Қарманған ҚАРАП ҚАЛМАЙДЫ
Даму мен жаңарудың алдында тұрған еліміз жаңа өркениеттің алаңында терезесі тең, керегесі кең болып кемел келешекке жол ашып жатыр. Үкілеген үмітті ақтауда Үкімет әлеуетке жан-жақтан бағыт-бағдар беріп, түрлі бағдарламаларды жаңаша леппен ұсынып келеді. Бүгінде әр азамат қалаған шаруасымен айналысып, сүйікті ісін жүзеге асыруға емін-еркін кірісе алады.
Осы орайда, шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз грант қаражатын 73 адамға беру жоспарланған, қаралған қаржы 100 740,0 мың теңге ( 1 адамға 400 АЕК-ке дейін – 1380,0 мың теңге). Бастау бизнес кәсіпкерлік курсына 265 адамды оқыту жоспарланып, бүгінгі таңда 353 адам тартылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар (бұдан әрі-гранттар) халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне дейін беріледі, оларға мыналар жатады:
1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) және (немесе) оның жұбайы (зайыбы);
3) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
4) қоныс аударушылар;
5) қандастар;
6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
7) мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы).
Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі және де Бастау Бизнес деген сертификаты болуы қажет.
Мансап орталығынан қызметкерлері тарапынан грант және несие бойынша азаматтарға толықтай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі .
Сонымен қатар, орталықтың өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында business.enbek.kz порталымен жұмыс жасауға жәрдемдесіп сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы 3 лекпен 463 адамдан өтініш түсті. 1-ші лек бойынша грант қаражатын алу үшін 156 өтінімдер 2023 жылдың 20 ақпан- 3 наурыз күндері аралығында қабылданды, 16-17 наурыз күндері өткен комиссия отырысының шешімі негізінде жоспарға сәйкес 25 адамға грант қаражаты берілді, игерілген қаржы 34 500,0 мың теңге. Грант қаражатын алғандар ішінен мал шаруашылығы 10 жоба, құс өсіру -1,инвентарь 14 ( кілем жуу, сұлулық салоны, биогумус және т.б) жобалары бар. 2- ші лек бойынша өтінімдер 2023 жылдың 15-26 мамыр аралығында 189 адамнан қабылданды, 1-2 маусым күндері өткен комиссия отырысының шешімі негізінде грант беру жоспарына сәйкес 18 адам грант қаражатын алды, игерілген қаржы 34 500,0 мың теңге. Грант алғандар ішінен мал шаруашылығы 11 – құс өсіру – 1 және инвентарь — 6. 3- ші лек бойынша өтінімдер 11-22 қыркүйек аралығында 118 адамнан қабылданды, 28 қыркүйек өткен комиссия отырысының шешімі негізінде жоспарға сәйкес 30 адам грант қаражатын алды. Әлеуметтік санаттары бойынша бөлсек көп балалы – 38, мүгедектігі барлар – 20, мүгедек бала тәрбиелеуші – 8, аз қамтылғандар – 5 және асыраушысынан айырылғандар-2. Бүгінгі күнде грант жоспары орындалып, қаралған қаржы толығымен игерілді. Грант қаражатын алып оның нысаналы пайдаланғаны туралы, бағдарлама қатысушы электронды портал арқылы өз кабинетіне тиісті құжаттарды тіркеу арқылы растайды. 2023-2025 жылдарға арналған жастарға берілетін 2.5 % — бен жеңілдетілген микрокредит Жамбыл облысында 347 адамға 1 млрд 735 млн теңге қаржы қаралды, оның ішінде Сарысу ауданы бойынша 14 азаматқа 70 млн теңге қаржы көлемінде микрокредит беру жоспарланған. Бүгінгі күнге 29 азамат жолдама беріліп, оның ішінен 24 адам комиссиядан оң шешімін алып 21 азамат несие қаражатын 94 400,0 мың теңгені алды. Биылдың өзінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз грант қаражатын алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар.
Солардың бірі — Жаңатас қаласының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азаматша Ляйла Утегалиева. Ол мемлекеттік қолдауға ие болып, қайтарымсыз грант алып, шағын тігін цехын ашты. Өз сөзінде:
— Мен осы уақытқа дейін жұмыссыз болдым. Өзімнің қолымнан келетін осы сүйікті ісімді кәсіпке айналдыру мақсатында «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін оқыдым. Бизнес-жоспар әзірлеп, сертификат алдым. Тігін тігу туралы жобамды сәтті қорғап, осы жылдың көктемінде 400 АЕК мөлшерінде (1380000 теңге) қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Грант қаражатына тігін машинасын, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Қазір киімдерді қайта жөндеумен айналысамын, — деді кәсіпкер.
Кәсібінен нәсібін тауып, пайдасын көріп отырған Ляйла Лесбекқызы алдағы уақытта тұрғындардан түскен сұранысқа қарай кәсібінің аясын кеңейтіп, өзге де тігін тігу жұмыстарымен айналысуды көздеп отыр.
С.ТОҚБАНОВ, «Sarysý»