ХАЛЫҚТЫҢ ХАС БАТЫРЫ
Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасы мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының батыры, панфиловшы, Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 113 жыл толуына орай «Халықтың хас батыры» атты 1 курс студенттерінің қатысуымен тұлғатану кеші өтті.
Кештің мақсаты: аты аңызға айналған қазақ халқының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылық жолымен таныстыру, ерлікке толы өмірін үлгі ету. Кеште Қасым Аманжоловтың «Бауыржан» арнау өлеңін 04-23 тобының студенті Шешенбай Гүлнұр, Жарылқасын Аманұлының «Бір қазақтың Бауыржаны» өлеңін Жаңабай Жұлдыз, Ұлжалғас Қайратованың «Абыройы асқақ ұлы батыр» өлеңін 11-23 тобының студенті Болатхан Жанерке мәнерлеп оқып берді.Жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына кітапхана қызметкері Луиза Рахымбаева тоқталып өтсе, кітапханашы Жансая Рахимжанова «Рухы биік өр тұлға» кітап көрмесіне шолу жасады. Кеш соңында колледж кітапханашы Сандуғаш Абдирова студенттерді кітап оқуға, кітапхананың тұрақты оқырманы болуға шақырды.
Оқуға құштар колледж
Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасының ұйымдастыруымен «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында 1 курстар арасында Топтың үздік оқырманы атты байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты: оқырмандарды кітап оқуға тарту, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен таныстыру. Шараны колледж кітапханашысы С.Абдирова жүргізіп, кезеңдерімен таныстырып өтті. «Әр оқырман-бір әлем», «Нақтылап ата», «Кім сырлы дүние», «Мақал-мәтел жарысы», Библио шарлар», «Кім тапқыр?» аталған 6 кезең бойынша топтың үздік оқырманы 10-23 тобының студенті Нұрағым Аян атанса, Жаңабай Жұлдыз «Тапқыр оқырман», Нұрпейіс Денислан «Зерек оқырман» Болатхан Жанерке «Өнерлі оқырман», Шукен Нұрзат «Білімді оқырман», Айтуар Дулат «Белсенді оқырман» номинацияларымен марапатталды.
Қатысушы оқырмандарға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қойлыбекова Ақнұр Дүйсенқызы, қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушылары Рахимова Райхан Ынтықбайқызы және Сүлейменова Эльмира Тұрсынханқызы өздерінің әділ бағасын берді. Шара соңында оқытушылар қатысушы студенттерге осындай көпшілік болатын іс-шараларға белсене атсалысуға шақырды.
Сыбызєы сарынды ќалам
Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасы мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жазушы Т.Әлімқұловтың туғанына 105 жыл толуына орай «Сыбызғы сарынды қалам» атты 04-23 тобының қатысуымен әдеби алаң өтті.
Кештің мақсаты: жас ұрпаққа қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, дарынды прозашы, суреткер қаламгер Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын насихаттай отырып, қазақтың мәдениеті мен әдебиетін сүюге, құрметтеуге, кітап оқу мәдениетін көтеруге ынталандыру.
Қазақ прозасындағы «қоңыр күй» өмірі мен шығармашылығына кітапхана қызметкері Қойлыбаева Балгерім тоқталып өтіп, Р.Ниязбектің «Суреткер» өлеңін оқып берсе, Т.Әлімқұловтың өмірдерегімен кітапхана қызметкері Рахимжанова Жансая таныстырып өтті. Т.Әлімқұловтің «Шымкентім» өлеңін 04-21 тобының студенттері Боранбаева Арайлым, «Алатауым» өлеңін Асқар Назгүл мәнерлеп оқып берсе, «Қараой» әңгімесіне колледж кітапханашысы Сандуғаш Абдирова тоқталып өтті. Шара соңында «Қайталанбас дара тұлға» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалынып, қатысушы оқырмандар өздерін қызықтырған кітаптарын жаздырып алды.
Оқу көшбасшысы
Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасы мен қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Р.Рахимованың ұйымдастыруымен «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында «Оқу көшбасшысы» атты 1 және 3 курс студенттердің қатысуымен викториналық ойын өтті.
Шараны колледж кітапханашысы С.Абдирова жүргізіп, кезеңдерімен таныстырып өтті. Ойын: «Бәйге» сұрақ-жауап, «Ойлан,тап» шығармалардан үзінді, «Нақтылап ата» ақын-жазушы, шешен билердің нақыл сөздері, «Жылдам жарыс» мақал-мәтелдің жалғасын табу, «Мені тап» адасқан әріптерден сөз құрау. 5-кезең бойынша өздерінің тапқырлығымен «Тапқырлар» тобы 1-ші орынды, 2-ші орынды алғырлығымен «Алғырлар» тобы иеленді. Топтың ішінен өзінің білімділігімен, жылдамдылығымен оза шыққан 04-21 тобының студенті Оразбек Жадыра оқу көшбасшысы атанды.
Самат қуандықұлы,
«Sarysý»
Жылыту маусымында өрттен абай болыңыздар
Ерте замандардан бері жылу мен жайлылықтың көзі болып саналатын пеш бүгінгі күні, өкінішке орай, нәтижелері қайғылы жағдайларға жиі әкеліп соғатын өрт қауіпсіздігі саласындағы қиындықтардың біріне айналып отыр. Сондықтан, Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің талаптарын өте қатаң деп те, тым артық деп те айтуға болмайды.
Пеш алдындағы қаптаманың, пеш қабырғаларының құрылысы мен сылағының ақаулығы, тазаланбаған түтіндік, пештің жанында қойылған тез жанғыш заттар – осының бәрі күтпеген және түзетілмейтін үлкен қайғыға әкеліп соғуы мүмкін. Әдетте, күн суытып, жылыту маусымы басталған кезде электрлік жылыту құралдары мен пештердің ақаулығы немесе оларды орнату және пайдаланудағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық салдарынан орын алатын өрттердің саны күрт өседі. Өкінішке орай, мұндай өрттердің нәтижелері өте қайғылы жағдайларға – адам өліміне, үлкен материалдық шығындарға әкеліп соғады. Пеш жағумен байланысты өрттің шығу себептері, әдетте, түтіндіктерде жиналатын күйенің жануынан қабырғалардың қызуы нәтижесінде түтіндіктердің кірпіш қалауында пайда болатын жарықтар болып табылады. Ал бөлмелерді жылыту үшін электрлік жылыту құралдарын, сонымен қатар қолдан жасалған электрлік жылыту құралдарын пайдалану нәтижесінде электр сымдары оқшауланған жерлердің тұтануына негіз болатын электр торабына шамадан көп күш түсуіне, түйісу аумағының қатты қызуына әкеліп соғады.
Жылыту құралдары мен пештерді пайдаланудың төмендегі қарапайым ережелерін сақтай отырып, қайғылы жағдайларға жол бермеу-ге болады:
— жылу беру маусымы басталар алдында жылыту құралдарын тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу;
— жеке меншіктегі үйлерде жылыту кезеңінің алдында және одан кейін 3 ай сайын түтіндіктер мен мұржаларды күйеден тазарту;
— шатыр асты бөлмелердегі барлық түтін жолдары мен құбырларын жүйелі түрде тексеріп отыру қажет. Бұл күйенің нәтижесінде пайда болған күйіктер мен жарықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Оларды тез арада балшықпен сылап, құбырларды әктеу қажет;
— пештің алдындағы еденге көлемі 50х70 см қаңылтыр қағылмаған жағдайда пештің есігін ашып, оны жағуға болмайды;
— пештерді қатты қыздыруға және қатты отынмен жағылатын пештерді жағу үшін бензин, керосин, басқа да тез жанатын сұйықтықтарды пайдалануға болмайды;
— желді күні пештерді, ас үйлік ошақтарды жағу уақытша тоқтатылуы тиіс;
-жылыту пешінің жанында ағаштарды, жанғыш заттарды, тез жанғыш сұйықтықтарды сақтауға, жағылған пештерді, керосин шамдарын, керогаздарды, примустарды қараусыз қалдыруға, пештің жағылуын балаларға қарауды тапсыруға болмайды.
Егер сіз электрлік жылыту пешін пайдалансаңыз, онда оның орнатылуы мен қолданылу ережелерін білуіңіз және сақтауыңыз қажет:
— электрлі жылытқыштар тек зауытта жасалған болуы қажет. Олардың энергияны көп қажет ететін қабылдағыш екенін және үйдегі электр жүйесіне көп жүк түсіретінін естен шығармау қажет. Оқшаулаудың күйген иісі, электр сымдарының, розеткаларының қатты қызуы және олардың күюі, электр есептегіштегі тежегіштердің үнемі күйіп немесе ажырап кетуі–үйдегі электр жүйенің шамадан тыс жүктелуінің және электр жылытқышты пайдалану қауіпті екенінің бірінші белгісі.
— электр жылытқыштарды жанғыш заттармен жабуға немесе бүркеуге, олардың үстіне кір кептіруге, оларды жанғыш заттар мен материалдардың жанына орналастыруға болмайды.
— қосылған құралдарды үнемі бақылауда ұстау қажет, үйден кеткен кезде оларды міндетті түрде өшіру керек.
Құрметті тұрғындар! Естеріңізден шығармаңыздар! Бейқамдық және отпен абайсыздық болжап болмайтын зардаптарға айналуы мүмкін.
Өрт болған жағдайда міндетті түрде «101» немесе «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалыңыздар!
Ә.Бекенов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты
Темекі шегудің зияны
Темекі адам ағзасына қалай әсер етеді?
Мамандар темекі шегетін адамның өмірі орта есеппен 14 жылға қысқаратынын айтып отыр. Өйткені темекі түтінінің құрамында көп мөлшерде болатын химиялық заттар адамның барлық дене мүшесіне теріс, соның ішінде канцерогенді әсер етеді. «Бұл процестер жөтелдің пайда болуына ықпал етеді. Уақыт өте келе жөтел созылмалы ауруға айналады. Көптеген химиялық зат өкпе арқылы қанға енеді. Ал көміртегі тотығы қандағы оттегінің бір бөлігін алмастырады. Бұл барлық органда, соның ішінде миға оттегінің жетіспеуіне әкеледі. Қанға түсіп, улы заттар қан айналымы жүйесінің тамырларына және бірқатар органға әсер етіп, адамның мезгілсіз көз жұмуына әкеліп соғады. Біртіндеп онкологиялық ауру кез келген мүшеде, ең алдымен өкпеде, бронхта, ауыз қуысында және көмейде, сондай-ақ өңеште, асқазанда, бауырда, бүйректе дамиды. Тыныс алу қиындап, созылмалы өкпе ауруы секілді дерттерді одан әрі жетілдіреді. Улы заттар мен никотин әсері жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етеді, бұл инфарктқа, сондай-ақ инсультке, перифериялық артериялардың зақымдалуына әкеліп соғады, бұл кезде адамның аяғы ауырғандықтан, жүруі де қиындайды»,-деді маман.
Темекі әйелдердің репродуктивті денсаулығына кері әсер етеді?
Сонымен бірге дәрігер темекі шегетін әйелдер де көптеген ауруға шалдығатынын, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, етеккірдің келу уақытының бұзылуы, сонымен қоса жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі»,-деді дәрігер.
Кәдімгі темекіге қарағанда электронды темекінің зияны аз ба?
Қазіргі таңда электронды темекінің түр-түрі кеңінен тарала бастады. Көпшілік электронды темекінің кәдімгі темекіге қарағанда зияны аздау деп ойлайды. Көпшілік ойлайтындай, электронды темекі шылым шегуді тастап кетуге көмектеспейді. Бұл туралы тіпті темекі өнімдерін өндірушілердің өзі айтпайды.
Олар темекі шегуді қоя алмайтындар туралы «алаңдаушылық» кейіп танытып, оларға «зиянсыз» темекі өнімдеріне ауысуды ұсынады. Бұрын бұл дозасы азырақ жіңішке темекі болса, қазір олар – электронды. Бірақ темекінің зиянсыз немесе дозасы аз түрі жоқ. ДДҰ никотин жеткізудің электронды жүйелерін, оның ішінде электронды темекіні денсаулыққа қауіпті деп санайды. Өндірушілердің өздері электронды темекіде кәдімгі темекінің құрамындағы канцерогенді заттардың барлығы жоқ екенін алға тартып, адамға теріс әсер ететін басқа да зиянды заттардың пайда болатыны жөнінде жақ ашпайды. Дегенмен қазірдің өзінде олардың зияны туралы ғылыми дәлелдер бар.
Темекінің ағзаға зиянды әсерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшін де бірнеше жыл кетті. Қазір ғалымдар электронды темекінің де ағзаға зиян екенін айтып, дәлелдеуге тырысып жатыр. Алайда дәрігердің сөзінше, дәстүрлі қолданыстағы темекіге қарағанда электронды темекіге тәуелді болу қаупі жоғары. Кейін қазір электронды темекі шегіп жүрген жастар уақыт өте қойғысы келсе де, қоя алмауы мүмкін екенін баса айтып өтті.
Темекінің зиянды салдарын қалай алдын алуға болады?
Темекі өнімдерін жасөспірімдерге сататын жеке тұлғалар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, темекі өнімдерін сату ережелерін қатаңдату қажет. Яғни, дүкенге жай нан немесе балмұздақ алуға келгендердің көзіне түсіп тұрмауы керек. Бұрынғыдай «Темекі шегу зиян!» деп қана ұрандатпай, тұрғындарға, әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасына шылым шегудің зияны туралы ақпараттық тұрғыдан әсер ету керек. Темекіні тастағысы келетіндерге көмектесу үшін медициналық ұйымдарда кеңселер ашылуы тиіс. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұмыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы — мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар — тиімсіз. Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет.
А.Тәжіқұлова,
аудандық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
бөлім басшысы
Тәрбие-тал бесіктен
Тәрбие-ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды.
Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бас-тап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Тәрбие мазмұнын айқындауда әзірленген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» туралы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің тәрбие орынбасары Түсіпова Индира ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейтініне тоқталды. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Кездесу оқыту семинар соңында сұрақ-жауап, пікір алмасу мен талқылау болды. Бағдарламамен мектеп қабырғасында шығармашылық топтармен талқылау жүргізу ұсынылды. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу–барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз–жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау-Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі.
Ґнерлініѕ ґрісі кеѕ
Игілік ауылдық балалар өнер мектебінің оқушылары түрлі байқаулардан жүлдегер атануда.
Атап айтар болсақ, жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласының білім бөлімінің оқушылары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Әуелеген әсем ән» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық дәстүрлі әншілер байқауында ән айту сыныбының мұғалімі Ж. Жарылқапованың оқушысы Тілеуқара Естай бағын сынап, 3-орынды қанжығасына байлап қайтты. Сонымен қатар Игілік ауылдық балалар өнер мектебінің 2023-2024 оқу жылының жылдық жоспарына сай «Өнерлі ұрпақ-кемел болашақ» тақырыбында ұлт – аспаптар бөлімінің апталығы өтті. Апталықтың келесі күндері ашық сабақ, лекция концерттері өтілді.
Сондай-ақ бейнелеу бөлімінің «Өнер әлеміне саяхат» тақырыбында апталығы өтті. Апталықтың ашылуы жұмбақтың жауабын табумен басталып, ашық сабақ, көрме, мектепішілік «Күз ханшайымы» байқауымен аяқталды. Одан кейін өнер мектебінде театр және би апталығы өтті. Апталықтың бірінші күні ұстаздардың «Сәтті қадам, жылы лебіз» атты ойынымен басталды. Ұстаздар оқушыларға жақсы тілектерін арнап, оқушылар ұстаздарға деген әдемі шумақтарымен «Білімділер патшайымы», «Өркениет патшайымы», «Өнер әлемінің патшайымы» т.б. номинацияларымен тәж кигізді. Апталықтың бастауы ұстаздар мен оқушыларға жақсы көңіл күй сыйлаумен бастау алды.
Апталықтың келесі күндері ашық сабақ, «Кім көп біледі» танымдық ойын, «Ел ертеңі- жастар» ой-бөліс, пікірталас сайысы, М.Жұмабаевтың 130 жыл толуына орай «Мен жастарға сенемін» атты мектепішілік өлең оқу байқауымен аяқталды.
С.ЕСҚАРАЕВ, «Sarysý»
Ақыл мен ойдың үздігі Ілияс
Шахмат-ақыл-ой өрісті дамытатын үстел спорт ойыны. Шахмат сөзінің мағынасы парсы тілінен аударғанда патша (шах)
өлді (мат) дегенді білдіреді.
Әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі болып саналады. Шахмат адамды жылдам ойлануға, шешім қабылдауға және қадам жасауға итермелейді.Ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге итермелейді деген ерік-жігерді қалыптастыруға басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі. Логика мен ұтқыр шешімді қажет ететін бұл ойын адамның мінез-құлқын өзі басқарумен қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдайлар негізіндегі іс-әрекеттің бір түрі болып табылады. Сондықтан, адам баласының дүниетанымы кеңейеді, сөздік қоры, ойлау қабілеті дамиды, білім сауаттылығы математика, химия, физика секілді пәндерге көп септігін тигізеді. Әлемдегі кең таралған ойындарының бірі болып табылады. Бүгінде ауданымызда аталмыш спорт түрін меңгеріп, жетістіктерге жеткен жастарымыз баршылық. Жуырда Тараз қаласында балалар арасында шахматтан Жамбыл облысының кубогінің финалы өтті. Сайыста жас спортшы 8 жасар Ілияс Мейіржан жылдам шахматтан 1-орын алып кубок иегері атанса, шапшаң шахматтан 2- орын иеленді. Болашақтан зор үміт күттіретін жас таланттың алар асуы алда болсын деп тілек білдіреміз.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Жемќорлыќ-әлемдік індет
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Жемқорлық – әлемдік індет» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жақсыбаев Өмірсерік, Сарысу АПБ-нің ЖПҚБ-УПИ полиция капитаны Есенбаев Ғабит, Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қуат Серікхан қатысты.
Аталған іс-шараның мақсаты: «Сыбайлас-жемқорлық» деген ұғымды түсіндіріп, олардың зардаптарын жою және мүдделерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеті екенін түсіндіру.
Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жақсыбаев Өмірсерік пен Сарысу АПБ-нің ЖПҚБ-УПИ полиция капитаны Есенбаев Ғабит ғасыр дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы, бұл ауыр індетті жою үшін күресті өзімізден, айналамыздан бастау керек екендігін, жемқорлықты жою үшін аянбай күресу — әрбір азаматтың адамзаттық парызы екендігін айтты. Іс-шара барысында қатысушылар бүгінгі күні өзекті болып отырған сыбайлас жемқорлық аясында өз ойларын ортаға салып, өз ой — пікірлерімен бөлісті.