ҚАРАУСЫЗ МАЛ АПАТҚА ҰРЫНДЫРАДЫ
«Мал баққанға бітеді». Расында, осы аталы сөздің парқына мән беріп, қолындағы ірі қараның қам-қарекетіне терең бойлап жатқан ағайындар жоқ секілді. Таң атысымен ірілі-уақты малын қорадан шығарып қоя беретін кержалқаулардың ойсыздығынан көпшілік зәрезап күй кешіп жүр.
Қаланың қай көшесіне түссеңіз де көретін көрініс бір. Жасыл желекті жапыра күйсеп тұрған мүйізді ірі қараның адамнан үркер түрі жоқ. Көше көгерсін деп еккен көшеттен тұқыл да қалмайды. Қайран еңбек еш кеткеніне кім болса да ашуға мінері сөзсіз.
Қараусыз жүрген төрт түлікке әкімшілік айыппұл салу қарастырылады. Алайда, сол шарадан айылын жинап жатқан жұрт жоқ. Иесіз жүрген көптеген сиырларда таңбаланған сырғалар жоғы да істі ушықтырады. Мал сатып алмас бұрын, қора-қопсы, жем-шөбін қамдап, әлеуетіне сай бақса дейміз. Жол бойы жосып жүрген төрт аяқтының сұрауы бар ма?
Көрші Түркістан облысында мал ұстау мәдениеті адам қызығарлық. «Біреуге пайдаң тимесе тимесін, тек зияның тимесін» деген ұстанымға берік секілді. Бір ғана мысал келтірсем, біреудің баптап отырған егініне ауыз салған малдың иесіне айтарлықтай шара көріледі. Егіншінің бір жылда табатын табысын өндіріп беретін болғандықтан, төрт түлігін көзден таса етпейді. Бұл тұсын бізде үлгі етсек қайтеді?
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК дейін айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айқын көрсетілген. Жалпақ тілмен айтсақ, 8334 теңгеден бастап, 27780 теңге көлемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін.
Мал егелері қараусыз жіберген малдары адам өміріне қауіп төндіруде. Көшеде, иесіз жүрген мал жол қозғалысына кедергі келтіруде кейде жол апатына алып келіп жатыр. Саябақта немесе аулада жүрген балалар қызық көріп қасына барса теуіп, сүзіп адам өміріне қауіп төндіруде.
Қаланың көркеюіне басты кедергі болып тұрған жағдайға көп болып ықпалды шара қолдану керек. Әлде, мал баққан деген осы екен деп, жүгенсіз жүре береміз бе?
Ұ.Сәлімова,
Жаңатас қаласы әкімі аппараты коммуналдық бөлімінің бас маманы
Тїсіндіру жўмыстарын жїргізді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залыда аудан әкімінің орынбасары Қ.Серимовтің төрағалығымен медициналық көмектің қолжетімділігі, сапасы, қаржыландыру және тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі
бойынша кездесу өтті.
Жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Дәурен Бурханов, қала, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, мекеме қызметкерлері қатысты.
Басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Д.Бурханов сөз алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі бойынша хабарлама жасап түсіндіріп берді. Сонымен қатар жиынға қатысушылар тарапынан хабарламашыларға сұрақтар қойылды.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»
ауыз су мәселесі өз шешімін табуда
Таза ауыз су мәселесі республикамызда ғана емес, әлемдегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған міндет – 2025 жылға дейін қала мен барлық елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету.
Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары бүгінде аудан бойынша биылғы жылы Сау-дакент, Тоғызкент, Ақтоғай, Үшбас және Шағалалы ауылдарында сумен қамтамасыз ету құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылу үстінде. Ендігі жерде ауыл тұрғындары өз шекарасына дейін жеткізілген су құбырын, үйге кіргізу немесе аулаға орнату жұмыстарын атқаруы тиіс. Сарысу сулары мекемесі тарапынан үйге кіргізу бойынша елдімекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылдың 25 қазанында Шағалалы ауылының тұрғындарына суды үйге тарту мәселесі жөнінде түсіндірілді. Яғни ауылда су қоймасы құрылысында жүрген трактормен келісім жасалып, әр метрді қазып-көмуді 700 теңгеден атқарып беретіні жеткізілді. Ал қазылған жерге құбырды салып, жалғау жұмыстарын Сарысу сулары мекемесі өз міндетіне алып отыр. Ендігі жерде жергілікті әкімдік тарапынан тұрғындармен жұмыс жүргізіп, ақшаларын дер кезінде дайындау қажет. Себебі су қоймасында жүрген трактор жұмыстарын бітіргеннен кейін, Тараз қаласына қайтады.
Үшбас ауылы бойынша 2023 жылдың 27 қазанында тұрғындармен жиын өткізілді. Үшбас ауылындағы мердігерде трактор жоқ болуына байланысты, тұрғындар тарапынан трактормен қазып кіргіземіз деген ниет білдірілген жағдайда, ауылға трактор жеткіземіз. Бұл жөнінде тұрғындарға түсіндірілді. Ендігі жерде ауыл әкімдігі тарапынан трактормен жұмыстарды атқаруға ниетті тұрғындардың тізімі жасақталса, техника жеткізілетін болады.
Ақтоғай ауылының тұрғындары бұрынғы ескі су құбырына қосылған, қазіргі таңда суды пайдалануда. Тұрғындар тарапынан жаңадан салынған су құбырымен су берілгеннен кейін, жаңа құбырға өзіміз қосып аламыз деп жеткізілуде.
Тоғызкент ауылында ескі су құбырын пайдалануда, үйге су кіргізу туралы мәселе көтерілгенде, тұрғындар жаңа су құбырымен су берілсе, жаңа су құбырын өзіміздің аулаға кіріп тұрған құбырға қосамыз деуде.
Саудакент ауылы бойынша Сарысу сулары тарапынан тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Трактормен қазып суды кіргіземіз дегендерге трактор осы ауылда болады.
Иә, Су-тіршіліктің қайнар көзі. Онсыз тірі жанның тіршілік етуі екіталай. Оның ішінде таза ауыз судың адам өмірінде орны айрықша. Иә, бұны барлығымыз жақсы білеміз. Дегенмен, еліміздің кейбір жерлерінде ауыз суға жарымай отырған жандар жетерлік.
Ауданда ауыз су мәселесі өз шешімін тапқан. Өйткені, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аудан басшылығының күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелерінің бірі.
«Sarysý-Aqparat»