Жайлаукөл ауылдық клубына ағымды жөндеу жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.

«Мәдениет-асыл қазынам» жобасы аясында орталық алаңдағы жаңа сахнаның шымылдығы ашылып, көрермен көзайымы болды.

Бөлім өз кезегінде аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйін қадағалап, күтіп ұстауын бақылайды. Ауданда тарихи-мәдени ескерткіштер саны-150. Оның ішінде 115 археологиялық обалар, 35 түрлі санаттағы тарихи ескерткіштер (Ұлы Отан соғысы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштер, монументтер, бюсттер т.б.).

Ағымдағы жылы  бөлім тарапынан 4 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді.Барлық ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет етіледі. Сарысу ауданы көлеміндегі жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдени  алдын-ала  тізімге алынған (мемлекеттік актісі алынбаған) археологиялық ескерткіштерге мемлекеттік тіркеу актісін алу бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. 2022 жылы 9 археологиялық ескерткішке тіркеу актісі алынса, 2023 жылы да бекітілген индикаторға сәйкес 9 ескерткіштің тіркеу актісі алынды.

Былтырғы жылы мәдениет саласы 5 мәдени қызметкер және 4 кіші қызметкерлер штатымен толықтырылды.

Жамбыл облысының 2023-2027 жылдар аралығындағы даму жоспары бойынша 9 клуб үйлері мен кітапханалар күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Арыстанды ауылдық клуб үйіне «Бейбітшілік пен келісім жол картасында» жаңа құрылыстың қажеттілігі белгіленген.

Барлық жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, құрылыс, экономика басқармаларына ұсынылды.

Биыл  Игілік ауылдық клубының жаңа құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарланып отыр.

Биылғы жылы мәдениет саласы бойынша 2024 жылы 2705 іс-шара жоспарланып, 104 820 тұрғын қамтылады деп жоспарлануда.

Оны ішінде қазақ  халқының  бірлігін  нығайтуға  үлкен  үлес  қосқан  атақты  үш  бидің  бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке  би Байбекұлына-380 жыл, 15 ақпан – Кеңес  әскерінің  Ауғанстан жерінен шығарылғанына -35 жыл, сондай-ақ Алаш қайраткерлері, елімізге белгілі жазушылар, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері бар.

Сонымен қатар, жергілікті ақын, күйші-жырау Майкөт Сандыбайұлының 200 жылдығы,   Жаңатас қаласының 55 жылдығына арналған «Жаса, жайна, Жаңатас» атты аудан сазгерлерінің әндерінен аудандық ән байқау, Жаңатас қаласының 55 жылдығына арналған «Жаңарған Жаңатасым» атты ауылдық округтер арасында мәдениет және өнер фестивалі, кемеңгер күйші Мәді Шәутиевтің 115 жылдығына арналған «Дарынды ақын, дәулескер күйші»,  жазушы, ақын Б.Адамбаевтың 105 жылдығына арналған «Шешендік сөздің сұғыласы» әдеби променад,  «Қазақ поэзиясының пырағы» атты ақын  Маралтай Райымбекұлының 55 жасқа толуына орай, шығармашылық кеш  өткізіледі деп күтілуде.

Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан да елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарыла беретін болады.

С.Жақсыпейілова,

 аудан әкімдігінің мәдениет

және тілдерді  дамыту

бөлімінің басшысы

Медиация рәсімі арқылы аяқтаудың тиімділігі зор

Дүниежүзінде дау мен жанжалдың көбеюіне байланысты оларды  шешу мен реттеудің тиімді әдістерін табу қазіргі таңда өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі болып отыр, осы ретте медиация-әлемнің көптеген елдерінде танымал, жанжалды шешудің неғұрлым тиімді және балама әдістерінің бірі саналады.

Медиацияда тараптардың жетістікке жету мүмкіндігі зор, себебі бұл медиатордың кәсіби көмегін алуға, жақтардың бір келісімге келуіне бағытталған. Медиацияның тарихы тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Өткен ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымда билер аса маңызды орынға ие болып, тек ел басқарушы ғана емес, сонымен бірге сот билігін жүзеге асырушы – судья ретінде де танылған. Ал қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың жаңа түрі – кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды орган- медиация және федералдық қызметі құрылды. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла бастады. Медиация процедурасын қолданудың бірден-бір ерекшелігі – медиация бұзылған қатынасты қалпына келтіруді мақсат етіп, келісімді жүзеге асыру барысында жанжалдың негізінде жатқан сезімдерді, эмоцияларды, тілектерді зерттеу нәтижесінде медиатор тараптардың психологиялық қарым-қатынастарын қайта қалыптастыруға көмек беруге ұмтылады. Тағы да бір ерекшелігі – медиация процедурасы келісімді жүргізудің негізі ретінде тараптардың ұстанған бағыттарын емес, олардың мүдделері негізінде жүзеге асырылады.

Медиацияның басты мақсаты – кінәлілерді іздеу емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты  қанағаттандыратын, келісілген шешімге қол жеткізу болып табылады. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация- еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан жария емес процесс. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни, медиаторды өздері таңдайды. Медиацияның тиімділігі. Дауласушы  тараптар қысқа мерзімде келісімге келуге мүмкіндік алады; іс сот медиациясы тәртібімен аяқталғанда талапкерге мемлекеттік бажға төлеген шығын қайтарылады; дауды  сот медиациясы тәртібімен реттеу туралы келісім судьямен бекітілетіндіктен, тараптар дауды тез шешуге қол жеткізеді, келісім орындалмаған жағдайда, атқару парағы келісімді мәжбүрлеп орындау үшін берілуі мүмкін. 2016 жылы қолданысқа енген Азаматтық процестік нормаларына сәйкес, енді қорғаушылар мен судья дауласқан екі жақты татуластыра алады.

Қазіргі таңда, соттар қабылданған заңның жағымды тұстарын бағалап, сот медиация инс-титутын жаңғырту мақсатында оны дамытуға үлестерін қосып жатыр. Тәжірибе барысында сотқа жүгінген тараптардың басым көпшілігі алғашқыда «медиацияның» не екенін де білмейтін. Халықтың медиация институтымен танысу мүмкіндігін жүзеге асыру үшін оларға әрдайым медиация ұғымы жайлы және оның ерекшеліктері жөнінде ақпарат беріліп, сондай-ақ, азаматтық істерді қарау барысында медиация институтын дамытуға, оны халық арасында кеңінен насихаттауға, медиаторлар жұмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі жасалғандықтан, бұл соңғы жылдары жиі орын алып жатқан жанжалдарды шешіп қана қоймай, олардың алдын алуға көмектесуде.

Д.кадеркулкызы, 

аудандық соттың судьясы

Электромагниттік өрістің адам ағзасына әсері

Қазіргі таңда қоршаған ортаны, адамдарды электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын тұрмыстық техникаларсыз елестету мүмкін емес. Бірақ олардың адам ағзасына тигізіп жатқан әсері қаншалықты екенін көбі біле бермейді.

Күнделікті біздің өміріміздегі электромагниттік сәулелену дегеніміз ол күні бойына көз алдымызда болатын тұрмыстық техника мен құралдар, қолымыздан түспейтін ұялы телефон және компьютерлер т.б. Сырт көзге байқалмаса да бұлар адам ағзасына белгілі бір мөлшерде зиян келтіруде. Электромагниттік толқындар көзі болып кез келген бойынан айнымалы ток жүретін жай қарапайым өткізгіш бола алады. Олар кез келген үйде, мекемеде күнделікті қажет етілетін барлық тұрмыстық электрондық құрылғыларда, теледидарда, үтікте, мұздатқыштарда, шаңсорғышта, компьютерде, ұялы телефондарда болады. Сәулелену көзінің  қабілеттілігі оның пішіні мен өлшемдеріне, сол сияқты тербеліс жиілігіне тәуелді. Адамзат игілігіне арналған бұл жаңалықтар әрине  пайдалы, бірақ, әртүрлі жиіліктегі диапазоны бар техногенді электромагниттік өрістердің адамға пайдасы ғана емес кері әсері де бар.  Әсіресе, ұялы байланыс пен компьютердің электромагниттік толқындарының адам ағзасына тигізер зияны ерекше. Компьютермен жұмыс істеген кезде оның жанында электромагниттік толқын көп болады. Компьютердің платасы және мониторы қызған кезде ауаға зиянды заттар бөлінеді. Осының әсерінен ауа құрғап, адамның тыныс алуы бәсеңдейді.  Компьютерден шығатын электромагнитік толқын адамның жүйкесінің тозуы, иммунитетінің төмендеуі, тіптен, көп отырған кезде көз ауруы, қол білезіктерінің ісінуі, омыртқаның қисаюы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, салмақтың қосылуы сияқты ауруларға алып келеді. Сонымен қатар жыныстық органдардың және эмбрионның дамып жетілуі мен қызметіне де теріс ықпалын тигізеді. Ана құрсағындағы эмбрионның электромагниттік өріс толқындарына сезімталдығы ана ағзасына қарағанда анағұрлым жоғары, компьютерден шығатын электромагнитік толқын қан айналымын баяулатып, зат алмасу процессін де бәсеңдетеді, осының салдарынан гипаксия болуы мүмкін және балаға қажетті заттың дұрыс бөлінбеуіне әкеп соқтырады. Баланың дұрыс дамуына да әсерін тигізіп қана қоймай нәрестенің туа біткен кеселдерге ұшыратады.

Ал, ұялы телефоннан шығатын электромагниттік өрістер адам ағзасына біраз жиналып барып, оның әсері 5-10 жылдан соң бірақ пайда болады. 3- 6 жас аралығындағы балалар үшін электромагниттік өріс әсері тіптен зиянды. Өйткені, өсіп келе жатқан миға кері әсер етіп, кейін баланың есте сақтау қабілетін төмендетеді. Ересектер де көп қолданса алдымен қан қысымы көтеріліп, жүйке, ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Осындай ауруларға шалдыққыңыз келмесе компьютердің алдында көп отырмауға тырысыңыз, ал егер жұмысыңыз бойынша талап етілсе арнайы ережелерді сақтап, жаттығу жасап отыру қажет. Әрине, бүгінде аталған заттарсыз, қондырғы, құралдарсыз жұмыс істеу, істі бітіру мүмкін емес. Оның үстіне мына әлем бойынша туындаған «Коронавирустық инфекция» салдарынан жарияланған онлайн сабағымыздың өзі осы адам ағзасына зиян электромагниттік толқын бөлетін ұялы телефон мен компьютерге уақытша болса да тәуелді етті. Кез келген ананың бала денсаулығына алаңдамауы мүмкін емес. Алайда қолдан келер шара жоқ. Дегенмен оларды сақтық шараларын қолдана отырып пайдаланған абзал. Біріншіден, аталған қондырғыларды тұйықтау жүйесіне міндетті түрде енгізу қажет. Екіншіден, теледидар хабарларын кем дегенде 2,5 м – 3,4 м арақашықтықтан көру және 1,5 сағаттан артық қарамау, әрі міндетті түрде арасында үзіліс жасау қажет. Компьютерлер мен ойын автоматтарының және тағы да басқа құралдардың орналастыру талабы мен пайдалану уақыты сақталынуы тиіс. (күндік тиісті уақыты – 5 сағат). Пайдалану барысында үлкендер әр бір сағат сайын, балалар әр отыз  минут сайын үзіліс жасау қажет. Жалпы, бейне монитордың, жазу столының, отыратын орындықтың, тағы да басқаларының орналастырылуы дұрыс болуға тиісті. Орындықтың биіктігін, арқалығының дұрыс тұруын, клавиатураның тұрған орнын, дисплейдің көлемін, экранмен арақашықтықта жұмыс істейтін адамның өзіне ыңғайластырып қойғаны абзал. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, көп жағдайда дисплей өте жоғары тұрады, жүйелік блоктың үстіне қойылады. Соның салдарынан, басты үнемі көтеріп отыруға тура келеді де, мойын омыртқа тұсы ауыратын болады.

Электромагниттік өрістен қорғану үшін жұмыс істеу орнын және сәуленің шығу көзін экрандау немесе мыстан жасалатын жоғары өткізгіштік қасиеті бар торды пайдалану. Электромагниттік сәулеленуді дозиметр көмегімен кемінде жылына бір рет өлшеп тексеру. Бұл қызметті Сарысу аудандық бөлімшесінің «Ұлттық сараптама орталығы» мамандары мемлекеттік тексерістен өткізілген арнай құралдармен анықтайды.

Т.Таласбаева, ҚР ДСМ СЭБК

«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалы Сарысу аудандық бөлімшесінің   санитарлық-гигиеналық зерттеу зертханасының маманы

 

 

Алғыс арқалаған азамат

Адам баласы өмірге келген соң оның мақсаты айқындалып, дүрбелеңге толы сәттері басталады.

Қоғамда жиі айтылатын екі нәрседен қателеспеу керек десек, соның бірі — мамандық таңдау болып табылады. Расында әрбір жан өзінің жүрек қалаған мамандығына оқуға түсіп, адал еңбек етуге ұмтылады. Мамандықтың түр-түрі көп. Солардың ішіндегі ең абзалы, ең қайырлысы, ел ішінде «Ақ халатты абзал жандар» деп айтылатын медицина мамандығы. Адамның ауруын тап басып табу, оны емдеуде жаңылыспау медицинаның басты қағидаларының бірі. Біз бүгін осы салада еңбегі сіңіп, елге сүйікті болған Саудакент ауылының тұрғыны Атенбеков Нұрбол жайлы айтпақпыз.

Атенбеков Нұрбол Жаңалықұлы-1985 жылы 24 қазанда Саудакент ауылында дүниеге келді. 2002 жылы Б.Адамбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Тараз қаласына арман қуып барып, оқуға түседі. Жамбыл медициналық колледжін бітіріп шығады. Туған жерде қызмет етуді жоспарлаған жас маман мүмкіндіктерге толы үлкен қаланы тастап ауылға келеді. Балтыры сыздап, белі бүгілген жандарды емдеудің жолын тапқан Нұрбол жеке кәсіпке бет бұрып, ауылдан дәріхана ашады. 4 жылдан бері тынбай жұмыс атқарып жүрген нысанның негізгі мақсаты дәрі-дәрмектен бөлек науқас жандарға массаж жасаумен айналысады.

Соның ішінде дисплазия диагнозы қойылған балалар да бар. «Жақсы адам елдің ырысы» дегендей, жүзінен шуағы шашылып тұратын маман әр келушіні жылы дидармен қарсы алып, көңілінен шығуға тырысады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, ер азаматын мақтан тұтатын жұбайы Ермекова Жұлдызай жолдасының қолғанаты болып отбасының шамшырағына, кәсібінің нағыз көмекшісіне айналған.

Отбасында 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп жатқан берекелі шаңырақ, елге ісімен үлгі. Үлгі дейтініміз, ауыл азаматтарын жақсы танитын Нұрболға тұрғындар әсіресе, қарт кісілер келіп, тегін екпелерін салдырып кетеді. Әрі жағдайы төмен отбасыларға да ақысыз массаж қызметін ұсынып, ел игілігі үшін жақсылық жасауға ұмтылып жүр.

Сондықтан болар, ауыл азаматтары Нұрболға пәк ниетті алғыстарын жаудырып, ақжолтай ақ баталарын береді. «Батаменен ел көгерер» демекші, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген кәсіпкердің жұмысы жанданып, әр бір жұмыс күндері қарбаласпен өтеді. Отбасы, бала-шаға  қамы деп қана емес, елдің денсаулық күзетінде жүрген Нұрболдың тиянақты тірлігіне ауыл тұрғындары дән риза. Ендеше, ісіне мығым, бас ауырып, балтыры сыздағандарға жанашыр азаматтың абыройы арта берсін деп тілек білдіреміз.

Әбілхан әлемі

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен,  қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған,  кескіндемеші-график, қылқалам шебері  Әбілхан Қастеевтің туғанына 120  жыл толуына арналған  «Әбілхан әлемі» атты тақырыптық кеш өтті.

Іс-шараның мақсаты:  өскелең ұрпақты қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірбаянымен,  суретшінің қылқаламынан туған шығармаларымен  таныстыру.

Шараны жүргізген мәдениет қызметкері Жансая Ахажанова ұлы суретшінің өміріне және   шығармашылығына тоқталып,  оның Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі жайында мағлұмат берді.

Сонан соң қыл қалам шеберінің «Көк камзолды қыз», «Қос құрбы», «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Амангелді сарбаздары», «Соңғы хабар» т.б шығармалары  таныс-тырылды. Кешке қатысушылар Әбілхан Қастеевтің қазақ сурет өнеріне қосқан  ұшан-теңіз үлесі жайлы ойларымен бөлісті.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

хабарландыру

Құрметті аудан тұрғындары, «Ауыл аманаты»  жобасы аясында  несие алуға шақырамыз. Қаржыландыруды Тараз қаласындағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады.  2023 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушысының №443 Бұйрығымен ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда шағын несие беру қағидалары бекітілді.  Жоба ауылдарда жүзеге асырылуға бағытталған.

Шағын несиелер өтініш берушілерге мерзімі, төлеу, қайтару, қамтамасыз ету және мақсатты пайдалану қағидаттарын сақтай отырып, мынадай шарттарда беріледі:

1) шағын несие беру мерзімі – 5 (бес) жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына шағын несие беру мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін;

2) шағын несиенің ең жоғары мөлшері 2 500 (екі мың бес жүз) айлық есептік көрсеткішке дейін (9230,0 мың тг), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін (29536,0 мың тг). (МРП-3692)

Несиенің  талаптары:

3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі-жылдық 2,5%-дан (екі бүтін оннан бес) аспайды;

4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;

5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу жөніндегі жеңілдікті кезең шағын несиелеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайтын мерзімін құрайды;

6) шағын несие беруге мақұлдау алғаннан кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркелу;

Елді мекендердің (әкімшілік бағыныс-тылығына қарамастан) және шағын қалалардың жеке және заңды тұлғалары ауыл халқының кірістерін арттыру жобасын іске асыру шеңберінде шағын несиелер алуға өтініш берушілерге мына азаматтар жатады:

1) жұмыссыздар;

2) дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекетсіз дара кәсіпкерлер;

3) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

4) сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар;

5) «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері;

6) ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған дара кәсіпкерлер.

Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі

Анасын аңсап келген Жәнібек

асқақ арманына жетсе екен

Өткен жылдың соңғы айларына қарай қазақ баласының  ит арқасы қияннан, мұхит асып Бельгиядан туған  анасын іздеп, атажұртқа келуі қоғамымызда ерекше бір сілкініс тудырғаны  баршамызға аян.

Танымал тележүргізуші Қымбат Досжанмен «Бармысың, бауырым» бағдарламасында сұхбат берді. Келісті, келбетті жүзінен нұр шуағы төгілген 21 жастағы жалын атқан жас жігіт жан сырын ақтарды.

-Қазақтың баласымын. Атым Жәнібек. 2002 жылы Арқалық қаласында перзентханада дүниеге келіппін. Мен үшін белгісіз себептермен анам қолхат жазып кетіпті де қайта оралмапты. Мені 2004 жылы балалар үйінен Бельгиядан келген жалғызбасты ана алып кетіп асырады. Эдди Жан деп ат қойыпты. Туған анамды іздеп келдім. Маған туған әке-шешемнен ештеңе керек емес. Өмірде әрбір отбасында түрлі жағдайлар болады. Ешкімге кінә тақпаймын. Бар арманым жарық дүние, өмірдің қызығын сыйлағын туған анамды бір рет құшырлана құшақтағым келеді.

Атажұртқа асыл анасын іздеп құстай ұшып жеткен Жәнібек бұл сөздердің бәрін ерекше толқыныспен ағылшын тілінде айтты. Қазақ пен орыс тілдерін білмейді. Неткен білімділік, сауаттылық десеңізші. Керісінше ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде еркін, таза сөйлейді екен. Еріксіз өкінішке бой алдырасың. «Әттеген-ай, туған анасының ыстық құшағында өссе тілі қазақ тілінде шығар еді-ау» деп бас шайқап, бармақ шайнағандай боласың.

Ойды ой қозғап, сөзден сөз шығатыны бар. 1999 жылдан бері балалар үйлерінен 9 мың жетім бала жат жер, шет елге асқан екен. Көпке топырақ шашу ешкімнің қолынан келмейді. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», «Сөйлемесе сөздің атасы өледі» дейді дана халқымыз. Олай болса жауырды жаба тоқымай шынайы шындықты айтқанның еш айыбы жоқ. Жетімін мейіріммен жебеген, жесірін қолтығынан демеген ел емес пе едік? Есі кірмей, оң мен солын танып үлгермеген қарадомалақ, қаракөз қандас бауырларымызды жатжұртқа ұстағанның қолында кете баруына қалайша жол берілді екен? Әрине салмағы зілбатпан бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмасы айдан анық. Деректер мен дәйектерге сүйенсек, аудандық статистика басқармасының 2009 жылғы мәліметі бойынша Байқадам ауылдық округінде 5550, Жаңаарық ауылдық округінде 1659, Досбол ауылдық округінде 804 халық болыпты. Осы үш ауылдық округтегі қаншама елді мекен мен ауылдарда тұратын халық шет ел асқан жетім қандас бауырларымыздың санына жетпейді екен.

Өткен ғасырлардың аумалы-төкпелі замандарында  ұлтының ұлылығын, халқының даналығын әлемге паш еткен қазақ елі жетімдерін жатжұртқа, жау қолына бермеген. Қаратаудың басынан көш, екі көзге мөлдіретіп жас келтірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған жоңғар шапқыншылығында бір отбасы тұтқынға түседі. Қаныпезер қарақшы мыңбасы (мың әскердің басшысы) қазақ әйелін сынамақ ниетпен:

-Тұтқындағы күйеуің, балаң және ініңнің біреуін өзіңмен ала кетуге рұқсат. Қалған екеуін алдымен зынданға салып, сосын дарға асам. Қане айт, кімді қалайсың?-дейді.

Сонда қазақ әйелі көп ойланбастан:

-Өзіммен бірге бауырым, інімді әкетемін,-дейді.

-Неге олай дейсің? Күйеуің мен балаң керек емес пе?

-Солай етуге тура келеді. Тағы қазақ жігітіне күйеуге шықсам перзентті боламын. Бауырды қайдан табамын?

Қазақ әйелінің ақылы мен тапқырлығына тәнті болған мыңбасы бәрін де тұтқыннан босатып, бастарына бостандық берген екен. Тағы бір аңыздай болған әңгіме үш жүздің төбе биі болған Төле би бабамызға қатысты. Жоңғар шапқыншылығынан босып, ел қаша көшкенде Төлеби үйін жықпай жұртта қалыпты. Қалмақтың әскер басы бұған таңданып, көшпеген себебін сұрағанда, Төле би  «Биыл шаңырағыма бір қарлығаш ұя салып еді. Бұл-бүкіл дүние жүзін су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда, сонда қорғаған жәндік еді. Мен өз бала-шағамды қорғап қалған құстың ұясын бұзып, балапандарын қырып кете алмадым» дейді. Мұны естіген қалмақ хонтайшысы «Бұл әулие екен» деп, оның өзіне де, маңайындағы еліне де тимепті. Тарих шежіресінен сыр шерткен жазба деректерге көз жүгіртсек Ташкент пен Шымкент айналасындағы қазақтар мен өзбектер Төле бидің есімін тура атамай, күні бүгінге дейін «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп қадірлейді екен.

Өткен күндердің күнгейі мен көлеңкесі осылай сыр шертеді. «Бармысың, бауырым» бағдарламасының ұжымы туған анасы үшін мұхит асып келген қандасымыз Жәнібекке көмек көрсету үшін тынымсыз жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы игі істерді жүргізуші әрі Жәнібектің ресми өкілі Қымбат Досжан өзінің желідегі жеке парақшасында оқырмандарға хабардар етіп отыр.

Амал қанша, балалар үйіндегі құжатта аты-жөні Жұмағұлов Жәнібек Мұратұлы болып жазылған қандас бауырымыздың Қазақстан азаматтығы жоқтығынан елден кетуге мәжбүр болды. Жайдан-жай кеткен жоқ. Әлеуметтік желіде көңілге толқыныс, сезімге серпіліс, жүрекке бұлқыныс тудырған жазбасын қалдырып кетті. «Достар, менің визамның уақыты аяқталды, туған жерден кетуім керек, бірақ мен жақында ораламын. Мен туған анамды іздеу жұмысын тоқтатпаймын. Кеше қазақ радиосының «Бармысың, бауырым» хабарының редакциясына менің атымнан сот отырысына қатысуға, маған қатысты кез келген мәліметке қол жеткізуге, менің атымнан арыз, өтініш, шағым жазуға заң бойыншы толық рұқсат бердім. Қазақстаным, рахмет саған, туған ел. Ең бастысы, мен бұл сапарымда туған жерімді таптым, туған еліммен қауыштым, әр қазаққа бала, бауыр екенімді түсіндім. Бәріңізді жақсы көремін. Амандықта жүздесейік!»-деген сөйлемдерді тебірене толқыныспен жазды  Жәнібек  lnstaqram парақшасында.

Тілсіз, жазусыз болса да сурет те сөйлейді, үнсіз сыр шертеді. Әуе кемесімен мұхит аспаққа бет алған Жәнібектің мына суреті бүкіл қазақ халқына үн қатып тұрғандай. Отты жанарымен соңына қарайлап, күлім қаққан нұрлы жүзінен туған жерін, қазақ елін қимай кетіп бара жатқанын сезінесің. «Көп тілеуі-көл» дейді дана халқымыз. Олай болса, асыл анасын мұхит үстімен ақ шағаладай шарқ ұрып іздеген Жәнібек бауырымыздың аңсаған асқақ арманына жетуіне тілеуқор болайық, ардақты ағайын.

Темірлан Әбілдаев,

ардагер журналист

Оқуға құштар колледж

Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасы мен қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Рахимова Райхан Ынтықбайқызының бірігіп ұйымдастыруымен «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында Не? Қайда? Қашан? атты 09-23 тобының қатысуымен әдеби ойын өтті.

Мақсаты: білім алушылардың ой-өрісін кеңейту, ойын қабілетін қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылығын ойын арқылы арттыру. Колледж кітапханашысы Сандуғаш Абдирова ойын кезеңдерімен таныстырып өтті. 1-кезең «Сұрақтар керуені» сұрақ-жауап, 2-кезең  «Кім жылдам? плакатқа  ақын жазушылардың суреттері ілінеді әрқайсының тұсына өзінің  шығармаларын қойып шығу,3-кезең «Әдебиет әлемінде» кино-пьесалардан үзінді, 4-кезең «Қайда? Қашан?» ақын-жазушылардың туған жылы мен туған жерін табу. 4 кезең бойынша өздерінің білімімен, тапқырлығымен, жылдамдығымен «Қыран» тобы  1-ші орын, «Сұңқар» тобы 2-ші орынмен марапатталды. Ойын қызықты әрі тартысты өтті.

«Sarysý-Aqparat»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.