ТАУ ҚОПАРЫП, КЕН ҚАЗҒАН
Ел тәуелсіздігі мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған «Қазфосфат» ТКӨК ЖШС-нің фосфор кенін өндіре бастағанына биыл 77 жыл толып отыр. Қарт Қаратау қойнауы қашанда қазынаға толы. «қаратау» тау-кен өңдеу кешені жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаған оқиға алғашқы фосфорит кені 1946 жылы 5 желтоқсан күні өндірілген болатын.
Фосфорит кені өндіріле бастағанына міне биыл 77 жыл толып отыр. Бұл күн кәсіпорын күні ретінде аталып келеді. Жаңа кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болды. Жетпіс жеті жылдың ішінде кәсіпорын фосфор өндірісі саласын талап деңгейінде жолға қойып, төрт аяғынан тең тұрып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Міне, сол уақыттан бері облысымызда химия өнеркәсібі қанат жая бастады. Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің тұғыры болып қалыптасты. Фосфор өнімдеріне әлемдік нарықта сұраныстың көбейіп отырғаны компанияның келешекте қазіргіден де көлемді жұмыстар атқаруына тура келетінін білдіреді. Фосфор өнімдерін дайындау мыңдаған адамдардың уақытпен санаспай жұмыс атқарғандығының арқасында болатынын біздер жақсы білеміз. Кен орындарын ашып, кен өндіру, оны тасымалдау, ұсақтау, түпкі нәтижеде дайын өнім алу қажырлы еңбекті қажет ететін ұзақ жұмыс жүйесі. 77 жылдық тарихы бар кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлесін қосып келеді. Кәсіпорын аудан өміріндегі әртүрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып отырады. Елді-мекендерді көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына да өзіндік үлесін қосып, әр түрлі демеушілік, қайырымдылық шаралардан кеншілер ұжымы сырт қалған емес. Аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде ірі өндіріс орны «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешенінің мерейлі мерекесі аталып өтті. Салтанатты кешке аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Аманов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі М.Пірімбек және кәсіпорын қызметкерлері мен жастар қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Аманов тау- кен өңдеу кешенінің ауданымыз үшін маңызды орын алатынын жеткізіп, сала мамандары мен ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Шара барысында өндіріс саласының дамуына өзіндік үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтар аудан әкімінің, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, кешен басшылары құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорында еңбек етіп жүрген кеншілерге салалық төсбелгілер, куәліктер, мақтау қағаздар мен заттай және ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Кеште аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән салса, кәсіпорын жастарының арасында «Көңілділер мен тапқырлар клубы» ұйымдастырылды. Сайыс қорытындысы бойынша «Ұсақтау-сұрыптау фабрикасы» жастарының командасы 1 — орынды, Қаратау қаласынан келген «Шолақтау» командасы 2 — орынды, «Орталық байыту фабрикасы» жастарының командасы 3 — орынды жеңіп алды. «Көксу» кенішінің жас-тары ынталандыру орындарын иеленді. Сайыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»