БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

0

Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, шабыттың шыңында самғап келе жатқан дарынды жастарымыз қыр гүліндей жайнап, өсіп келеді. Ізденіс пен биік талғамның арқасында талай бәйгелерде жүлделі орындарды иеленіп жүрген ақындардың бірі —

Назерке Айнабекова.

«Наз ақын» деп аталып кеткен Назерке бірнеше дүркін аудандық, облыстық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы атанып, ауданымызды көкке көтеріп жүр. Жуырда тарихтан орын алатын төбе биіміз — Төле бидің туғанына 360 жыл толуына орай, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыр арнадым еліме» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Оған Сарысу, Меркі, Қордай, Шу аудандарынан және Тараз қаласынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен ақындар Төле би Әлібекұлына арнауын төгілтіп, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлендерін оқыды.

Ақындар мүшәйрасында кіл жүйріктен кім жүйрікті сараптар сәтте әділқазы алқасы ақындардың қиыннан қиыстыра білуіне, өлеңін бөтен сөзбен былғамауына, ұйқаспен өрілуіне, көркем сөздерді қолдануына, тарихтан тамыр тартуына жіті мән беріп, бағалады. Байқау нәтижесі бойынша жүлделі III -орынды Меркі ауданынан келген Мадияр Ақпенов, II -орынды қордайлық ақын Әділет Кұттыбай, І -орынды шулық ақын қыз Күнсұлу Тәжен алды. Ал, бас жүлдені ауданымыздың ақын қызы Назерке Айнабекова иеленді. Ақындарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бас жүлдені иеленіп, мәртебені асқақтатқан Назеркеге жазарың таусылмасын деген тілек білдіреміз.

Адал қоғам-адал ұрпақ

Қоғамда жұмыспен бірге деннің саулығын қатар ұстау маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Қызмет пен міндетті мүлтіксіз атқарып, биіктерді бағындырып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстары қашан да қауырт. Оймен алысып, бойды сергітудің сенімді қадамы — спорт болып саналады.

Осы орайда, апта ішінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудандық Спорт кешенінде «Адал қоғам — адал ұрпақ» атты мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада өткізілді. Спартакиадаға спортты жанына серік еткен қызметкерлер қатысып, бақтарын сынады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» директоры А.Ниязов қоғамда адалдықтың маңыздылығына тоқтала келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа қала мен ауылдық округтерден 5 команда спорттың 5 түрінен сынға түсті. Тартысты өткен шара нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды Жаңатас қаласының әкімі аппараты командасы жеңіп, үздік деп танылса, екінші орынды аудандық полиция бөлімінің командасы иеленді. Жүлделі үшінші орынды Жайылма ауылдық округі әкімі аппаратының командасы місе тұтты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен медальдар тапсырылды.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Шоқай датқа атындағы орта мектебінде тоғызқұмалақтан Жазушы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына  орай 5-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған облыстық турнир өтті. Турнирге  облысымыздағы жеті ауданнан оқушылар қатысты.

Турнирдің ашылуында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік    дене  шынықтыру» орталығының директоры Аманғали Жартыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирдің бас төрешісі, тоғызқұмалақтан спорт шебері, Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Иманалиева Айжан турнир бағдарламасымен таныстырып өтті.  Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша Меркі ауданы 1- орын, Қордай ауданы 2- орын, Байзақ ауданы 3- орын, Сарысу ауданы 4- орын иеленді. Шоқай датқа атындағы орта мектебінің оқушылары жоғары деңгейдегі дайындықпен қатысты. Амангелді Сұлтан, Амангелді Аяулым 1- орынды жеңіп алса, Пернебай Нұрсұлу, Арғара Анель, Мұсаахмет Ақбота, Мұратұлы Бақдәулет 3- орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан  диплом, медальдармен  марапатталды.

Ғ. Бекбергенов,

 Шоқай датқа атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Бала тәрбиесі-ұлт тәрбиесі

Қазақ халқы «Тәрбие басы-тал бесік» деп бекер айтпаған болар. Қазіргі жаһандану заманында цифрлық технологияның дамуы-заманауи қажеттілік. Осы қажеттілікті игере отырып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қатар алып жүру-басты міндет. Қашанда қазақ бала тәрбиесін басқадан биік қойғаны белгілі. Әр бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап ананың аялы алақаны мен әкенің қамқор мейірімін сезінеді. Бесік жырымен сусындап, тәлім-тәрбиенің ананың әлдиінен бойына сіңіріп өседі.

Бала тәрбиесі-баршаның ісі. Әрбір ата-ана өз баласының білімді, үлгілі болғанын қалайды. «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп көрнекті педагог, ақын  Мағжан Жұмабаев жоғары баға берген. Бала тәрбиесіне отбасының  іс-әрекеттері бірлікте   үйлесімді  болуы зор ықпал етеді. Жақсы ой, әдепті сөз айтылса, жүрекпен қабылдап өскен ұрпақ саналы тәрбиені бойына қалыптастырады. Әрі қарай отбасында берілген тәрбиенің негізі қоғам мен мектепте берілетін тәрбиемен ұштастырылуы арқылы жалғасын табады. «Қоғам-Отбасы-Мектеп» бірлігінің негізі-тәрбиенің мызғымас іргетасы деп білемін. Мектептегі бала тәрбиесі үшін жүргізілетін іс-шаралардың маңызы ерекше. Осы айтылған ойды ұлы ақын Абайдың «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп нақылымен түйіндеуге болады.

Әрбір ата-ана «Сөзіңмен мазалама, ісіңмен көрсет», «Жүз рет айтқаннан бір рет көрсеткен артық», «Сөзден бір өнеге артық» деген даналық сөздерді ескергені дұрыс. Халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Не ексең, соны орасың», «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деген тәрбиелі сөздері көп нәрсені аңғартады.

Өмірдің өзі балаларымызды тәрбиелеу ісіне баршамыздың жұмыла кірісуіміздің қажет екендігін көрсетуде. Балаға тәрбие үздіксіз жүргізілуі тиіс. Бұл біртұтас тәрбие екендігін көрсетеді.

 М.Алтынбекқызы, Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектептің

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.