ҚОС СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНҒА КЕЛДІ
Елді мекендер мен елдегі жағдайлармен таны-
сып, мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруда аянбай жүрген Сенат депутаттарының өңір үшін маңыздылығы жоғары.
Осы орайда, аптаның бейсенбісінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданымызға ат басын бұрды. Сенат депутаты Сәкен Арубаев сапарын аудандағы ірі инвестицияның бірі, кальцийлендірілген сода шығаратын «Казсода» ЖШС-нен бастады. Зауыт құрылысының жұмысымен, сондай-ақ «Ақкөл көлінен бастап қуаты жылына 400 мың тонна кальций қосылған сода өндіретін зауыт шекарасына дейін су таратқыш салу» жобасының құрылыс жұмыстарымен танысып шықты. Айта кетейік, кальцийлендірілген сода шығаратын өндірістік зауыт құрылысына Түрік мемлекетінің компаниясы 400 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция салып отыр. Сонымен қатар, «Сарысу аудандық ветеринариялық станциясы» кәсіпорнының жұмысымен танысып, ветеринар мамандармен кездесті. Сондай-ақ, «Ынталы» каналында болып, каналдың жағдайын көріп, аудандағы шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесіп, ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстардың барысымен танысты. Ал, сенат депутаты Бекболат Орынбеков болса сапарын аудандық орталық аурухананы аралаумен бастады. 1969 жылы пайдалануға берілген ғимараттың жағдайын көрді. Аурухана жұмысымен сенаторды аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Каликова таныстырды. Аурухана басшысы А.Каликова жаңа аурухана салу үшін тиісті құжаттар дайындалу үстінде екенін жеткізді. Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы Жаңатас қалалық орталық жылыту қазандығында болып, жұмыстарымен танысып, қысқы жылыту маусымының қалыпты деңгейде өтуін тапсырды. Қаладағы қазандық алдағы уақытта газ жүйесіне ауыстырылмақ. Сондай-ақ Сенат депутаты Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында және Абылайхан атындағы мектеп-лицейінде болды. Өткен жылы бұл екі білім ошағы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мектептерге жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Ильяс Баймағамбетов және мектеп басшылары таныстырды. Екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 399,2 млн. теңгеге жүргізілді. Сапар барысында Бекболат Серікбекұлы Жаңатас қаласында қайта жөндеуден өткен 1-ші шағын аудандағы 44-ші үйді көріп шықты. Жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысымен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Аукенов таныстырды.
Іссапар барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар өз шешімін тауып, жүзеге асатын болады.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»