ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУҒА ШАҚЫРАМЫЗ

0

«Желідегі жел сөзден, газеттегі ел сөзі артық» деп жұртшылық тегін айтпаған. Аудан, ауыл тұрғындары ғасырлық тарихы бар газетімізге  жазылым уақытында бір кісідей атсалысып келеді .

Қазіргі уақытта интернет, гаджет, ұялы телефоннан бәрін оқимыз десек те мерзімді басылымдардың орны бөлек. Себебі шалғай ауылдардағы жағымды жаңалықтарды оқырман назарына ұсынып келеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бас­талатын мақаласын «…адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа да газет соншалықты керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деп түйіндейді. Осыдан-ақ қоғамның тыныс-тіршілігінде мерзімді басылымның алатын орны ерекше екенін ұғынуға болады.

Сондай-ақ газетте дін, тарих, медицина, Жалынды жастар, спорт, әдеби бағытындағы рубрикалар да жақсы жолға қойылған. Аудандық «Sarysý» газетіне 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылу науқаны басталғалы бері бірқатар мекемелер белсенділік танытып, ұжым болып түгел жазылса, кейбір мекемелерде бұл науқанға атсалысу баяу түрде жүзеге асырылып келеді. Халық пен биліктің арасында дәнекер болып тұрған төл басылымға жанашырлықпен қатар үлкен қолдау қажет. Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлармен бөлісетін газет осы уақытқа дейін халықтың сенімінің үдерісінен шығып келеді. Әлеуметтен оң бағасын алып, шабыттың шалқар шыңына шығып жатқан төл басылымға жазылуда белсенділік көрсетіп жүрген жеке кәсіпкер А.Қарабалаева тұрғындарды жазылымға шақырады: — Жазылым басталғалы бері дүкендегі ұжымымызбен бірге түгел жазылуды қолға алдық. Сүйікті басылымымыздың бәсі қашан да биік қой. Мұнда пайдалы ақпараттар мен маңызды хабарлар, көкейкесті мәселелер мен  мағыналы әңгімелер тұрақты түрде жарияланып келеді. Кейде әлеуметтік желілерде фейк мәліметтер шығып, жұрт соған сеніп қалып жатады. Бұл өте қауіпті дүние. Ал газетке ақпараттар тек шынайы түрде боямасыз беріледі. Ресми мәліметке сүйеніп, материалдарды саралап сүзгіден өткізетін басылымның әр нөмірі маңызды. Сондықтан, төл басылымға жазылуда құр қалмай, белсенділік танытайық, — деді. Айта кетейік, жеке кәсіпкер өз қаражатынан дүкендегі қызметкерлерін газетке жазылуына ықпал етті. Ендеше, сен де жазылымнан кеш қалма, оқырман!

Leave A Reply

Your email address will not be published.