Әр нөмірді жібермей оқитын ҚАЛАМГЕР
Жаңалықтардың жаршысы — аудандық «Sarysỳ» газетінің әр беті ашыла түсіп, алуан түрлі ақпараттар мен маңызды кеңестер жүйелі түрде жарияланып келеді. Әр нөмірі қызықты мәліметтерге толы, тілі жатық, оқырманға оқуға оңай. Аудан тарихымен бірге жасасып, шежіре толқынында талай дарынды журналистер мен қарымды қаламгерлердің шығармашылығының шыңдалуына зор үлес қосқан төлбасылымның аудан жұртшылығы үшін салмағы мол. Тартымды әңгімелер мен мерейлі мерекелердің тынысы, сүйінші хабарлар мен өзекті мәселелерді дөп түсіп жеткізу тілшілер үшін аса жауапты жұмыс. Оймақтай ой салып, тағылымды дүниелерді жариялау тұрақты түрде іске асып жүр. Оқырмандардың да сұранысы мен талап-тілектері назардан тыс қалған емес. Оқырмандар тарапынан да ыстық ықыласын алып, жоғары бағаға қол жеткізген басылымның аудан жұртшылығы үшін маңызы зор. Жазушы, ауданымыздың Құрметті азаматы- Пернебай Дүйсенбин осы орайда газетке деген ізгі тілегін жеткізіп, барша тұрғындарды газетке жазылуға шақырады.
— Аудандық төл басылымның, — деді қаламгер — әр тұрғын үшін маңызы зор. Аптасына екі рет шығатын газетте мәліметтер лезде ұсынылып, халыққа уақытылы таралады. Ақпараттар толық сараланып, зерттеліп, аса жауапкершілікпен шығады. Бүгінде басылымның әр беті түрленіп, жаңаша күйге еніп жатыр. Қызықты әңгімелер, балаларға арналған базарлықтармен қатар, ой салар мәселелер тұрақты түрде жарияланып келеді. Сондықтан мен сүйікті газетімнің әр нөмірін қалт жібермей оқимын. Жартыжылдыққа жазылу науқаны кезінде барша тұрғындарды газетімізге жазылуға шақырамын. Ел тынысынан хабардар болу үшін де жазылымда аса белсенділік қажет. Газеттің бағасы да қолжетімді. Қымбатшылық жайлаған заманда газеттің бағасы шарықтамады. Оқырмандар үшін бұл дұрыс қадам деп ойлаймын, — деді.
Ендеше, ауданымыздың құрметті қариясы жоғары баға берген газеттің шын жанашыры болайық, құрметті оқырман!